АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАМБАРАТАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Биылғы қыс – Кереку жұрты үшін ауыр тиді. Әсіресе, тірлігін төрт түлікпен байланыстырған ауыл халқы үшін апат ауыр соқты. Мінсең – көлік, сойсаң азық болатын жылқы жаппай қырылып жатыр. Ірі қара аштық пен қара суықтан қырылуда. Ұсақ мал да жұтқа шығындалуда. Мұндай жұтты өңірдегі көп жасаған қариялар да көрмепті. Ел аман, жұрт тынышта, қорасы өлексеге толған шаруалар бұл нәубетті қытымыр қыспен байланыстырып отыр. Халық алаңдаулы. Тек шенеуніктер ғана жұт жоқ деп жағасын жайлауға салуда.

Жағдайды өз көзімізбен көрмек болып, Ақсу елді мекеніндегі «Абылай хан» шаруа қожалығына жол тарттық. Қыстаққа жету үшін 30 шақырым жерден кейін көлікті тастап, 1-2 шақырым жаяу жүруге тура келді. Қалың қардан трактор мен жол талғамайтын көліктер ғана өте алады. 17 жылын ата кәсіпке арнаған Амангелді Нұркенов жабырқаулы күйде қарсы алды. Айтуынша, далада жайылып жүрген 500 жылқысының өлі-тірісін білмейді. Қалың қардан мал түгілі, техниканың өзі жүре алмай істен шыққан.  Малын іздеп таба алмай жүргеніне екі апта болыпты. Ал өрістен айдап әкелген тағы бір үйір жылқысының жартысы қораға жетпей жолда қырылып қалған.
– 200 бас жылқымнан айырылдым. Қалған азын-аулақ қылқұйрық­тыларым қыл үстінде тұр. Асырып айтқаным емес, шығын күнде бар. Ал далада ит пен құстың жемі болған малды түгендеп үлгермей жатырмыз. Мұндайды мен өмірімде көрген жоқпын. Бұл – нағыз жұт. Қарлы-боран желтоқсанда басталған. Қалыңдығы жарты метрге жетіп, ауа температурасы 50 градусқа дейін төмендеді. Қарға батқан мал әбден ашықты. Ол аз болғандай, қаңтар айында күн райы кенет жылынып, бір тәулік бойы толассыз жаңбыр жауды. Жіпсіген қар ақыры мұзға айналды. Тебіндегі мал мұз астындағы шөпке жете алмай, ашығып бір-бірден құлап жатыр.
Ал біздің байқағанымыз, қора-қопсыда жем-шөп жоқ екен. Амангелді қарияның айтуынша, қалың қардың кесірінен, тоғайда қалған пішенін қыстаққа жеткізе алмаған. Сондықтан жем-шөпті сатып алу үшін ұсақ малдың бәрін (900 қой) союға мәжбүр болыпты. «Мамандар, жер сілкінісі, топан су боларын алдын ала болжайды емес пе? Халық қауіпсіз жерге көшіп, амалын жасайды. Қыстың да қатты болатынын алдын ала айтқанда, мұндай шығынға батпас едік», – дейді шаруа қожалығының иесі…

Аяз бен жолдың әлегі

Келесі бағытымыз – Павлодар облысы Екібастұз ауданы Ақкөл ауылы. Ақкөлге таң сәріде шығып, бесінде жеттік. Ауылға апарар жалғыз жол қардан аршылмағандықтан, жету оңай болмады. Көлігіміз қайта-қайта қарға батып қала берді. Жол бойында қар басып қалған жылқылардың өлекселерін көзіміз шалды. Жұттың бұл ауылды да айналып өтпегенін осыдан байқадық…
Ауылды айналып өтіп, бірден көп шығын көрген «Тұрар» шаруа қожалығына тарттық. Баудай түскен малдың өлексесі қыстақтың әр жерінде шашылып жатыр екен. Теңкиіп жатқан жабағы-тайларды көргенде, жаның түршігеді. Қыстақ басындағылар малдың қырылғанына сенбей жатқан әкімқаралар үшін өлекселерді дәлел ретінде ұстап, көмбей отырғанын айтты. Шаруа қожалығының иесі Мақсұт Мұқажанов дәл біз келерден екі сағат бұрын бір үйір жылқысын (200 жылқы) Баянауыл ауданына айдап әкеткен екен. Ондағы жағдай Ақкөлдегіден тәуір көрінеді. Ал қыстақты  басқарып қалған Марат Шөпшин мынадай мәлімет айтты:
– Мал жұтап тұр. Суық сүйектеріне дейін өткен. Көтерем мал көктемге де жетпес. Биелердің бәрі жол бойы құлын тастады. Бірақ біз ол шығынды есепке алып отырған жоқпыз. Қазірдің өзінде 300 бас жылқы шығындалды. Қалған малды жемдеп жатырмыз. Бірақ әл жинай алмай, шетінен қырылуда. Екпе де көмектеспейді. Бар үмітіміз Үкіметте. Қырылған малдың жартысының болсын өтемақысын төлеуін сұраймыз.
Тебіндегі малға енді «сақау» деген ауру жабысыпты. Бұл ауру жайлы қазақтар – тірісінде шықпаса, өлгенде сүйегіне шығады деген. Бұл жұқпалы індет емес. Десек те, әл кеткен малға жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Тағы айта кететін жайт, мал қырылды дегенді естіген әлдебіреу бұл шаруашылықтан екі жүккөлікпен өлексе тиеп әкетіпті. Оны Екібастұздағы ит тәлімбағына (питомник) алып кетіпті-міс. Алайда анықтай келе, ондай тәлімбақ Екібастұз қаласында жоқ болып шықты. Кейін «Екібастұз бен Павлодардың ет комбинаттары өлексенің әрбірін 20-30 мың теңгеден қабылдап жатыр» деген қауесет те тарады. Жұртты дүрліктіргісі келмеген болар, тез арада мал дәрігерлері қырылған түліктен сынама алып, сараптамаға жіберді. Оған сәйкес, малда ешбір ауру жоқ. Суықтан ашығып өлген. Десе де, өрісте тарыдай шашылған өлекселердің көктемде әртүрлі жұқпалы аурулардың ошағына айнала ма? – деп алаңдайды жұрт.
Шығын шыққан шаруамен тілдескеннен соң, ауыл жұртымен кездестік. Олар Ақкөлдің мүшкіл халін жарыса жеткізді. Малдың арқасында күн көріп отырған әр отбасы кемінде  2-3 бас малынан айырылып отыр. Бірді-екілі сауын сиыры қалған ақкөлдіктер жем-шөптің таусылғанын айтады. Алыпсатарлар бұл дүрбелең кезеңді пайдаланып, бір тіркеме шөптің бағасын 90 мыңға, ал бір қап кебектің құнын 1500 теңгеге дейін шарықтатып жіберген. Жем бағасы бір қап ұнның құнына жақындапты. Мал азығынан тарыққан тұрғындар амалсыздан алып жатыр.
Ақкөлдіктердің шымбайына бататын тағы бір нәрсе – жол мәселесі. Қыс басталса болды, ауыл өркениеттен қол үзеді. Мына суреттен жолдағы қардың биіктігі адамның бойынан асып түскенін көруге болады.
– Қаладан әкім келеді деп күре жолды тазалағандай болды. Алайда енді бір боран болса, мына жолды қайыра қар басатыны айдан анық. Міне, қыс бойы Ақкөл – Екібастұз ортасындағы жолдың азабын көріп отырмыз, бүкіл ел, халық. Екібастұзға жете алмаймыз, жете алмағаннан кейін, түні бойы жол бойында қалған жағдай кездесті. Далада қалып қойған кісілер де болды, – дейді Ақкөлдің байырғы тұрғыны Балқаш Өрісбаев.
– Біреу ауырып қалса, не ауыр жарақат алса, сонда не болды? Жедел жәрдем ол жүрмейді, батып қалады. Жем-шөп таусылды, оны қаладан әкелейік десек, жол жоқ. Әкімге барсақ, «трактор жүрмейді» дейді. Сонда тендерді ұтып алған фирма жолды неге тазаламайды? Оған бөлінген қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Бұны ешкім тексермей ме? – деп әңгімеге әбден зәрезап болған Мырзағали Айдарбеков қосылды.
Қыста осындай сергелдеңге түсетінін білетін ауыл халқы азық-түлікті бір-екі бұрын алға қамдайтынды да шығарыпты. Десе де, ақкөлдіктер ерте түскен қыстың ұзақ әрі аязды боларына дайын болмай шықты…

Қараусыз қалған халық

Биылғы қыс Лебяжі ауданы Ямышово тұрғындары үшін де аса ауыр тиді. Қазақтың ақ бас сиырын өсіретін «Адам» шаруа қожалы­ғының иесі Халберт Албанов бұрын соңды бұндай жұтты көрмегенін айтады. Бір ай ішінде 100 жылқы мен 70 бас ірі қара мал арам өліпті.  Ал қырылған ұсақ малда есеп жоқ. Арам қатқан сауын сиырларының теңкиген өлексесіне қараған сайын күйінеді шаруа:
– Қорадағы қой ешкіге шөп жетпей жатқанда, жайылымдағы жылқыны қолға ұстауға жағдай қайдан болсын. Қалың қардың асты сірескен мұз болғасын, жылқылар тебіндей алмауда. Басшылар жем-шөп береміз деп уәде берген. Қыркүйекте 7 тонна кебек берді, содан бері үнсіз. Бастықтардың әне берем, міне берем деген уәдесінен шаршадым.
Өлген мал – өлді. Енді қолдағы азын-аулақ малды аман сақтап қалуға барын салып жүр. Бұл шаруашылықтан шығып, жолға шыққанымызда, шөп тиелген керуенге кезіктік. Көлік жүргізу­шілерімен тілдесіп, олардың Шығыс Қазақстанның Аягөз қаласынан шыққанын білдік. Мал қырылғанын естіген көрші аймақтағы ағайын артық ауыз шөбін жіберген екен. Әрине, бұл шөптің де қарапайым жұртқа арзанға тимесі анық. Бұл көліктердің артынан тіркемесі шөпке толған тағы 5 жүк көлігін көрдік.

Шарасыз қалған үкімет

Шенеуніктер «жұт жоқ» деп бет бақтырмай отыр.
Мал қырылып жатыр дегенді тілшілерден естіген шенеуніктер шұғыл жиын ұйымдастырды. Онда облыс әкімі орынбасары Нұржан Әшімбетов «түймедейді түйедей қылудың қажеті жоқ» деп статистикалық мәліметтерді келтірді:
– Жаппай мал қырылып жатыр деген ақпарат жалған. Желтоқсан айында бүкіл облыс бойынша 258 бас мал өлді. Тек Ақсу ауданындағы «Абылай хан» мен Екібастұз ауылдық округіндегі «Тұрар» шаруа қожалығында шығын бар. Оның өзі, шаруалардың бейқамсыздығынан орын алып отыр.  Жем-шөп аймағымызда жеткілікті дәрежеде. Қазір шығын көрген шаруаларға әлеуметтік бағамен (1 келі – 21 теңге) кебек беріліп жатыр. Әр ауылдық округке ай сайын 8-10 тонна арзандатылған жем жеткізілуде. Қиын жағдайға тап болған малшыларға айтарымыз: біріншіден, жайылымдық жері тәуірлеу аудандарға малды уақытша айдасын. Екіншіден, егер барлық малды ұстауға жағдай болмаса, онда бір бөлігін сойып, одан түскен ақшаға жем-шөп сатып алып, қалған малды қыстан шығарсын деген кеңес қана бере аламыз.

Іле жиын өткізген Павлодар облысы әкімі Ерлан Арын да бұл жағдайға шаруалардың өздері кінәлі деп мәлімдеді:– Шығын көрген шаруалардың бәрі – малдың бабын білмейтіндер. Оның үстіне, бағып отырғандары – өз малдары емес. Бұның бәрі қасақана жасалып отыр деген күдік бар. Малдың нақты санын жасыру үшін қырылды деп беруі мүмкін. Бұл іске ішкі істер органдары араласуын өтінемін. Далада малы қырылған шаруашылықтарды тікұшақпен жіті тексерсін. Ауыл шаруашылығы министрі Мамытбеков мырза да шаруалардың үкіметтен көмек болар деген үмітін үзді. Айтуынша, Павлодар облысындағы жұтқа шаруалардың өздері кінәлі. Қыс боларын ұмытып, арқаларың кеңге салуды әдетке айналдырды. Үкіметтен көмек күтпесін деп кесіп айтты.

Түйін

Сонымен, біз барған шаруа қожалықтарында 700 бас ірі қара (600 жылқы) және ондаған мың ұсақ мал қырылыпты. Бұл қағаз жүзінде актілеп алған ірі шаруа қожалықтарының ғана мәліметі. Ал шындығында, ауылдағы жұрттың қорасындағы өлген малы жайлы ешкімге есеп бермейтінін ескерсек, нақты шығынның бұдан да көп екендігі анық. Бұл ретте, жайбарақаттық танытқан малшылардың бейқамдығы мен тиісті орындардың қысқа қағаз бетінде әзірленгені аңғарылады. Себебі округтерден алынған мәлімет бойынша шаруалар қажетті шөбін дайындап алған-мыс. Бұл 978 мың тонна шөп, 121 мың тонна қамыс, 100 мың тонна жоңышқа. Ал жылда мал өсіретін облыс шаруаларына бар болғаны 650 мың тонна шөп қажет екен. Сонда жеткілікті пішен жайлы қағаз бетіндегі ақпардың күмәнді болғаны ма?
Неде болса, шаруаларға көтерем малды қыстан аман алып шығу керек. Күн жылынып, жер жібісе – қазіргі шаруаның бар тілегі осы…

Айым Қазыбекқызы,
Павлодар облысы


«Жас қазақтың» сауалы


– Павлодардағы жұттан малы қырылған шаруаларға көмек көрсетіле ме?

жауабы


Асылжан Мамытбеков, Ауыл шаруашылығы министрі:

– Жұт деп жатқанымыз екі шаруашылықтағы мал шығыны. Олардың мәлімдегеніндей, 547 бас жылқы өлгені расталмай отыр. Өлген малдың саны – 250-ге жуық. Өйткені, қырылды деген жылқылардың тұяғы да, сүйегі де жоқ. Оларды қасқыр жегеннің өзінде сүйектері қалар еді ғой?.. Яғни бұл жерде әдейі шу шығарған. Өздері есептеген шығынды мемлекеттің мойнына арта салғысы келген. Біз тексеріс барысында осыған көз жеткіздік. Мысалы, Павлодар облысындағы қырылған малдың 90 пайызы «Абылай хан» және «Тұрар» шаруа қожалықтарының үлесіне тиеді. Өйткені, олар қысқа мал азығын дайындамаған. Бірде-бір тонна шөбі не жемі жоқ. Әрине, жем-шөбі жоқ мал қырылады. Оған қоса, өлген мал санын бұрмалап берген. Мысалы, «Абылай хан» ШҚ-да 200 емес 80 бас, «Тұрар» ШҚ-да 285 емес 173 бас жылқы өлген. Зертханалық тексерулердің нәтижесінде белгілі болғаны – жылқылар кәдімгі азықтың, күтімнің болмағанынан қырылған. Бұл – мал иесінің жауапсыздығы. Сондай-ақ малшылар өз еңбекақысын уақытында ала алмағандықтан, малды күтіп-бағудан бас тартқан. Мұны жұт деп айтуға болмайды. Ал аталған шаруа қожалықтары иелерінің малын қалай жоғалтқанын құқық қорғау мекемелері анықтайтын шығар?..

http://www.jasqazaq.kz