АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақ ұланы ғарышқа аттанды!

201507271204562015 жылғы 2 қыркүйек күні қазақ ғарыш тарихына тағы бір есім жазылды. Ол ғарышкер – Айдын Айымбетов. Астана уақыты бойынша сағат 10.37 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі ұшты.Экипаж құрамында кеме коман­дирі, ресейлік ғарышкер Сергей Вол­ков, бортинженерлер – Данияның ал­ғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов. 
Алаңда экипаж ұшырылымын жүздеген адам тамашалады. Олардың ішінде Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев, «Роскосмос», «Қазғарыш», Еуропалық ғарыш агент­тігінің басшылары, ғарышкерлердің жақын-туыстары бар. Баласын ғарыш сапарына шығарып салу үшін Айдын Айымбетовтің анасы Жұмагүл апа, Сергей Волковтың әкесі – ғарышкер Александр Волков, экипаждың барлық үш мүшесінің зайыптары мен балалары келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мем­­­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев телефонмен әңгімелесу кезінде ға­рышкерге Халықаралық ғарыш стан­сасына табысты экспедиция жасап, алға қойған барлық міндеттерін іске асыру үшін тілек айтты. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев А.Айымбетовтың алдағы уақытта ға­рышқа ұшуы – отандық космонавти­каның одан әрі дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға септігін тигізетін атаулы оқиға екенін атап өткен.
«Юбилейный» әуежайында келген вице-премьер Бердібек Сапарбаевты «Байқоңыр» ғарыш кешенінің бас­шылары, «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қарсы алды. Үкіметтік делегация бірден Бай­қоңыр қаласындағы «Космонавт» қонақүй кешеніне тартты, мұнда ғарышкерлер мен астронавтар екі апта бойы ұшуға даярланғаны белгілі. 
Б.Сапарбаев Президент пен халықтың атынан экипаж мүшелерін құттықтады.
Сапарбаев алғашқы дат ғарышкері Андреас Могенсен мен ҚР-дың сы­нақшы-ғарышкері Айдын Айым­бетовке сәт сапар тіледі.
«Қазғарыш» басшысы Талғат Мұ­са­баев вице-премьерге Айдын Айым­бетов Қазақстан Республика­сының туын, Қазақстан халқы ассам­блеясы мен «ЭКСПО – 2017» ха­лықара­лық көрмесінің жалауын алып ұшатынын хабарлады.
Бердібек Сапарбаев Қазақ хан­дығының 550 жылдығы құрметіне эки­паж мүшелеріне тарихи мерейтойлық медальдарды тапсырды.
– Мен елімізде ғарыш қызметін да­мыту жақсы қарқынмен жүріп жатқа­нына қуаныштымын, бұл жолғы ұшыру соның айқын айғағы, –  деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Айдын Айымбетов ғарышқа кіш­кентай қызы Даяна тіккен ойыншықты өзімен бірге ала кететінін айтты. Со­нымен бірге қазақстандық ғарышкер ҚР мемлекеттік рәміздерін ала жүреді. 
– Ел Конституциясының мерей­тойына орай мемлекеттік ту мен Негізгі заң мәтінін ала кетемін, – деді ол.
Ғарышкер Айдын Айымбетов пен Дания астронавты Андреас Моген­сен­нің, сондай-ақ қазіргі кезде Орбитада жұмыс істеп отырған ресейлік ғарыш­кер Геннадий Падалкидің Жерге оралуы 2015 жылдың 12 қыркүйегіне жос­пар­ланып отыр. 

http://aikyn.kz/