АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қарағандылықтар Теміртауға дейін жүгіріп барды

эстафетаСарыарқа төсіндегі сәулетті қала – Астананың 15 жылдық тойын қарағандылықтар жоғары деңгейде атап өтуде. Мереке күні кеншілер астанасындағы мерекелік шаралар бұқаралық жүгірумен басталды. Елорданың туған күніне арналған «Саған, Астана!» эстафетасына мыңдаған қарағандылық қатысып, жеңімпаз болғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Эстафета екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңдегі жарысқа кез-келген тұрғынның қатысуына мүмкіндік берілді. Қаланың орталығындағы Тәуелсіздік алаңынан басталып, «Шахтер» стадионында аяқталған жарысқа барлығы 1500 адам қатысты.

Екінші кезең дәл осы «Шахтер» стадионы жанынан әрі қарай жалғасты. Желаяқтар ат басын тіреуге тиіс нүкте – ҚР Президентінің еңбек жолы басталған, Қазақстан Магниткасы атанған кеншілер қаласы – Теміртау еді. Мәре сызығы аталған қаладағы ҚР Бірінші Президентінің тарихи-мәдени орталығы болды. Бұл аламан жарысқа Қарағанды облысының аудан, қалаларынан 18 команда келіп қатысты.

31 шақырымдық қашықтыққа, 15 кезеңге бөлінген эстафетада Қарағанды қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Мәре сызығын екінші болып Абай ауданының желаяқтары қиды. Үшінші орын теміртаулықтарға бұйырды.

Екі эстафетаға барлығы 2000-нан астам адам қатысты. Бұқаралық жарыста топтың алдында келген 100 адам сертификатпен марапатталды. Ал, Қарағанды-Теміртау эстафетасында жеңімпаз болғандарға облыс әкімінің дипломы берілді. Сонымен қатар Астана белгісі бар қол сағат тарту етілді.

Астананың 15 жылдық тойына арналған мерекелік шаралар Қарағанды облысында әлі жалғасуда.

Қ.Жұмағалиұлы

Қарағанды