АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ .«КӨКНӘР» ОПЕРАЦИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ

IMG_0704 (1)Есірткінің заңсыз айналымымен бүкіл дүние жүзі күресуде. Күресті қаншама күшейткенмен жастар арасындағы есірткіге құмарлық жылдан жылға өсіп, етек жайып барады. БҰҰ-ның Наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының (UNODCCR) мәліметі бойынша, соңғы жылдарда әлемнің әр түпкіріндегі 15 пен 64 жас аралығындағы шамамен 250 миллион адам есірткіге тәуелді болып, наркотиксіз өмір сүре алмайтын халге жетіпті. Бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтың 5 пайызын құрайды. Жақында Қазақстан құқық қорғау органдары бірлесіп жаз бойы жүргізген есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған «Көкнәр» операциясы аяқталып, Ішкі істер министрлігі осы ауқымды істің қорытындысын шығарды.

Қазақстанда есірткіге қарсы күрес жыл сайын күшейе түсуде. Қазақстан жері арқылы өтетін транзиттік есірткі трафиктерін еліміздегі бірнеше құзырлы органдар жіті бақылап отырады. Одан тыс өз елімізде жасалатын есірткі түрлері бар. Ол – еліміздің оңтүстігіндегі құмдауыт жерлерде өсетін қарасорадан жасалатын гашиш, марихуана деп аталатын наркотиктік заттар. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы әрекет жасаудың тиімді әдістерінің бірі — ішкі істер органдарының жыл сайын маусым айынан бастап қара күзге дейін жүргізетін «Көкнәр» операциясы. Операцияның басты мақсаты – синтетикалық наркотиктерді дайындайтын орындарды анықтау, оларды таратудың жолын кесу, сондай-ақ, Шу алқабынан есірткі шығару арналарын анықтау, «ауған» есірткісінің транзиттік арналарын жою, есірткі бизнесімен айналысатын, заңсыз есірткі таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық есірткі топтарының әрекеттерін анықтау болып табылады.

 Ішкі істер министрлігінің Есірткіге қарсы күрес комитетінің ала жаздай күшейтілген режимде күндіз-түні жүргізген «Көкнәр-2015» операциясы барысында есірткі тасымалына қатысты 1291 қылмыстық іс тіркелген, оның ішіндегі 733 факті наркотик сатуға, 58 факті контрабандалық есірткі тасымалдауға қатысты. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіргендерге қатысты 130 қылмыстық іс қозғалып, есірткі таратумен айналысатын 5 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Заңсыз айналымнан 94 тоннадан астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 61,3 тонна арнайы өсірілген қарасора өсімдігі, 65 келіге жуық героин, 193 келі гашиш, 31,3 тонна марихуана тәркіленді.  Егер осының барлығы сатылуға шығып кеткен жағдайда 25 миллионнан астам есірткі дозасын жасауға болады екен. Бұл дегеніңіз миллиардтаған теңге. Ішкі істер министрлігінің есептеуі бойынша, есірткі бизнесіндегілер биылғы жылы 45 млн доллардан астам таза пайдадан қағылыпты.   

–  Операция барысында марихуана мен героинді көтерме жеткізудің 40 фактісінің, 9 «бақылаудағы жеткізілім» фактісінің жолы кесілді. Есірткі қылмысын жасағаны үшін 56 шетел азаматы ұсталды, — дейді Ішкі істер министрлігінің қызметкері Олег Ивашенко. —  Биылғы жылы операция жаңа форматта өткізілді. ТДАО (СОБР), «Арлан» арнайы бөлімдері, «Бүркіт» Ұлттық ұланының қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылды. Автокөлікпен жету қиындық туғызатын құмның ішіндегі қиын жерлерде модульдық көшпелі қосындар, сондай-ақ таулы жерлерде жүре алатын автокөлік құралдары мен пилотсыз ұшатын аппараттар қолданылды. Операция өткізу кезінде арнайы дайындалған қызметтік-іздестіру иттері пайдаланылды.  Бұл Жамбыл облысында өткізілген іс-шаралардың тиімділігін арттыруға және тұтастай алғанда операцияның нәтижелі орындалуына мүмкіндік берді.

Қазақстандағы заңсыз айналымда жүрген есірткілер – апиын, героин, кокаин, синтетикалық наркотиктер жоғары концентрацияланған, адам өміріне өте қауіпті, есірткінің «ауыр» түрлеріне жатады. Соңғы бес-алты жылда қазақстандық наркомандар есірткінің ауыр түріне көше бастады. Бұрын каннабис, сатива (ел аузында анаша деп аталады) сияқты есірткінің жеңіл түрін қолданса, енді көбінесе ақыл-есті «өшіріп», басқа дүниеге жетелейтін ханканы қолдануға әуес болыпты.  Алматы наркологтарының байқауынша біздегі нарконарықтағы есірткі айналымының 80 пайызын героин құрайды. Бұл жартылай синтетикалық наркотик таза апиынға қарағанда адамды өзіне тез тартып алып, «тұңғиыққа» батырып жібереді. Героинге тәуелді болған адамды емдеп, қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес.

 

Дүниенің төрт бұрышына кеңінен таралған наркотик – каннабис. Оны 162 миллион адам қолданады, одан кейінгі орындарда –  амфетамин,  оны 25 миллион адам қолданады, экстазиді 10 миллион адам қолданады. 16 миллион апиыншылардың ішіндегі 11 миллионы героинді тәуір көреді екен. Еуропадағы кокаин иіскеуге құмартатындардың саны 13 миллион.
 

Мұндай есірткі түрлері елімізге көбінесе сырттан келеді. Ондай наркотрафиктердің жолы кесіліп жатыр. Осы жазда «Бақылаудағы жеткізілім» әдісі бойынша халықаралық арнайы операция өткізу барысында Қазақстан есірткі полицейлері Тәжікстанның Есірткі бақылау агенттігі қызметкерлерінің қатысуымен Ресейге баратын есірткі құралдарының транзиттік арнасы жойылды. Арнайы іс-шара өткізу барысында өткен айдың басында Петропавл қаласында «Чарс» аталатын 42 келіге жуық ауған гашишін Қазақстан аумағы арқылы өткізбекші болған Тәжікстан азаматы ұсталды. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Қырғыз-Қазақстан шекарасы арқылы 100 граммға жуық героин мен 200 грамм апиын алып өтіп, осы партияны Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында  сатуды жоспарлаған Тәжікстанның тағы бір азаматы ұсталды.

–  Жамбыл облысының құмында 820 кг қарасора дайындап, осы шикізаттан 26 кг. марихуана істеп, оның 4 кг-ын ЕБҚКБ қызметкерлерінің «жедел бақылауымен» сатқан жергілікті тұрғын ұсталды.  Ағымдағы жылғы 10 ай ішінде ішкі істер органдарымен 8591 есірткі қылмысы тіркелді. Есірткі сатудың 1774 фактісінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 33 тонна есірткі құралдары, оның ішінде 129 келі героин тәркіленді. Есірткі бизнесімен айналысатын 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Есірткі контрабандасының 111 фактісі анықталды. Жалпы сомасы 10 млн теңгеге есірткі кірістерін заңдастыру фактілері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды. Биылғы жылы «бақылаудағы жеткізілім» деп аталатын  20 операция, соның ішінде төртеуі сыртқы (2- Қырғызстан және 1-Ресей, 1-Тәжікстан құқық қорғау органдары) күштермен бірлескен өткізілді. Осы операциялар барысында заңсыз айналымнан 665 келі есірткі, оның ішінде 18 келі героин тәркіленді. Құрамында есірткісі бар, өсіруге тыйым салынған өсімдікті заңсыз өсірудің 154 фактісі тіркелді, оның салмағы 61 тонна 250 келі болды. Есірткі құралдарын тұтынуды ұйымдастыру және есірткі сататын притон ұстаудың 32 фактісі анықталып, жазаға тартылды, — дейді Олег Ивашенко.

Ресми деректер бойынша 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы тіркеуде болған, ал  БҰҰ-ның Наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, сол жылдары 250 мың есірткіге тәуелді адам арамызда өмір сүріпті. Бұдан 7-8 жыл бұрын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және әлеуметтік есепке алу комитеті еліміздегі наркомандардың санын 54 мыңның үстінде деп көрсеткен.  Соңғы жылдардағы мемлекет қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде есірткі тұтынушылар саны елімізде соңғы бес жылда 31,3% (49795-тен 34 221-ге дейін адам), оның ішінде әйелдер 36,2% (4087-ден 2 607), кәмелетке толмағандар 77,3% (2 939-дан 668-ге дейін) азайыпты. Бұл ресми дерек, ал наркологтардың айтуынша, есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты санын шығару үшін, ресми көрсеткіштерді кемінде 5-6 есеге көбейткен жөн, сонда еліміздегі нашақорлардың нақты санына жақындауға болады. Бұл сөздің жаны бар, біздің елде нашақорлықтан жасырын (аноним) емделуге болады, сондай-ақ ондайларға көмек беретін жекеменшік емханалар да жеткілікті, ал олар наркомандарды тіркеуге алуға міндетті емес.

Жастар алғаш есірткінің дәмін 17-26 жас аралығында татып көреді екен. Солай бола тұра қазақстандық наркомандардың әрбір төртіншісі кәмелет жасына жетпегендер.  Негізінен бұлар алғашқы кездерде есірткіні қызық көреді. Егер бұлардың арасына тәжірибесі бар наркоман қосылса, аз уақыттың ішінде есірткіге әуестенген жастардың саны екі-үш есеге өседі екен. Қазіргі есірткіге тәуелді жастардың дені бақуатты отбасынан шыққандар. Өйткені есірткі таратушылар бірінші кезекте тауарларын ақшасы барларға тыққыштайды. Жасөспірімдер көбінесе жасы үлкен «ағаларына» еліктейді. Алдымен ағалары оларға есірткіні аздап иіскетіп, шектіріп үйретеді. Тіпті мектеп оқушыларына героинді чупа-чупске қосып берген жағдайлар да болған көрінеді. 2004 жылы қазақстандық ғалымдар мектеп оқушыларының әлеуметтік жағдайын білу үшін арнайы жүргізген зерттеулерін жарыққа шығарды. Олар 10 жас пен 17 жас аралығындағы 7,5 мың мектеп оқушысынан сауалдама алған. «Есірткіні татып көрдің бе?» деген сұраққа оқушылардың 27 пайызы «иә» деп жауап берген, ал олардың 15 пайызы есірткіні тұрақты қолданатынын айтқан. Алғашында осындай жолдармен бойын үйреткен жасөспірім өсе келе «инеге отырады». Оның мәнісі мынада: егер героинді иіскеп немесе шылымға қосып шексе «кайф» алу үшін 1 грамм героин керек болады, ал тамырына ине арқылы жіберетін болса оған 0,1 граммның өзі жеткілікті. Сөйтіп жастар апиын уына бой алдырады, келе-келе онсыз тұра алмайтындай жағдайға жетіп, «тірі әруаққа» айналады.

Есірткіге, алдымен байлардың ермегі ретінде қарау керек сияқты. Өйткені ақшасы жоқтар кез келген жерде оған қол жеткізе алмайды. Содан болар соңғы он жылдың ішінде наркорыноктардағы синтетикалық наркотиктердің бағасы үш-төрт есеге, ал героиннің бағасы бес есеге бес есеге төмендеген. Демек, наркобарондар елімізге есірткіні жеткізудің оңай жолдарын іздестіреді. Қалалы жердерде есірткіні сатып алу үшін жастар көбінесе «түнгі клубтарды» жағалайды. Есірткі көп таратылатын жерлер солар. Бұдан үш жыл бұрын республика бойынша түнгі клубтарды тексеру барысында есірткіге қатысты 22 факт орын алған. Осыған байланысты бес түнгі клубтың басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Арнайы қызмет адамының айтуынша, есірткіні арнайы делдалдар арқылы сатып алады, олар өзімен бірге аз дозаны ғана алып жүреді. Сондықтан наркодиллерді есірткі сатып тұрған жерінде ұстау біршама қиындықтар тудырады. Ол үшін оның «апанын» тауып, есірткі сатушы жақсы танитын адамнан келгеніңді айтуың керек. Сонда ғана оның сеніміне кіресің. Есірткінің қолдан қолға өтуі адам аз жүретін көшелерде жүзеге асырылуы мүмкін. Кейбір кездерде есірткіні тапсырыс берген адамның көлігіне жанамалап тоқтаған көліктен береді. Шабарманның рөлін көп жағдайларда әйелдер, тіпті жасы келген әжелер атқарады екен.

Есірткімен қаншама күрескенмен оның тамырына балта шабуға ешбір мемлекеттің шамасы жетпей жатыр. Мәселен Иран, Оңтүстік Корея, Сирия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Түркия мемлекеттерінде есірткі саудалаушылар заң бойынша өте қатаң, өлім жазасына дейін кесіледі. Алайда бұл елдерде де есірткі жасырын жолдармен таратылып жатар. Қазақстанды наркобарондар Ауғанстан героинін Ресейге, Еуропа елдеріне өткізетін транзиттік дәліз ретінде пайдаланып отырғаны ешкімге құпия емес. Қазақстан территориясынан өтетін героиннің кемінде 11 пайызы жол-жөнекей қолды болып, қалып қалады екен. Ол қазақстандықтарды улауға арналған. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, ауғандықтар жыл сайын 5 мың тонна «өнім» жинайды, ал бұған дейін дайындалып қойған 500 мың тонна герион керуенді күтіп, шекараның түбінде тұрған көрінеді.