АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Ұлттық ұландар сынақтан өтті

вручение крапового берета 01Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелерін жауынгерлік және әдістемелік тұрғыда дайындау Орталығында арнайы бөлімшенің әскери қызметшілері күрең телпек, күрең кеудеше кию мәртебесіне және «Бүркіт» белгісіне ие болу үшін квалификациялық сынақтардан өтті.

Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі 1999 жылы құрылған болатын.  Оның басты міндеті – экстремизм мен терроризмге қарсы күрес және мемлекет мүддесіне, азаматтардың денсаулығы мен өміріне аса қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою болып табылады.  «Бүркіт» құрамына кадрлар дайындау мен таңдау ерекше оқу бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Аталған бөлімшеге қызмет атқаруға үміткерлерді іріктеу барысында олардың психологиялық төзімділігіне, спорттық дайындығына, қаруды меңгеруіне қатысты айрықша талаптар қойылады.  Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі жеке құрамының дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Әскери қызметшілер Белорусь, Қытай және Ресейде білім алады. Сондай-ақ, Түркиядағы «Коммандос» жандармериясы бөлімшелерінде жаттығады. Келер жылы Заречный елді мекенінде арнайы мақсаттағы жасақтың жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған Орталықтың құрылысы аяқталатын болады. Бұл орталықта тек Ұлттық ұланның ғана емес, сондай-ақ еліміздің өзге де білекті құрылымдарының ерекше тапсырмаларды атқаратын бөлімдері оқу-жаттығудан өтетін болады.

переодоление полосы препятствий 04Осымен 15 жыл қатарынан өткізіліп отырған шараға Қазақстан Ұлттық ұланы қатарында қызмет ететін 90–нан астам үміткерлер еліміздің түкпір – түкпірінен келіпті. Ал, мәреге тек 13 ғана жақындап келеді. Міне, санаулы сәттен кейін  әртүрлі кедергілерге толы 75 шақырымдық жол артта қалдырып,  «Күрең береттен» үміттілер де бой көрсетті.  Құр жүгіріп қана қоймай, жол бойы 20-ға жуық сынақ  тапсырыпты.  Әскери бөлім аумағына келген бетте үміткерлер  кезекті кедергілерден өтіп, нысана көздеу сынағына кірісіп кетті.  Ұзақ қашықтыққа жүгіріп, кедергілерден өткен соң олар жекпе-жекке шығады. Алдымен үміткерлер бір-бірімен, содан соң «күрең беретке» бұрынырақ қол жеткізгендермен күш сынасады. Тоғыз минут қоян-қолтық төбелеске шыдағаны жеңген болып есептеледі. Жекпе-жек аяқталысымен БАҚ өкілдеріне сұхбат берген  32 жасар үміткер Рүстем Жақыпов  былай деп ойымен бөлісті

– Ұзақ дайындалдым. Бұл сынға алты рет түстім. Бұрын жолым болмап еді. Бұл жолы кеткен қателіктерді ескеріп, тыңғылықты дайындалдым. Ең бастысы шыдамдылық пен қайсарлық қажет. Бұл емтиханда ең қиыны – өзіңді жеңу.

Сонымен, жауынгерлер көптен күткен қуанышты сәт те жетті. 30 сағатқа созылған сынақ артта қалып, 13 үміткер күрең берет, күрең кеудеше киюге және «Бүркіт» белгісін тағуға қол жеткізді.  Осы жылдардың ішінде ішкі әскерлердің 163 қызметшісі «күрең берет» иегері атаныпты. Олардың 30 жуығы зейнеткерлікке шыққан ардагерлер.

– Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде жауынгерлік-барлау тапсырмаларын орындауға бағытталған «Бүркіттің» арнайы мақсаттағы жекеленген жасақтары мен топтары бар. Олар Ұлттық ұланның элитасы болып саналады, әрі төтенше жағдайлар кезінде өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.Мысалы, ағымдағы жылдың тоғыз айында ғана «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері 840 жауынгерлік тапсырманы орындады. Атап айтқанда, қылмыс жасағаны үшін 159 адам ұсталынып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Сондай-ақ, Ішкі істер органдарымен бірге тыйым салынған заттардың 247 фактісі анықталып, он үш бірлік ату қаруы, бес бірлік травматикалық және газды қару, екі суық қару мен жүз елу бес оқ дәрі, жалпы салмағы елу бес тоннадан асатын есірткі затын тәркілеудің   жетпіс екі дерегі арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қатысуымен өткізілді,- дейді Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік–құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник М. Сатов.