[:kz]
Бүгін Жамбыл облысы Қордай ауданының «Гвардейск» оқу-жаттығу полигонының базасында «Халықаралық Армия ойындары – 2016» әскери жарыстары басталады. Жауынгерлік сайыстардың 23 түрінен болатын әскери ойындар олимпиадасының екеуі – «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» байқаулары Қазақстан аумағында өткізіледі.
Кеше ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, Қарулы күштердің жалпы ахуалымен таныстырды, алдағы уақытта атқарылатын ведомствоның жоспарларынан хабардар етті. Бұған дейін жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарып, халықтың алдында жүрген Иманғали Нұрғалиұлы біраз уақыт журналистер қауымымен кездеспеген себебін айтып кетті.
– Біз сіздермен жиі кездесе бермейміз. Оның себебі бар – қазіргі мен басқарып отырған ведомствоның тым ашық болуы тиіс емес, алайда жабық та болмауы керек. Бұл арнайы мамандандырылған мекеме. Бүгін мен Қарулы Күштер қызметінің кейбір тұстарымен ғана таныстырып өткім келеді. Қазіргі кезде әлемде жағдай шиеленісіп тұр, қауіптердің аумағы кеңейіп келеді, көптеген елдерге діни экстремизм, террористік құрылымдар, бақыланбайтын миграция сияқты нәрселер көптеген елдердің тұрақтылығына қауіп төндіруде. Сондықтан қарулы қақтығыстардың да түрлері өзгерді. Бүгінде бір ел екінші елге соғыс жариялап жатқан жоқ, соған қарамастан қарулы қақтығыстар көбеюде. Осы өзгерістерді есепке ала отырып әскери доктринаны құру жөнінде Президент тапсырма берді. Соған байланысты жаңа әскери доктрина жасалып жатыр, онда қазіргі жағдайлар кезінде еліміздің қауіпсіздігі, астыртын келген жауларға лайықты тойтарыс беру, елдің аумақтық қауіпсіздігі, ақпараттық, кибер қауіпсіздік, әуе-ғарыштық қорғанысты дамыту сияқты бағыттар қарастырылған. Бұл тек негізгі бағыттар, — деп ведомстводағы негізгі өзгерістерден бастады сөзін Қорғаныс министрі.
Соңғы екі жылдың ішінде Қарулы күштердегі жауынгерлік дайындықтың сапасы біршама алға жылжыған. Мысалы, жауынгерлік техниканы ату, 12жүргізу 15 пайызға, жауынгерлік жорықтар 12, әуе-десант дайындықтары 17 пайызға, авиацияның ұшуы, соның ішінде түнгі мезгілдердегі атыс жаттығулары 15 пайызға, жауынгерлік кемелердің жорықтары 17 пайызға артты. Сонымен қатар таулы және қалалық жерлердегі ұрыс тәсілдеріне көңіл бөлінуде. Әртүрлі масштабтағы жаттығулардың саны өсті, былтардан бері бір жарым жылдың ішінде ауқымы кең 101 жаттығулар өткізілген. Былтырғы жылы Қазақстан Қарулы күштері «Ынтымақтастық жауынгері», «Алтын үкі», «Авиадартс», «Танк биатлоны», «Каспий кубогы» сияқты ірі халықаралық жеті жаттығуларға қатысты. Бұл жарыстарда қазақстандық жауынгерлер кәсіби шеберліктерін көрсете білді, жүлделі орындарға ие болды. Қорғаныс министрі алда өтетін «Халықаралық Армия ойындары-2016» сайыстарында қазақстандық жауынгерлер тағы да биіктен көрінетініне сенімді.
Қарулы күштер қазір ең жаңа, заманауи, мықты қарулармен жабдықталып жатыр. Бүгінде бізде С-300 зениттік кешеннің 10-ы бар екені ешкімге құпия емес. Бұл көп елдерде жоқ, әуе шабуылына қарсы қолданылатын өте жойқын қару. Бұл қаруды Ресей Иранға сатқан кезде АҚШ пен Израиль қатты наразылық танытқан болатын. Өткен жылы біздің Қарулы күштер жаңа Су-30 жойғыш ұшақтарға ие болды. Биыл осындай ұшақтардың тағы екеуі келмек. Одан басқа СИ 295 ауыр жүк ұшақтарымен, Ми171ш тікұшақтарымен толықтырылды. Бұдан басқа да әскери құрал-жабдықтар жеткізілуде. Біраз жылдан бері «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» ашық акционерлiк қоғамы Қорғаныс министрлігінің тапсырмасымен броньды техникалар, жауынгерлік кемелерді жасап жатыр. Канадалық технологиямен патрон шығаратын зауыт іске қосылды. Бұл зауыт жылына әртүрлі калибрдегі 30 миллион патрон шығарады, ал экспортқа шығаратындай жағдайда оның санын 100 млнға дейін жеткізуге болады. Жаттығу кездерінде жылына 15 млн патрон пайдаланылады екен. Осы уақытқа дейін жаттығуларда ататын КСРО кезінен қалған 1,5 млрд патрондар пайдаланылып келді. Бірақ уақыт өткен сайын олардың сапасы нашарлап, іске жарамай қалады. Әртүрлі оптикалық құралдар, пилотсыз ұшатын аппараттар да өзімізде жасалып жатыр.
Қорғаныс минстрі алдағы уақытта әскери мамандарды дайындауға мүдделі болып отырғанын айтты. Офицерлер дайындайтын жоғарғы оқу орындарындағы оқу жүйесін өзгертіп, қазіргі кезде пайдаланылатын электронды техникаларға бейімдеу керек. Мысалы, логика пәнін әскери қызметкерлер міндетті түрде оқуы тиіс. Ол үшін әскери білім беретін оқу жүйесін қайта жасауға тура келеді. Ведомство жергілікті жерлерде әскери мамандықтарды дайындайтын алты айлық оқу орындарын ашу туралы ұсыныспен шыққан екен, әзірге ол қолдау тапқан жоқ.
Қазір Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатыр. Бүгінгі күні Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй қажет. Ведомство жалпы елдегі барлық гарнизондарда 2,5 млн шаршы метр баспанаға қол жеткізу жоспарылап отыр. Әскери қызметкерлердің көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Оларға пәтерге төленетін ақша қосымша беріледі. Алдағы екі-үш жылда Қорғаныс министрлігі екінші деңгейдегі банктерден несие алып әскери қызметкерлерге арналған үйлер салатын болады. Ал жалға алған пәтерлерге бөлінетін қаржы несиені жабуға жұмсалады деп жоспарлануда. Бұл пәтерлертек әскери қызметте жүргендерге ғана уақытша беріледі, басқа жаққа ауысқанда осындай ведомстволық пәтерге көшіп барады. Ал зейнеткерлікке шыққанда әскери қызметкер тұрақты баспанаға қол жеткізудің де амалдары қарастырылып жатыр. Ведомство бұл туралы үкіметке ұсыныс жасаған екен, әлі талқыланып жатқан көрінеді.
БАҚ өкілдерімен кездескеннен кейін Иманғали Тасмағамбетов «Гвардейск» әскери полигонында бүгін бастау алатын Халықаралық армия ойындарының ашылуына қатысу үшін арнайы келе жатқан Ресей федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгуді қарсы алуға кетті.
[:]