Қазақта домбыра аспабының дамуына қосқан үлесі ерен, соның ішінде ұстаздық еңбегі ұшан-теңіз бір жайсаң мінезді жан болған. Ол енгізген жаңалықтар домбыра әлемін жаңа бір қырынан дамытуға жол ашқан. Қайталанбас төл орындаушылығын былай қойғанда, оның қазақ күйлерін нотаға түсірудегі еңбегі орасан зор. Қаратау мектебінің күйлерін алғаш нотаға түсіруші. Атақты Шәмші Қалдаяқовтың жанында жүрiп, әндерінің нотасының бәрiн түсiрген адам да сол. Оның балалық шағы балалар үйінде өтсе, өмірінің соңында қарттар үйін паналап, сонда дүниеден озған. Ол деп отырғанымыз – кәсіби музыкант, күйші Мұхит Айтқалиев.
Атақты композитор Латиф Хамиди Мұхит туралы былай депті: «Мұхит сонау консерваторияда оқып жүрген жылдарда-ақ басқа музыка аспаптарына жазылған шығармаларды домбыраға түсіру жұмысын бастаған болатын. Содан бері көп жылдар бойы осы салада еңбек етіп, енді баспаға бірсыпыра шығармаларды көмекші құрал ретінде ұсынып отыр. Республикамыздағы музыка мектептері үшін бұл өте қажет еңбек. Мұхиттың бұл еңбегінің бағасы оның тек бірінші болуында ғана емес. Жинаққа енгізілген барлық шығармалар оқушы балалар үшін өте пайдалы шығармалар және олар домбыраға профессионалдық жоғары дәрежеде түсірілген. Бір айта кететін жағдай, бұл шығармалар тек музыка мектебінде оқитын балалар үшін ғана емес, музыка училищелері мен консерватория студенттеріне де қажетті еңбек. Сол сияқты бұл шығармалардың көбі филармонияларда, радио-теледидарда берілетін концерттерде домбырашы артистердің репертуарын байыта түсері де сөзсіз».
…Мұхит Айтқалиев 1927 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданының Азғыр ауылында туған. Балалар үйінде өскен ол,
20-ға қараған жігіт шағында Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары бөліміне оқуға түседі. Жез таңдай әнші Мұхит Мералиевтің немересі, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген артист Лұқпан Мұхитовтан домбырадан сабақ алып, 1951 жылы толық бітіріп шығады. Жолдамамен Қарағанды қаласындағы музыкалық училищесіне мұғалім болып орналасқан. Ал 1961-1965 жылдар аралығында Алматы консерваториясының халық аспаптары кафедрасында домбырадан сабақ береді. Бұл кездері ұстаздықпен қатар, шығармашылықпен айналысады. «Күйлер жинағы», «Батыс Еуропа композиторларының шығармалар жинағы», «Орыс халық әуендеріне арналған жинақ», «Гаммалар, этюд-арпеджио және жаттығулар», «68 қазақ күйлерінің жинағы» сынды еңбектері күні бүгінге дейін оқу бағдарламасында пайдаланылып жүр.
1967-1973 жылдар аралығында Мұхит Шымкенттің педагогикалық мәдениет институтында мұғалімдік қызметте болған. Сол кезде облыстық газеттің тілшісі болған белгілі өнертанушы Жаулыбай Иманәлиев бізге былай дейді:
– Мұхит Айтқалиев – оңтүстік өңірінің күйлерін нотаға алғаш сауатты жазған адам. Ол еңбектері менің құрастыруыммен 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Қаратау шертпелері» деген атпен жарық көрді. Менде оның төл орындаушылығы жазылған құнды жазба сақтаулы. Бірнеше фотосуреттері де бар. Мұхит – бүкіл өмірін домбыраға сарп еткен адам. Онымен өткен ғасырдың 60-жылдарының басынан бері таныспын. Әуел баста консерваторияға скрипка мамандығы бойынша түсуге талаптаныпты. Өте шебер скрипкашы болған. Бірақ консерватория ұстаздары оны домбыра класына зорлықпен бұрып жіберіпті. Консерваторияда ұзақ жылдар ұстаз болды, Құрманғазы атындағы оркестрде ұзақ жыл домбырашы болды. Нотаны өте шебер жазудан алдына жан салмаған адам. Атақты күйші Уәли Бекенов осы кісінің шәкірті болып келеді. Көптеген халықтардың әуендерін екі шекті домбыраға салып, ойнау техникасын жетілдірген. Өкінішке қарай отбасылық өмірі баянды болмаған. Бірнеше рет үйленген. Артында бір ұлы, бір қызы қалған, біреуі Қарағандыда, біреуі Канадада тұрады деп естимін. Мұхиттың көптеген еңбектері қолжазба күйінде қалды, әр жерде шашулы жатыр…
Зейнеткер шағында Мұхиттың тұратын үйі болмаған, амалсыз қарттар үйін паналаған ол, сол жерде 1992 жылы қайтыс болады. Артында жоқтаушысы болмаған соң, Мұхиттың сүйегін туысы жоқ марқұмдар жерленетін жерге көме салыпты. Араға он жыл салып шәкірті Рысты Жақопқызы зейнетақысынан жырымдап жинаған ақшасына күйшінің басын қолдан келгенше қарайтыпты.
Жақында Алматыға Мұхит Айтқалиевпен қызметтес болған азаматтардан естеліктер, қолымен жазылған ноталарын, бірге түскен сурет-фотоларын жинастыру үшін келген Орал қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебінің мұғалімі Асқар Кенжеғалиевтің айтуынша, алдағы сәуір айында аталмыш саз мектебі Мұхит Айтқалиев шығармаларынан жас домбырашылар байқауын өткізуді, сонымен қатар салған суреттерінен көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр екен.
– Есейген шағында туған елін сағынған Мұхит Оралға келіп, ауылдық мектептерде домбырадан сабақ берді. Аудан орталықтарында оркестрлермен біраз еңбек етті. Кейін музыка училищесінде домбыра класынан сабақ берген. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, Мұхит талантты суретші де болған. Салып кеткен суреттері Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде, музыка мектептерінде, өзімен қызметтес болған дос-жаран кісілердің үйінде сақтаулы тұр. Оның ағаштан ойып, арнайы әшекейлеп жасаған домбыра тиегіне дейін шәкірті Рысты Жақопқызы әлі күнге ұстазының көзіндей сақтап жүр, – дейді Асқар Кенжеғалиев.
«Ештен кеш жақсы». Жерлестерінің Мұхит Айтқалиев мұраларына жанашырлық таныта бастауы, құба-құп. Өмірден елеусіз күйде өткеніне 20 жылдан асқан Мұхиттың ескірген, тозығы жеткен еңбектерін және басылмаған жазбаларын жинап, үлкен кітап етіп шығарса, ең үлкен сауапты іс сол болар еді.