АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кәсіпкерді атып кетті

Бұл оқиға Батыс Қазақстан облысында орын алды. Онда «Каркула» шаруа қожалығының жетекшісі Виталий Каркуланың үйіне қарақшылық шабуыл жасалды.

Қақаған қаңтар түні сағат шамамен 23.30-да бетперде киген үшеу кәсіпкердің үйінің терезесін сындырған. Шуды естіп, сол мезет сыртқа шыққан кәсіпкердің жұбайы, яғни облыстық мәсли­хаттың депутаты Валентина Кар­кула соққыға жығылады. Сосын үй иесі Виталийге шолақ мылтықтан екі рет оқ атылып, бір оқ оның ту­ра басына тиеді. Кәсіпкер оқи­ға орнында көз жұмған. Қарақ­шы­лардың бұл жерге ірі көлемде ақша іздеп келгені айдан анық. Алайда, дегендеріне жете алмады. Өйткені, бұл отбасы қомақты қаржыны үйде емес, банкте сақтайтын еді. Бірақ олар 500 мың Ресей рублін де алмай, тұрмыстық техника, қымбат ұялы телефон, құнды әшекейлерге тиіспеген.

Кәсіпкердің үйіне жасалған шабуыл таза қарақшылық. Үй иелері жақын арада Біріккен Араб Әмірліктеріне демалысқа баруға жиналған екен. Қаскүнемдер мұны біліп, мұнда мол ақша бар деп келулері де ғажап емес. Себебі, бөлмелердің астан-кестеңі шыққан, кейбір шкафтар ашық-шашық жатыр. Үй иесінің жұбайы Ва­лен­тина Каркула есін жиғаннан кейін полиция мен «Жедел жәрдемді» өзі шақырады және полицейлер­ге қылмыскерлерді табуға көмектесетін құнды дерек­тер­ді айтып береді. Негізі шабуыл жасағандар үшеу, төртіншісі сырт­та автокөлікте күтіп отырған. Таяу арада ІІМ-нен арнайы тергеу тобы да көмекке келмек. Аталған қылмысқа байланысты ҚК-нің 96-бабы, 2-бөлімімен (қарақшылық шабуыл нәтижесінде қасақана кісі өлтіру) іс қозғалды, – деді БҚО ІІД бас­шысы, полиция полковнигі Ма­хамбет Әбисатов.

Виталий Каркула Зеленов ауданында алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрған азамат еді. Енді 350 адамға жұмыс тауып беріп отырған ірі шаруашылықтың басшысын өлтіргендер тез арада ұсталып, қатаң жазаға тартылады деген сенімдеміз.

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ,

журналист,

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.