Астана 12 қыркүйек. Baq.kz — «Қашаған» кен орнынан алғашқы мұнай өндірілді. Мұндай жағымды жаңалықты «Каспиан Оперейтинг Компани» консорциумы таратты.
2000 жылы ашылған «Қашаған» кен орны қор жағынан Аляскадағы «Прудо Бэй» кенішінен кейін екінші орында. Қойнауында 11 миллиард баррель мұнай, 35 млрд-қа бағаланған шикізат қоры бар.
Жалпы, аталмыш кен орнында бұрғылау жұмыстары 2005 жылы басталу керек болатын. Бастапқыда жоба құны 10 млрд. долларға бағаланған. Алайда, көптеген техникалық қиындықтарға байланысты жобаның құны 40 млрд. долларға дейін өсіп, мерзімі де ұлғайтылды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бұл жобада «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірге итальяндық Eni SpA, америкалық ExxonMobil Corp., британ-нидерландық Royal Dutch Shell PLC, франциялық Total SA және жапондық Inpex компанияларының үлесі бар. Сондай-ақ, жақында ғана қытайлық CNPC компаниясы «ҚазМұнайГаз» АҚ-нан Қашағанның 8,33% үлесін сатып алды.