АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАПШАҒАЙ, МЕН ҚАЙТЕЙІН ТҰНЫҒЫҢДЫ?!

капшагайГазетіміздің (№24 (440) 21. 06. 2013.) санында Қапшағайдағы жағажайлар мен суының сатылып кеткені туралы жазып едік. Мақалада саудаға түскен жер мен судың мемлекет меншігіне қайтарылуы керек екенін көтергенбіз. Содан бері де біраз уақыт өтті. Алайда Қапшағайдағы заңсыз сауда туралы ешкім ауыз ашпайды.
Естеріңізге сала кетсек, 2007 жылы Сергей З­еленский Қапшағай қаласының әкімі болып тұрған кезінде жағажай мен көлді мейлінше саудалаған. Одан кейін әкім шекара асып кетті. Қазірге дейін іздеуде жүр. Ал қашқын әкім салған заңсыз сауданың салдары қазір жағажайға қожа болып отырған аз санды бай-манаптардың қалтасын толтыруда. Бірақ жағажайдағы жағдай әлі сын көтермейді. Неге? Біздің жазбамыз осы тақырыпқа арналады. Қапшағайдағы жазғы маусым: тазалық, шарт-жағдай, халықтың демалыс мәдениеті, т.б…

Жолда


Біз төртеу едік. Алматыдан түс ауа жолға шықтық. Артынып-тартынған шағын жүгіміз бар. Оған дүкеннен алған ішпек-жемегімізді қосқанда, бір атанға артар мүлік болып шыға келді. Қала қапырық. Көлік кептелісінде жарты сағаттай тұрғанымыздың өзінде, самай-самайымыздан сорғалаған ащы тер өңірімізді жауып кетті.
Бауыржан Момышұлы көшесіне жалғасып салынған күре жол қапырықтан қашқан жолаушыларды қаладан едәуір ұзатып салды.
Бұл – Алатау ауданының аумағы. Алматыдан биікке шығып кеттік. Бұл жерден қала толық көрінеді екен, бейне құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнайды. Көлік тізгінінде отырған арамыздағы жасы ең үлкені Еділ мырза: «Алматы айтса, айтқандай абат қала екен ғой, ә! Оның үстіне, мына жол да жақсы салыныпты, тынысыңды ашады, тақымыңды жазады», – деп машинасының газын одан сайын басып, жылдамдықты үдете түсті.
Жаңа төселген асфальт Момышұлы көшесінен жалғасып, Алатау ауданын шыр-көбелек айналды. Бірақ жаңа жол жартысынан үзіліп қалады екен, қалғаны – шаң бораған ойдым-ойдым ескі сүрлеу. Сол сүрлеумен көлігіміз тоңқалаңдап үш шақырымдай жүргенде Боралдай ауылының шетіне іліндік. Одан ары Қапшағай күре жолына түстік.
Қапшағайға қарай ағылған машинада есеп жоқ, қаланың ішіндегідей кептеліс мұнда да болды. Соған қарағанда сенбі-жексенбіні пайдаланып қаладан қашыққа кетіп демалатындардың саны көп сияқты.

Қапшағай қандай қала?

Қапшағайға кіреберістен жол сақшылары тоқтатып, көлігімізді тексере бастады. Себебін сұрап едік, «Қапшағайдың қандай қала екенін білесіздер ғой, мұнда қару асынғандар мен дорба-дорба ақша сүйрегендер келеді. Кім біледі, сіздердің қандай мақсатпен келе жатқандарыңызды?», – деп түсіндіргендей болды қараторы егделеу сақшы. Біз оған демалуға келгенімізді айттық. Сонан соң көлдің жай-жапсарын: қай тұсында бағаның лайықты, қай жерінің таза екенін сұрап жатырмыз. Ол біздің басымыздан-аяғымызға дейін көз қыдыртып шығып: «Қалталарың қалың болса, барлық жағдайы жасалған мықты деген демалыс орындарына барыңдар. Ондағылардың дені мәдениетті, ақшалы адамдар, әрі қауіпсіз. Ал орташа орындарды іздесеңіздер, ашық алаңқайлы жерлер де бар. Бірақ ол орындарда ішіп алып, төбелес шығаратындар көп. Күзетшілері араша түсе алмайды», – деп түсіндірді.
Қалтамыздың қыртысы өзімізге мәлім. Не керек, қауіпті болса да, бағасы арзандау орындарды іздемек болдық.

Баға қайда барасың?

Көл жағасындағы шағын қаланы аралап келеміз. Екі аттасаң бір казино. Сәулеті көз тартатын қымбат құрылыстар Алматы мен Астананың өзінде сирек кездеседі, әртүрлі үлгіде салынған. Казиноның алды ыңғай жуан-жуан машиналарға толы. Көлік күзеткен, қақпа қараған жігіттер де шетінен алпамсадай-алпамсадай екен. «Мына қақпалардан қазақтың қанша қап-қап ақшасы кіріп, таудай-таудай жігері жасып шықты екен, ә? Сол көк қағаз үшін қанша қаракөздің қаны төгіліп, қанша бұрымды қыздың абыройы тапталды екен?», – деп күйінгендей болды Дәнияр досым…
Қаланы қақ жарып өтіп, көк айдынды көгілдір Қапшағайға бір-ақ тірелдік. Көлігімізді «Дархан» деп аталатын демалыс орнына қалдырдық та, өзіміз көлге жүгірдік. Бұл уақыт – күннің қызуы қайтып, суға шомылғандардың әбден «бабына» келген шағы екен. Сыра мен араққа тойып алғандарға Қапшағай қабырғасынан келер емес: құлаштай малтып, шалқалап жүзіп жүргендері.
Жағалауда шашылып жатқан шиша, қағаз-қиқым кезікпейді, бірақ шіріген қамыс иісі мен қоқыс сандықшаларынан шыққан күлімсі қолқаны қабады. Оның үстіне көлдің таяз жеріне халық көп шомылатындақтан ба, суы лай, асты қарасұрланып жатыр. Ал терең жеріне шомылуға екінің бірінің батылы бара бермейтін көрінеді. Қайықпен баруға қалта көтермейді. Бір қайыққа 5-6 адамнан мінгеседі екен, әрқайсысы мың теңгеден төлеп жатыр.

Балдыз бен жезде

Кеш бата «Дарханның» қызығы азайды. Демалуға келгендер араққа сылқия тойып алып, бір-бірімен төбелесе  бастады. Біз құрқылтайдың ұясындай ғана ағаш басындағы аядай үйге жайғасқанбыз. Ол өзен бойындағы самалмен тербеліп тұрады екен. Түсіп-шыққанға қолайсыз. Оның үстіне ауасы тар. Қамыс шатыршадан шегіртке мен шыбын-шіркейдің құйылып тұрғаны.
«Жезде болмай, жер жастан!», – деген ащы дауыстан сескеніп, қамыс үйімізді тастай салып сыртқа шықтық. Жағалаудың әлсіз жарығында қараңдаған бір топ адам жүр. Арасынан қыз-келіншектердің жалынып-жалбарынған үні, жігіттердің өктем дауысы естіледі.
«Жездең ғой, не айтса да қалжыңдап айтады», – дейді біріншісі; «Балдызың ғой, не айтса да балдызсынып, еркелеп айтады», – дейді екіншісі. Оған балдыз бен жездесінің басылатын түрі жоқ: бірін-бірі жерден алып, жерге салып жатқандары.
Біздің қамыс үйіміздің ту сыртында би алаңы орналасыпты. Балдыз бен жезденің төбелесі тарай салысымен соған бардық. 18 бен 19 жастағы бұраңдаған уыздай жас қыздар құм төселген би алаңының шаңын аспанға шығарады. Жағажай киімін ауыстырмаған еліктің лағындай екі қыздың жалаңаш көркі түн шымылдығының арғы жағынан ақбоз сағымдай көз тартатындай, бірақ қолында сыра, езуінде темекі.

«Жабайы» жағажайдан кейін…

«Дарханның» бізге дарқандығы байқалмады. Сондықтан да бұл жерге қонудың қажеті болмай шықты. Еділ ағамыздың сол қалада тергеуші болып жұмыс істейтін інісі Бауыржанды (атын өзгертіп алдық) шақырдық. Бауыржан орта бойлы, бидай өңді жігіт екен. Ол біздің қамыстан жасалған баспанамызды көріп: «жабайы» жағажайға түскендеріңіз не?», – деп күлді. «Жабайысы» несі?», – деп сұрап жатырмыз бәріміз.
Жас тергеуші Қапшағайдың түнгі өмірі туралы үзіп-жұлып әңгіме айтты, сонан соң бізді қаладан алып шықты. Қайда барамыз деген ешкім болмады, бағытымызды таныстырған ол да жоқ. Жарты сағаттай жүрген соң жол кілт бұрылып шағыл төселген шаңдаққа түстік. Одан арғысы түсінікті…
Бауыржан бұл жерді «Алматы жағажайы» деп таныстырды. Онда бірнеше демалыс орындары бар екен. Біз солардың біріне түстік. Аумағы 1 гектарға жетерлік көрінеді. 20-30 үйшік, 1 әуіз, 1 кафе, спортзалы салынған. Адам басына 1500 теңгеден, көлігімізге 2 мың теңге төледік.

Бауыржанның әңгімесі

Жайғасып болған соң Бауыржанға әңгіме айтқыза бастадық.
– Қапшағай жазда криминалды қалаға айналады. Мұнда түн сайын атыс-шабыс, кісі өлімі болады. Тіпті қылмыстық оқиғалардың көптігі соншалық, демалуға мұрша бола бермейді. Ал суға батып, тұншығып жазым болып жатқандар қаншама? Күн ыстық күндері әр демалыс орнында бір-бірден адам мерт болып жатады.
– Неге? Құтқарушылар жоқ па?
– Құтқарушылар бар ғой. Бірақ мұнда келетіндердің көбі демалудың мәдениетін білмейді. Көлге қалай жетті, солай арақ іше бастайды. Ал масайған адам құтқарушыға көнуші ме еді? Ыстық күнде арақ ішіп алып тастай суға түседі. Сөйтіп, аяқ-қолының сіңірі тартылып, батып кетеді.
– Казиноға келетіндер туралы не айтасыз?
– Ол жаққа дөкейлер келеді ғой. Олар алан-ашық көлге шомылмайды, сондағы таза, жылы әуіздерге түседі. Олар мына ашық жағажайдағылар сияқты бір-бірінің басын жарып төбелеспейді. Ал келіспей қалса, олардың төбелесінен құдай сақтасын!
– Ұзын саны жүз шақты демалыс орны бар екен, бәрі жеке адамдардың қолына өтіп кетіпті ғой.
– Иә, бәрі қалталылардың меншігінде. Үкімет қайтарып алады екен деген әңгіме шыққалы біраз болды, бірақ қожайындардың қылшығы қисаймай жүр ғой. Соған қарағанда бүгін-ертең бұл аумаққа билік билік жүргізе алмайды-ау деп ойлаймын.

Мастардың демалысы

Бауыржанның: «мұнда келетіндер демалудың мәдениетін білмейді» деген сөзі бізді көп ойландырды. Шындық. Біз түскен демалыс орнының әуізін Жамбыл облысынан келген 6 қазақ таңға дейін босатпады. Жамбылдық үш қыз, үш жігіт екі күнге келіпті. Жата-жастанып ішіп жатқандары. Арақ-шарабын әуіздің жағасына әкеліп алып, бөтелкесімен көтеріп жүр. Көлшіктің суы арақтың исіне бөгіп қалған. Масайып алған жігіттер қасындағы қыздарды тұншықтырып мәз-мейрам. Сыртынан қараған кісіге тым ерсі көрінеді екен…
Таң атысымен демалушылар ашық көлге шықты. Қала түбіне қарағанда бұл жағажайдың тынысы кең, айбынды көрінді. Алматы мен Сарыөзектен, сол аумақтағы ауыл-ауылдан жиналған халықта есеп жоқ. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жүр, сол «Алматы жағажайында». Бірақ мұнда да бағаның аспандап тұрғаны. Қазан-ошағымен көлге жақын тігілген бір күркешенің бағасы 20 мың теңге. Ал бос лашықтың құны 5 мың теңге. Әжетханаға кіру – 50 теңге. Ал дүкендердегі зат бағасын сұраудың өзі ұят, бәрі аспандап тұр.
Көл жағасының қоқысын тазалайтын жергілікті бір әйелмен тілдестік. Ол бізге сенбі-жексенбі күндері халық демалып кеткеннен кейін жағалауға қараудың қиын екенін айтты. «Мұнда қоқыстан аяқ алып жүре алмайсыз. Бәрін өзім тазалаймын. Осы халықты түсінбеймін, әрбір 10 метр жерде бір-бірден қоқыс жәшігі тұр, соған неге тастамайды», – деп күйінеді.

Қайтқанда

Қайтар жолда қара көбік шашып толқынданып жатқан Қапшағайдың үстінен, тас көпірден өттік. Табақтай алтын шапақты күн жамбасқа ауып кеткен. Көлдің бетін құйын үйіріп тұр. Машинаның рөлінде отырған Еділ аға айтады:
«Бізде байлық көп, бірақ соның көбін халық игілігіне жарата алмай отырмыз» – деп. Соның бірі осы Қапшағай екенін бәріміз іштей түсініп отырмыз, бірақ ешқайсымызда тіл жоқ. Көлді үйірген тілсіз құйын, енді бізге қарай шұбалыпты…

Жарас КЕМЕЛЖАН

http://jasqazaq.kz