АЛТЫНОРДА
Новости

Қапшағай қауiпке айналды

plyajӨткен аптаның демалыс күндерi Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасына сегiз адам батып кеткен. Олардың екеуiнiң денесi әлi күнге дейiн табылған жоқ. Суға кеткендердiң екеуi      8-9 жастағы балалар болса, қалғандары ересек азаматтар. Бұл туралы ақпарат таратқан Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк өкiлдерi әзiрге қайғылы жағдайдың негiзгi себептерiне нақты түсiнiктеме берген жоқ.
Қапшағай су қоймасы өткен ғасырдың 70-жылдары өзiнiң етегiне ел қондырып, көпшiлiктiң демалыс аймағына айналды. Бү­гiнде 40 мыңдай халық қоныстанған бұл жаққа келiп демалушылар аз емес. Жаз басталысымен суға шомылып, күнге қыздырыну үшiн Қапшағай су қоймасын таңдайтындардың басым бөлiгiн Алматы облысының тұрғындары құ­райды. Қаламен арасы алпыс ша­қырым қашықтықта жатқан “Қапшағай теңiзiнiң” ұзындығы – 110 шақырым, ең ұзын енi – 25 шақырым, тереңдiгi – 42 метр. Жағажайды жағалай демалыс орындары мен жекеменшiк коттедждер иiнтiре­се жайғасқан. Демалыс аймағына өту ақысы жай күндерi 300-500 теңге болса, демалыс күнде­рi бұл сома бiрнеше есе артады.
Әйткенмен, сонша қыруар қаржы түссе де, Қапшағайда демалушыларға жасалатын жағдай мардымсыз. Бұл сөзiмiзге демалушыларға арналған тамақтану орнының жетiспеуi мен құтқару қызметiнiң сапасыздығы, жағажайдағы тазалық мәселесi дәлел бола алады. Демалыс аймағындағы осындай салдыр-салақтықтың салдары кiсi өлiмiне апарып соғуда. 300-ден астам демалыс орындары бар Қапшағайға күнiне қаншама адам демалуға келедi. Өкiнiшке қарай, қыруар қаржысын төлей­тiн демалушыларға құтқару қызметi көрсетiле бермейдi.
Жыл сайын шомылу маусымында бiр ғана Қапшағай су қоймасында суға кетiп көз жұматындардың саны көбеймесе, азайған емес. 2011 жылы Қазақстанда 93 адам суға кеткен. Ал 2009 жылғы маусым айының 1-i мен 15-i аралығында 57 адам суға кеткен, оның жетеуi – бала. 2010 жылы отыздан астам адамның мәйiтi Қапшағайдың суынан шығарылған. Дәл осындай көрсеткiштер былтырғы жаз маусымында да тiркелген. Суға кету жағдайының ең көбi Алматы облысындағы Қапшағай демалыс аймағында болады екен. Былтыр да, арғы жылы да бiр күнде 5-10 адамның Қапшағайда суға кетiп қаза тапқаны жө­нiнде ақпарат тараған-ды. Жыл сайын қайталанатын бұл жағдайға тос­қауыл қойып, себеп-салдарын анықтау мәселелерi күнi бүгiнге дейiн шешiмiн таппай келедi.
Төтенше жағдайлар жөнiн­де­гi министрлiк өкiлдерi адамдардың суға кетуiне көп жағдайда iшiмдiк iшуi және суға түсуге рұқсат етiл­меген жерлерге баруы себеп болатынын алға тартады. Сондай-ақ, құтқару қызметiнiң мамандары күн сайын су қоймаларына бақылау жасайтынын мәлiмдеген ми­нистрлiк қайғылы жағдайларға демалушылардың жауапсыздығы кiнәлi дегенге саятын жауаптарын беруде. Қарапайым қағидаларды сақтау, қайықта жүзген уақытта мiндеттi түрде құтқару кеудешесiн кию қа­жет­тiгi, белгi қойылған ау­мақтан ары асып кетпеуге, түнгi уа­қытта және рұқсат етiлмеген жерге түсуге, тереңдiгi белгiсiз суға секi­руге болмайтынын ескертумен шек­телетiн Төтенше жағдайлар жөнiн­дегi мекеме қызметкер­лерi құтқарушылардың санын көбейтiп, сапасын жақсарту жөнiнде жақ ашпайды.
Шiлденiң шiлiңгiрiнде Қапшағайға барып қайтқан Нұрбек есiмдi азамат Қапшағай қаласы бойынша шамамен 4-5 құтқару пунктi барын айтады. “Ығы-жығы жағажайда қауiпсiздiк шаралары мен ескерту тақталары арагiдiк кездеседi. Жыл сайын осында суға түсуге келемiн. Сол кездерi байқағаным, суға тұншығып, немесе батып жатқандарға ең алдымен айналасындағылар кө­мекке жүгiредi. Құтқару қызметi келгенше күту мүмкiн емес. Себебi арнайы қызмет мамандары саусақпен санарлық қана”, – дейдi ол. Осы iспеттес пiкiрiмен бөлiс­кен Жанар Сайлаубекқызы өз ойын: “Қапшағайда суға кетiп көз жұматындардың көп болуын кейбiреу­лер құтқарушылармен байланыстырады. Суға кеткендер­дiң мәйiтiн iздеп-табуға қомақты қаржы төленедi. Сол себептi шомылушылардың аяқтарынан су астынан тартып, әдейi тұншықтыратын арнайы адамдар болады екен. Олар анау-мынау емес, құтқару қызметiнiң мамандары деген қауесеттi талай адамнан естiдiм. Кiм бiлсiн, мүмкiн, өтiрiк шығар. Бiрақ дәл осы Қапшағайда суға батып, көз жұматындардың саны өте көп болатыны нелiктен? Менiңше, бұл тексерiлуi қажет күмәндi мәселе”, – деп қорытты.
Қапшағайға демалуға барып, қара жамылып қайтқандар саны көп болмаса, аз емес. Суға шомылушылардың ажал құшу жағдайы құтқару қызметiнiң жетiспеуiнен бе, әлде демалушылардың өз кiнәсiнен бе? Асау толқындар ма тұтқиылдан соғып, тұңғиыққа батырған? Бәлкiм, әлдекiмдер расымен Қапшағайда су астынан мәйiт iздеп пайда тауып жүрген шығар? Қалай десек те, тексерудi, жiтi бақылауды қажет ететiн мәселе бұл.
С.МӘДИ.