Қарағанды ардагерлерін айрықша ардақтады

1941-45 жылдардағы сұрапылға қатысқан ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Мәселен, Қарағанды облысында былтырдан бері 189 ардагер өмірден өткен. Қазір бар болғаны 551 ардагер бар облыста. Отан үшін отқа түскен, батырлықтың теңдесіз үлгісін көрсеткен сол ерлерді тірісінде қадірлеу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осынау күн қарсаңында жер-жерде дария кеуде, тау мүсін қарияларға арналып, түрлі тағзым шаралары өтті. Сондай бір айрықша шара Қарағанды облысының басшылығы да қолға алған болатын.


Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдады. Аймақ басшысы мерекеде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге, сондай-ақ­­ оларға теңесті­рілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне де жалпы сомасы 250 миллион теңгеден астам біржолғы материалдық және әлеу­меттік көмек көрсетілетінін айтты.
«Облыс әкімдігі мен жетекші кәсіпорындар арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумдардың арқасында әр соғыс ардагеріне 50 мың теңге көлемінде материалдық кө­мек беріледі» деді ол. Тағы бір атап айтатын нәрсе, облыста соғысқа қатысу­шылар коммуналдық төлемдерден босатылды, олардың медициналық көмекті тегін алуына мүмкіндік жасалған. Ал 9 мамырда Жеңістің 68 жылдығына арналған мере­келік бағдарлама Қарағандыда салтанатты митингпен ашыл­ды. Аймақ басшысы жұртшылықпен бірге сұрапыл жыл­дарында қаза болған жауынгерлер рухына тағзым етті. Қарағанды облысынан ел қорғауға 45 мың адам кеткеніне тоқталды ол өз сөзінде. Ел басына күн туған екіталай шақта жан аямай соғысқан сол есіл ерлердің көпшілігі майданнан оралмады.
«Содан бері талай нәрсе өзгерді. Бірақ біздің болаша­ғымыз үшін бастарын бәйгеге тіккен сол қаһарман жандарға деген шексіз құрметіміз мәңгілік болмақ. Олардың ерлігі ұрпақтың жадынан өшпек емес» деді Бауыржан Түйтеұлы. Митингтен кейін салтанатты шаралар Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Мұнда жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынылды. Мерекеге жиылған жұртшылық солдат ботқа­сының дәмін татты.

http://www.aikyn.kz