Қазақ мемлекеттілігіне қанша жыл? Орыс тарихынан әріде ме? Осы сұрақтар төңірегіндегі әңгіме ел арасында қызу талқыланды. Әсіресе, «ұлттық партия» мүшелері, яғни журналистер қосыны әлеуметтік желіде біраз жерге апарып тастады. Әдетте елдегі мәселелердің шешілуіне бір ауыз сөзімен ықпал ететін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да тысқары қалмады. Президент Астана қаласының активімен кездесуде келесі жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын тойлауды ұсынды.
Тарихымыз тым тереңде
«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», — деді Президент.
Елбасының бұл сөзін көпшілік Ресей саясаткерлерінің біз хақында айтқан сөзіне жауап деп білді. Путин: «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған», — деп қадап айтқан болатын. Қазақ қоғамы бұған біршама шамданып, тулағанымен, биліктен ешқандай реакция байқалмаған еді. Бірақ Елбасы Путинге жауапты осылай бергенді жөн көрген сыңайлы. Мемлекеттілігіміздің тамыры тереңге кететіндігін осылай дәлелдемесек, өзгелердің ақпараттық шабуылына ұшырай беретін түріміз бар. Бұл біздің рухымызды әлсіретіп, ұрпағымыздың намысына тиері анық.
Жалпы, бүгінгі геосаясаттың бір әдісі өзгенің тарихын қасақана жоқ ету. Сол арқылы бір ұлттың екінші бір ұлттан биік екенін әспеттеу. «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған», — деп миығынан күлгендер көрінеу қастық қылып отыр. Ұлт болмаса, дәстүр, салт-сана болмайтынын ескерсек, 23 жылда төл мәдениетіміз, өз кеңістігіміз дегеннің бәрі ойдан шығарылғандай әсер қалдырады. Демек, біз Ресейге қосылғанша әркімге құл болған елге тең болғанбыз ба? Жоқ, біздің тарихымыз да, мәдениетіміз де тым тереңде. Ол үшін шекарамыздың болғанын, бізбен талай елдің санасқанын дәлел-дәйекпен шегелеп, өшкенімізді тұтатып, төл тарихымызды осы бастан екшеп алу керек. Ахметше айтқанда, біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Біз тарихымызды келер заманның тұлғаларына мұра етуіміз қажет.
Қазақ санасын сілкігені кеше ғана, тура 23 жыл. Бұған дейін санада тұман тұрыпты. Орыстың тарихы қазақтікі болды. Қазаққа орыс империясының гүлденуі мен өркендеуі хақында оқытты. 70 жыл бойы Николай Михаилович Карамзиннің «История государства Российского» кітабы негізінде Ұлы Ресейдің бөлшегіміз деп келіп, орыс болудың табалдырығынан шегіндік. Азғантай уақыттың ішінде өткенімізді біліп, бүгінімізді екшедік.
Қазақыландыруға қадам
Қазақ тарихына емес, Қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл толуда. Біздің тамырымыз сонау Ресей территориясында б.з.д VІІ ғасырда дәурені жүрген Түркі мемлекеті мен біздің заманымызда ІV ғасырда сайын даланы саф алтындай сақтаған Сақ мемлекетінен бастау алады. Алайда қазақ туы XV-XVІ ғасырда биікке көтерілді. Еліміздің тарихи эволюциясы осы уақыттан басталады. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінен аңғару қиын емес. Әбілқайыр ханнан бөлінген Жәнібек пен Керей Моғолстан ханы Есенбұғамен тізе қосып, Дешті Қыпшақпен шайқаспақ болады. Алайда Әбілқайыр хан кенеттен қайтыс болып, Қазақ мемлекетінің іргесі беки түсті. Дулатидің еңбегіне сүйенсек, Дешті Қыпшақ ханынан қысым көрген тайпа өкілдері Жәнібек пен Керейдің туы астына жинала бастайды. Сол уақыттың өзінде қазақ саны 200 мыңға жетіпті. Шаруашылық ілгерілеп, феодалдық қарым-қатынас орнады. Көшпелі тайпалар бірыңғай этникалық топқа бөлінді. Халық саны көбейді.
Қазақ билігіне Жәнібектің ұлы Қасым хан келгенде Бұрындық хан билігінде әлсіреген мемлекетті нығайтуға көшті. 1511-1523 жылдары Қасым билігі елдегі саяси экономикалық ахуалды күшейтті. Деректерге сүйенсек, халық саны миллионға жетті. Бірсыпыра қала қосылды. Сібірмен, Батыс Еуропамен байланыс орнай бастады. Кәріқұрлық сол уақытта Қазақ мемлекеті жайында біле бастады. Қасымның тұсында хандық бір орталыққа бағынбады. Қасым өлген соң ішкі тартыс күшейді, Моғол мен Өзбек хандары Қазақ билігіне қарсы одақ құрды. Қасымның ұлы және мұрагері Мамаш қайтыс болып, таққа Таһир отырды. Таһир Маңғыт және Моғол хандарымен қақтығыста хандықтың оңтүстік және солтүстік батыстағы жерінің бір бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталды. Таққа Таһирдің інісі Бұйдаш отырғанда қақтығыстар тоқтаған жоқ. Одан кейін Хақназар, Тәуекел, Есім хандар билік етті. Мемлекет аумағы ұлғайып, халық саны өсті.
Қазақтың ұлы хандарының бірі Абылай ханнан кейін мемлекет Ресейге қосылды. 300 жылға жуық патшалық Ресейдің, одан соң коммунизмнің құрығында болған Қазақ елі 1991 жылы тәуелсіздігін алды. 300 жыл қырғында қазақтың ұлт болып ұйысуына билік қарсы болды, айдауға жіберді, жазалады, атты, нәтижесінде қазақты ұлыларынан тазартты. 1989 жылғы санақ бойынша еліміздегі халық саны 16 464 464 адам болса, оның 6 миллионнан сәл асатыны қазақ еді. Елбасымыз күрделі геосаяси және экономикалық ахуалдың үстінде отырып, елімізді өркендетті, ұлтаралық татулықты ұстанып, еліміздегі 130 ұлттың өкілін ел ертеңі үшін жұмыс жасауға шақырды. Әрине, қазақ ұлтының жоғын жоқтауды да ұмытпады. Көпшілігімізге 300 жыл бодандықта жоғалудың аз-ақ алдында болған мәдениетіміз бен тіліміздің жоқтаушысы жоқтай көрінеді. Әлбетте, адамның санасына алдымен жаман ой келерін ескерсек, бәріміз қаралай кететін әдетіміз. Алайда бір ғана Астананы орталыққа көшірудің өзі елдің солтүстігін қазақыландырудың жолы деп білген абзал. Мәселен, референдум деген дүние бар. Халықаралық, халықтық мәселені шешудің бір тәсілі жаппай дауыс беру. Жуырда Украинаның Қырымнан айырылғанын көрдік. Референдум өткізді, көпшілік Ресейге қосылуға дауыс берді, қосылды да. Ресей саясаткерлерінің бізге де жиі тиісетінін ескеруіміз керек. Жириновский, Лимонов сияқты саясаткерлер солтүстіктегі бес облысқа жиі көз тігеді. Сол үшін Астананы орталыққа көшіру солтүстікті қазақыландыру үшін алдын ала жасалған жоспар дей аламыз.
Орысы, өзге ұлт өкілдері басым өңірлерді қазақыландыру шаралары әлі де жалғасуда. Қаншама мектеп төл тілімізде білім беруге көшті. Мешіттер бой көтерді. Құдайға шүкір, байтақ даланы жалпағынан басып жүрміз. Ендігі мақсат өткенді түгендеп, ертеңге жол салу. Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын 2015 жылы тойлау бұл мақсаттың жүзеге асуының бір көрінісі.
Автор: Мағмар МАҚСЫМҰЛЫ
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/kazak-memlekettgnn-550-jyildyigyi-jauap-pa-talap-pa-57154/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі