Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы Білім басқармасы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығы, Т. Рысқұлов атындағы «Нархоз университеті» АҚ ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ! атты жастардың форумы өтті. Оған Алматы қаласы Білім басқармасының, Ішкі істер департаментінің қызметкерлері, университет, колледж студентері мен профессорлық және оқытушылық құрамдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Камалов өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде ұсынған бес институттық реформаны іске асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заңын және 2015-2025 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды, студент жастарды тарта отырып, жемқорлықтың алдын алу, болдырмау және деңгейін төмендету жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа бағыттары мен міндеттерін негізге ала отырып, арнайы сайттағы «Адалдық алаңы» ынтымақтастық ашық келісімге қосылуға шақырды. Қазіргі кезде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің «kyzmet.gov.kz» сайтындағы Ашық келісімге коммерциялық емес ұйымдар, заңды тұлғалар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және жастар ұйымдары жаппай қосылуда. Ашық келісімінің қоғамдағы маңызы жемқорлық жағдай туғызатын себептерді бірлесіп анықтау және жою, әкімшілік кедергілерді азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда әрбір қазақстандық азамат өз үлесін қосатын болады, деді ол. Сонымен бірге, студент жастарға Департамент тарапынан қала көлемінде атқарылып жатқан ауқымды шаралар мен 2016 жылы күшіне енген жаңа қабылданған заңдардың негізгі бағыттары мен міндеттерін толыққанды түсіндіріп өтті.
«Нархоз университеті» АҚ ректоры, профессор К.Рыбинский өтіп жатқан жастардың форумымен қатысушыларды құттықтай отырып, студент жастарға кез-келген адам жоғары дәрежелерден көріну үшін, аянбай еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын айтты.
— Өзіміздің жерлесіміз, сүйікті спортшымыз Геннадий Головкин әлемдегі боксшылардың ретингісі бойынша бірінші орында тұр. Мұндай дәрежеге жету үшін ерінбей еткен еңбектің арқасы екендігін өздеріңіз жақсы түсінген боларсыздар. Сіздер ертең университетті бітіргеннен кейін еліміздің түрлі салаларына жұмысқа барасыздар. Барған жерлеріңізде өздеріңізге жүктелген қызметтерді абыроймен атқарсаңыздар жоғары дәрежеден көрінетіндеріңізге күмән келтірмеймін. Сонда ғана елімізде сыбайлас жемқорлықтың түп тамырымен жойылатын болады. Қазіргі кезде университет көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар атқарылуда. Студенттердің алаңсыз жан-жақты білім алуына бүгінші күннің талаптарына сай барлық жағдайлар жасалынған. Олардың сынақ, емтихан одан қалса дипломдық жұмыстарын интернет желілерінен алынған материалдарды пайдаланбай өз білімдері арқылы орындап жатқандарына аз уақыт болған жоқ. Бұл дегеңіз ертеңгі елімізге қажетті кәсіби мамандардың көбеюіне, мемлекетіміздің нығаюына, адыңғы қатарлы елу елдің қатарына мерзімінен бұрын жетуімізге кепіл бола алады, — деді профессор К.Рыбинский.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығының төрағасы Төлеген Байғұлов өз сөзінде жастардың «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» форумы Қарағанды облысынан басталып, міне бүгін Алматы қаласында жалғасын табуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың басты мақсаттары, міндеттері мен бағыттары жалпы қоғамда, студенттік ортада және жоғары оқу орындарында жемқорлықтың көріністеріне ескерту бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыра отырып, жастарды және жастар ұйымдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты, мәдениетті, қазақстандық патриотизм сезімін, отан сүйгіштік және рухани-адамгершілік тәрбие мен «Мәңгілік ел» идеологиясының контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, білім ордаларына, білім беру қызметін ұсынатын ұйымдарға әдістемелік және әдіснамалық қолдау көрсетуді, студент жастардың құқығының және заңды мүддесінің қорғалуын қамтамасыз ету. Соның бір айғағы бірінші медиа орталықтың қолдауымен ұялы телефондар арқылы заңгерлік кеңестер беру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Карта иесі білікті заңгерлік кеңес алу үшін тәулік бойы қолжетімді телефонына қоңырау шалу мүмкіндігі бар.
— Білім басқармасына қарасты 243 мектеп, 86 колледж, 392 балабақша т.б. мекемелер бар. Барлық білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік жағдайын жасау және білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары мәдениетті қалыптастыруда айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Мектепке дейінгі мекемелер, мектептер мен колледждердегі педагогтарының біліктілігін арттыру мен «сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім және сауаттандыру мәселелері жөнінде» курстар ұйымдастыру мәселелері міндеттелді. Білім беру мекемелерінің 2015-2016 оқу жылына арналған оқу-тәрбие жоспарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім және сауаттандыру мәселелері жөнінде» іс-шаралар енгізілді. Барлық білім мекемелерінде ата-аналар кеңесі толыққанды жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде түрлі шараларға ақша жинау мәселесі мүлде тоқталған. 2015 жылдың қорытындысы бойынша мұндай келеңсіз жағдайлар кездеспегенін бүгін мен сіздердің алдарыңызда мақтанышпен айта аламын, деді жиында сөз алған Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Әміртаева
Жастар форумына арнайы шақырылған БАҚ өкілдері де сыьбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өз пікірлерін ортаға салды. Жастар форумы барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Камалов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығының төрағасы Төлеген Байғұлов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өз қызметтерін жоғары дәрежеде атқарып жүрген Әуезов және Бостандық ауданы Ішкі істер басқармаларының қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.