Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында қаракөл қойын асылдандыру мақсатында аймақтық семинар болып өтті. Оған ОҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығы өкілдері мен мал тұқымын асылдандыру саласының ғалымдары және аймақтың бірқатар аудандарынан келген шаруа қожалықтарының төрағалары қатысып, қаракөл қойының келешегі төңірегінде ой бөлісті. Жиынның негізгі мақсаты қаракөл қойын қолдан ұрықтандырып, одан жан-жақты мол өнім алу жайындағы мамандар кеңесіне құлақ түру болса, екіншіден мемлекет тарапынан асыл тұқымды қошқарларды жалпы шаруаға бірдей етіп, аналық бастарын тегін қашыртып алуға көмектің беріліп отырғандарын тағы бір түсіндіру екен. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Оразтай Үсіпбаевтың айтуынша мемлекет тарапынан қойын қашыртып алу үшін мамандар мен оның техникалық құрал жабдықтары, асыл тұқымды қошқарларды «жалға беру» қаржысының барлығы да мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты Хисметолла Үкібаевтың да қаракөл қой тұқымын асылдандыру жайындағы тұшымды ойлары жиылған жұртты саладан біршама хабардар болуына септігін тигізді. Семинар отырысы Жүйнек ауылдық округіне қарасты «Югнак» шаруа қожалығында қаракөл қойын қолдан ұрықтандыру шарасымен жалғасты. Қожалық төрағасы Нұрсұлтан Абдуллаев бұл тәжірибенің нәтижесі молынан екенін алға тартты. Үш мың басқа жуық қаракөл қойын өсіріп отырған аталмыш шаруашылықтың бұл тәсілді қолданғандарына біршама уақыт болыпты. Басқосу барысында иленген қаракөл елтірісі мен одан жасалған бағалы тондар да жұртшылық назарына ұсынылды.