Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның қарапайым халықтың ақшасын өзіне қарыз есебінде берумен қоса, оның үстінен пайда тауып отырғанын сынға алды. Мәселенің мәнісін халық қалаулысының өзінен сұраған едік.
Жас қазақ: Тұрсынбек аға, еліміздегі қарапайым тұрғындарға арзан несие беретін жалғыз банктің мұндай қулық-сұмдығын қалай әшкереледіңіз?
Тұрсынбек Өмірзақов: Дұрыс айтасыз, бұл – халыққа бірден-бір арзан несие беретін банк. Оған мыңдаған қазақстандықтар сенім артып отыр. 2015 жылдың 1 маусымына дейінгі мәлімет бойынша, банк 1 трлн
617,0 млрд теңгеге тұрғын үй құрылысы жинағы бойынша 744 607 келісімшарт жасапты. Салымшының ақшасы 271,0 млрд теңгені құрайды. Бірақ 744 607 салымшының 89 357-сіне ғана 385,0 млрд теңге несие ақша берілген. Банк ұсынатын несие ақшаның бірі – аралық қарыз. Оны алу үшін салымшы үй алуға қажетті соманың 50 пайызын өзі жинауға міндетті. Бұл қарыздың сыйақылық мөлшерлемесі – жылдық 7,5 пайыз. Қарыз алатын адам керекті соманың 50 пайызын банктің есепшотына енгізгеніне қарамастан, қаржы институты оған пәтер құнына
100 пайыз қарыз береді.
Мысалы, пәтердің құны 100 мың АҚШ доллары десек, алушының қолында 50 мың АҚШ доллары болса, банк 100 мың долларға қарыз ақша рәсімдейді. Сөйтіп, 50 мың долларды депозитке салады. Бұдан шығатыны, әлгі адам өз ақшасын банктен пайызбен қарызға алады деген сөз. Ал әлгі пәтердің 50 пайызына өз ақшасын салған адамнан комиссиялық төлем алғаны әділдік пе?
Жас қазақ: Сонда сіздің ойыңызша, мемлекеттік банк ай-күннің аманында халықты алдап, айласын асырып отыр ма? Жалпы алғанда, баспана құнының 50 пайызын төлеген соң қарыз ақша беру деген дұрыс па?
Тұрсынбек Өмірзақов: Бұл – халықты қанау! Банк халықтың ақшасын өзіне қарызға бергенімен қоймай, оның үстінен пайдаға кенеліп отыр. Пәтер құнының 50 пайызын жинаған соң, қарыз беру деген дұрыс емес. Дамыған елдерде мұндай мөлшерлеме 5-10 пайызды құрайды. Меніңше, бізде оның көлемін 20 пайыз деп белгілеуге болады. Өзіңіз ойлаңызшы, үй құнының жартысын жинаймын дегенше, әлгі адам қартайып немесе өліп қалады! Бұл жүйені өзгертпесек, мыңдаған қазақстандықтар өмірден баспанасыз өтеді. Аталған банктің несиелеу тәртібін басқа банкпен салыстырып көрдім. Мысалы, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Бастау» бағдарламасында «Жеңіл» деп аталатын тұрғын үй алуға берілетін қарыз бар. Ол 9 жыл мерзімге беріледі. Егер пәтер құны 100 мың доллар десек, қарыз алушы алғашқы 3 жылда банкке ай сайын 132 мың теңге, қалған 6 жылда – 149 мың теңге төлейді. Демек, ол 6,2 млн теңгені артық төлейді. Егер де «Халық банкінен» ипотекалық несиені рәсімдесең, ай сайын 147 мың теңге төлейсің, бар айырмасы бұл жерде 6,5 млн теңге артық төлейсің. Енді қараңыз: «Бастау» тарифтік бағдарламасы аясында құны 100 мың доллар тұратын пәтерге артық төленетін ақша 3,1 млн теңге. Бірақ бұл қарызды төлеп қайтару үшін, алғашқы 3 жылда ай сайын 320 мың теңге төлеуің керек. Мұндай соманы қарапайым халыққа қолжетімді деуге бола ма?! Өзіңіз ойлаңызшы, акциясының 100 пайызы мемлекеттік болып табылатын банк екеуміздің ақшамызды жинап алып, үшінші адамға қарызға береді. Осы дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Меніңше, бұл халықты сүліктей сорудың бір жолы.
Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана
http://jasqazaq.kz/