АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ЖАҢА МОДЕЛДЕРІ

????????????

Кеше Алматыда Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделдері» атты семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске Алматы қаласының барлық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Семинар кеңестің  мақсаты – «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдаудың төменгі лауазымдардан басталуы, қызметшілердің жалақысын қызметінің нәтижесіне қарай төлеу,   қызметшілердің жүйелі түрде сапалық жағынан өсуі,  кадр құрамын сапа жағынан жақсарту,  меритократия қағидасын енгізу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту  мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекел,  мониторинг мәселелерін кеңінен насихаттау мен талқылау.   Жаңа заң арқылы, қоғамда  жемқорлықты жою, болдырмау, халықтың құқықтық мәдениетін, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруға бағыттау. 

Жиынды  Департамент басшысы  Бақтияр Камалов алғы сөзбен ашты. Семинар кеңестің   жұмыстары 2 сессияда жүргізіледі. Бірінші сессия бойынша Департамент басшысы, модератор Бақтияр Камалов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңы мен «кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселелері жөніндегі» тақырыпта баяндама жасап, Мемлекеттік қызметтің жаңа моделдері аясындағы жаңадан енгізілген өзгерістермен таныстырды. Биылғы жылдың басынан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдағы ең басты жаңалық – мемлекеттік қызмет карьерлік моделге көшеді.

– Барлығымызға белгілі қазіргі уақытта қоғамда, халық арасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің «100 нақты қадамын» іске асыру мәселелері қызу талқылануда. Солардың ішінде бірінші 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталған. Бұл үшін жетілдірілген таңдау әдістемелерді енгізу және кәсіби даярлық, меритократия қағидатын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту арқылы мемлекеттік қызметтің сапалы кадр құрамын жақсарту көзделген. Мемлекеттік қызметтің карьерлік моделі бойынша жоғары лауазымға мемлекеттік қызметтен тыс жақтан іс жүзінде мүмкін емес. Мемлекеттік қызметке тек қатардағы лауазымдарға ғана қабылданады, әрі қарай қызметін жоғарылату, карьерлік өсу тек карьерлік саты бойынша кезекпен өтеді. Мұндай модельді енгізу мынандай механизмдер бойынша жүзеге асырылады: 1.Кадрлық институттың «Б» резерв корпусы қысқартылды. 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін резервке кірген тұлғалар 2016 жылдың аяғына дейін конкурсқа түспей-ақ «Б» корпусындағы лауазымдарға тағайындалады. 2. Ауыстыру инститы шектелді. Қызмет орынын ауыстыру тек — көмекшілер, кеңесшілер, баспасөз хатшыларына,  «А»  санатына жататын (Президент Әкімшілігі) және «В» санатындағы (Премьер-Министрдің кеңсесі, Парламент палаталарының, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, Есеп комитеті, Президент іс басқару аппараттары) меморгандарға ғана болады, — деді Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы  Бақтияр Камалов.

Екінші сессия бойынша модератор, Мемлекеттiк қызметшiлерді даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнінде аумақтық орталықтың директоры Әбікен Тоқтыбеков «Мемлекеттік қызметтердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың жолдары» атты тақырыптарда  баяндама жасады. Семинар-кеңеске жиналғандар жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы»,   «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдардың өзекті мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.

Қазіргі уақытта Департамент тарапынан жаңа қабылданған заңдарды жұртшылыққа  кеңінен түсіндіру, құқықтық насихаттау мен жекелей талқылауға бағытталған  іс-шаралар  мемлекеттік органдарда, Үкіметтік емес ұйымдарда, білім, денсаулық сақтау және өндірістік мекемелерде  кеңінен өткізілуде.