АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.САРБАЗДАР СЫННАН ӨТІП ЖАТЫР

????????????????????????????????????

Қарулы күштердің қай саласы болмасын кез келген уақытта ұрысқа әзір тұруы шарт. Қапы қалған жауға жем болады. Әрбір сарбаздың жеке дайындығы, әскери бөлімдердің жауынгерлік деңгейі жорық кезінде немесе сынақ алу барысында ғана анықталады. Жаттығу кездерінде оларға нақты баға беру қиын, өйткені полигондардағы жаттығуларда олар соғыс тәсілдеріне үйренеді, ал ол сынаққа жатпайды. Сол үшін соңғы жылдары Қазақстан Қарулы күштерінің Құрлықтағы әскерлер қолбасшылығы жауынгерлерінің нақты шайқасқа қаншалықты дайындығын анықтайтын экспресс-тест өткізетін болды. Қолбасшылықтың бұл сайыстарды өткізудегі мақсаты барлық жағынан дайындығы жақсы, ең мықты жауынгерлік бөлім анықтау ғана емес, сондай-ақ жауынгерлік дайындықты жаңа сападағы әдіс-тәсілдермен ұйымдастыру болып табылады.

Қазіргі кезде Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында Қазақстанның әр өңірінде орналасқан Құрлық әскерлері бөлімдері арасынан кездейсоқ әдіспен таңдап алынған взводтардың құрамындағы 500-ге тарта сарбаздар экспресс-тестен өтіп жатыр. Жауынгерлік сайысқа қатысу үшін барлық өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінен «Мәтібұлаққа» минаатқыш батареялары, мотоатқыш, танкті және десанттық-шабуылдау взводтары, Әуе шабыулдарына қарсы қорғаныс батареялары, байланысшылар мен инженерлердің бөлімшелері жиналды.  Оған Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі  орынбасары генерал-майор Әмір Халықов басшылық жасап, жаттығу алаңдарындағы жауынгерлік сынақтардан өтіп жатқан командалардың қимылдарына баға беруде.

????????????????????????????????????

Жауынгерлік сайыстарға республика бойынша «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдері және Аэроұтқыр әскерлерінің жиырмадан астам командалары қатысуда. Экпресс-тестке қандай бөлімдер қатысатынын, қандай түрінен болатынын алдын ала ешкім білмейді, сондықтан бүкіл әскер оған дайындалады. Сынаққа бір апта қалғанда оған қандай бөлімдер қатысатынын белгілі болады. Олар. Таңдау түскен бөлімшелер сол күні жолға шығады да, осында келіп бірден экспресс-тесті тапсыруға кіріседі. Қазір сынақ аяқталып қалды, үш күннен кейін мәреге жетеді. Жалпы алғанда жауынгерлердің көрсеткіштері жаман емес. Ондаған шақырымға жайылған «Мәтібұлақ» полигонының бір бұрышында Аягөз қаласынан келген взвод танктен нысана көздеп жатыр. Жаңа ғана атыс шебінен келген оңтүстікқазақстандық 35748 әскери бөлімнің взвод командирі аға лейтенант Әбдуәлі Акбарәлиұлы қарамағындағы танктер нысанаға дөп тигізіп, жақсы көрсеткішке ие болғанын қуана жеткізді. Взвод өткен жылғы сайыста да үздік шығыпты. «Осындай сайыстарда жауынгерлік дайындығымызды, тәжірибемізді көрсете отырып, еліміздің оңтүстік аймағын сенімді қорғайтынымызды білдіргіміз келеді» дейді Әбдуәлі. Атыс позициясынан енді шыққан Аягөздік 10810 әскери бөлімінің сержанты Марат Түсіпов барлық нысананы жойғанын мәлімдеді. Оның экипажы Ресейде өтетін танк биатлонына үш жыл қатарынан қатысқан еліміздегі бетке ұстар үздік экипажы саналады екен.

  

????????????????????????????????????

       Әскери сайыстарды өткізу жыл басында жасалатын жауынгерлік дайындық шаралардың жоспарына кірген, сондықтан оған әскери қызметкерлер жыл бойы дайындалады. Жыл бойы оқу-жаттығу деңгейін анықтайтын  сынақтың бұл түрін жауынгерлердің өздері «экспресс-тест» деп атайды. Экспресс-тесті Құрлықтағы әскерлердің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев бұдан бес-алты жыл бұрын енгізген, содан бері жыл сайын жыл сайын әскери бөлімдер арасында жауынгерлік сайыстар өткізіліп тұрады. Бұл шара жарыс түрінде ғана емес, жауынгерлерді ширатып, ұрыс кезінде болатын әртүрлі жағдайларға бейімделуіне, тәжірибе жинақтауға ықпал етеді. Сайыс барысында олардың қару түрлерін, әскери техникаларды меңгеруі ғана емес, әрбір жарысқа қатысушының қимылына, физикалық дене мықтылығына, шыдамдылығына да баға беріледі. Өзінің нағыз жауынгер екенін осы сайыстарда әрбір сарбаз дәлелдеуі тиіс. Жауынгерлік сайыстар өткізілген соң оның нәтижелеріне терең сараптамалар жасалады, оның қорытындылары Құрлықтағы әскерлердің жауынгерлік дайындық жүйесін әрі қарай жетілдіру бойынша жасалатын басты шешімдердің негізі болады. Сайысқа қатысқан әрбір взводтың көрсеткішіне қарап сол әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығына баға беріледі.

         Полигондағы мотоатқыштар, танкішілер, десантшылар, теңіз жаяу әскерлері, артиллерияшылар, гранатаатқыштар, байланысшылар, инженерлер, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің жауынгерлері өз взводының, бригадасының, өңірлік қолбасшылығының жеңісіне үлестерін қосуға көмектесетін ұрыс тактикасын, дайындық деңгейлерін жан-жақты көрсетіп бағуда. Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілері бір аптаның ішінде жаяу әскер машиналарынан, танктердің штаттық қару-жарағының барлық түрінен оқ атуда өздерінің қабілеттерін, ал взвод командирлері ұрыс барысында тез ауысып тұратын жағдайлар кезінде бөлімшенің атысын білікті басқара алатындығын осы жерде көрсетуі қажет.  Қатысушылардың құрамы туралы бөлім командирлері сынақ басталатын күннен бірнеше күн бұрын ғана білді. Сондықтан бөлімшелердің штаттық құрамын ауыстыруға мүмкіндіктері болған жоқ, оның үстіне сынаққа қатысатын бөлімшелердің алдын ала жасалған тізімі ұйымдастырушылардың қолында күні бұрын болды. Осылайша, бұл жарыс өңірлік қолбасшылықтардағы, әскер тектері мен әскери бөлімдердегі жауынгерлік даярлық жай-күйінің анық сипаттамасын көрсетеді.

????????????????????????????????????

Бүгінгі күні Құрлық әскерлердегі жауынгерлік даярлық бойынша негізгі күш-жігер барлық мамандықтағы әскери қызметшілердің кәсібилігін арттыруға бағытталған. Бұл сайыс іс жүзінде бірлестіктердің, әскер тектерінің, әскери бөлімдердің қайсысы өткен жыл бойынша ең жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін көрсетеді. Дене даярлығы бойынша әскери нормативтерді тапсыруға ерекше назар аударылады. Әскери қызметшілер қысқа тыныс алып белтемірде жаттығулардың барлық кешенін барынша көп рет орындауға, 24 келілік 2 кір тасын итеруге, сондай-ақ жалпыәскери ұрыстың негізгі өлшемдерін көрсететін АТА (атлетизм – табандылық – алғырлық) кедергілер жолағын бұзып өтуі тиіс. Күштік жаттығулардан кейін взводтар қару-жарақтарын асынып 27 минуттың ішінде 5 шақырымды жүгіріп өтуі тиіс. Взвод жауынгерлерінің арақашықтығы 50 метрден алыстамауы және мәреге толық құрамда жету талаптары қойылған. Жауынгерлік сайыстың тағы бір ерекшелігі – команда болып жаяу әскерлердің негізгі атыс қаруы – автоматтан алыстағы нысананы көздеп ату. Бұл өте күрделі жаттығулардың бірі болып саналады. Қашықтағы нысаналарға дөп тигізу жауынгерлердің жақсы дайындығын көрсетеді. Экспресс-тесттің ережесі бойынша әрбір жаттығуға балл қойылады, артынан солардың жиынтығы бойынша жеңімпаз анықталады. Экспресс-тестті өткізу қорытындысы бойынша Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары генерал-майор Әмір Халықов төрағалық ететін комиссия қай құрама, қандай әскери бөлім әскери әдіс-тәсілдерді жақсы меңгергенін анықтайды.  Сынақта ерекшеленіп, жақсы жағынан көзге түскен бөлімшелер мен жауынгерлер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысынан грамтолар, сыйлықтар мен жүлделер алатын болады. 

        

????????????????????????????????????

«Мәтібұлақ» полигонының басқа бір бұрышында Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері жиналып, жеке жаттығу өткізіп жатыр. Бұлардың басты мақсаты — әуе шептерін қорғауды қамтамасыз ету, мемлекеттік және әскери объектілерді жаудың әуе шабуылынан қорғау. Бізді дала лагерінің тактикалық ұрыс алаңында Әуе қорғаныс күштері Бас басқармасының бастығы полковник Қайрат Нұрстаев қарсы алды. ПЗРК (жылжымалы зениттік-артиллериялық кешен), «Шилка», «Садақ» қарулары атыс позициясына шығарылып, нысана көздеп жатыр екен. Жауынгерлер осы қарудан көз алдымызда шартты жаудың бірнеше нысаналарын жойып жіберді.

         – Биылғы жылға жасалған жоспар бойынша жауынгерлік атыс бойынша тактикалық жаттығу жүргізіп жатырмыз. Бұл жаттығуларға «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының және Аэроұтқыр әскерлерінің  зениттік бөлімшелері, жеке құрамның 850 адамы және 500-ге тарта әскери техникалар қатысуда. Жауынгерлер кез келген уақытта сырттан жасалатын кез келген агрессияға дайын болуы керек, жаттығудың мақсаты жауынгерлік даярлықты шыңдап, тәжірибе жинақтау. Бұған дейін жаттығудың екі кезеңін өткізгенбіз, бұл нысана көздеп ату бойынша өткізіліп жатқан үшінші кезең. Жаңа ғана 10810 әскери бөлімнің жауынгерлері шартты жаудың шабуылдаушы бронетранспортерін және әуеден шабуылдаған тікұшақтарды жою тапсырмасын қалай орындағанын көрдіңіздер. Әуе қорғанысы күштері Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрықтарын бұлжытпай орындауға дайын, — дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Әуе қорғанысы әскерлерінің бастығы подполковник Руслан Лұқпанов.