Украина «1930 жылдардағы геноцид» деп мойындалған Голодомор құрбандарын еске алып жатыр. «Астана сол жылдары Қазақстанда да болған ашаршылыққа саяси баға беруге әлі жасқанады» дейді тарихшы.
Азаттық: – Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы астаналық студенттермен кездесу кезінде «Ашаршылықтан қазақ халқының 40 пайызы қырылды» деген дерек келтірді. Қазақстан мұншама ауыр зардабы тиген оқиғаға Украинадағысияқты саяси баға беруді неге кешеуілдетіп келеді?
Досалы Салқынбек: – Өкініштісі сол – осыншама халық қырылғанымен, біздің үкімет осы уақытқа дейін үнсіз. Ешқандай шаралар да өткізбеді. Тек осыдан екі жыл бұрын ғана Астанада аштық құрбандарына арнап ескерткіш орнатты.
Мұның үлкен саяси астары – «стратегиялық көршіміз Ресейді ренжітіп алмайық» деген мәселе бар. Егер ашаршылықты шын мәнісінде қазақ халқына жасалған геноцид деп атайтын болсақ, ол геноцидтің жауапкері болу керек. Оның жауапкері – сол кездегі Совет Одағы.
Совет Одағының шет мемлекеттердегі барлық мүлкіне, басқасына «мен мұрагермін» деп Ресей ие болды. Олай болса, 1930 жылдардағы қазақ даласын жайпап өткен геноцидтің бірден бір жауапкері де Ресей болуға тиіс. Біз «Ресеймен қарым-қатынасты үзіп алмайық, бұзып алмайық» деген психологиядан аттап өте алмай, айта алмай именіп жүрміз.
Азаттық: – Қазақстанда ашаршылық 1933 жылы ғана емес, одан ертерек кезде де болғаны айтылады. Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдардағы ашаршылық жайлы қандай мәлімет бар?
Досалы Салқынбек: – Тарихи мәліметтерге сүйенетін болсақ, Октябрь төңкерісінен кейін қазақ даласында 1918-1919 жылдары бірінші рет аштық болды.
Басты себебі – әскери коммунизм саясаты. Яғни қызыл армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін халықтың қолындағы барын тартып алды. Осы кезеңде 1 миллионға жуық адам аштан өлді. Одан кейінгі ашаршылық – 1921-1922 жылдардағы ашаршылық. Бұл кезеңде 1 миллион 700 мың адам аштыққа тап болды. Осы күнге дейін айтылмай келе жатқан тағы бір мәселе – аштыққа ұшыраған, ата-анасынан айырылған балалардың шет елге жіберілуі. Солардың кейінгі тағдыры әлі зерттелмей келеді.
Әрине, ашаршылықта мерт болған адамдардың санына байланысты алшақтықтар бар. Бірақ ашаршылық (әсіресе 1930 жылдардағы ашаршылық) өте жақсы зерттеліп, тарихи бағасы толық берілді. Ендігі бізге керегі – мемлекет тарабынан берілетін саяси баға. «Бұл геноцид пе, емес пе? Бұл саяси тұрғыдан әдейі жасалған нәрсе ме, әлде кездейсоқ оқиға ма?» деген мәселеде мемлекет тарапынан ешқандай саяси баға берілмей отыр.
Азаттық: – Қазақстан билігі жуық арада совет өкіметі тұсында болған ашаршылыққа саяси баға беруі мүмкін бе?
Досалы Салқынбек: – Жақын арада саяси баға беріледі деп ойламаймын. Өйткені Украина билігі осы мәселені Еуропарламентте көтерген кезде Ресеймен екі арада біраз араздық болды. Ал Ресей – үлкен көршіміз. Қазақстан үлкен көршімен арада салқындық болдырмас үшін ешқандай әрекетке бармайды.
Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.