АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақстан қандай деңгейде?

image122826Қазақстан Республикасы «Doing Business» рейтінгісі бойынша 41-орынға көтерілді

Бүгінгі күні халықаралық эксперттердің пайымдауы бойынша, біздің еліміз тиісті реформаларды белсенді және сәтті  жүзеге асырушы мемлекеттердің қатарына жатады. Осы орайда, Қазақстанның барлық сала бойынша даму деңгейінің көрсеткіші  өз еліміздің салалық мамандарының және стратегиялық орталықтардың талдауы  бойынша емес, Дүниежүзілік  Банктің «Doing Business» рейтінгінің қорытындысы негізінде бағаланатынын көп адамдар біле бермейді. Атап айтсақ, 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы аталмыш рейтингте 11 индикатор  бойынша 53 орыннан 41 орынға түсті. Яғни, дүниежүзілік деңгейдегі өз позициясын 12 пунктке жақсартты. Бұл рейтинг жыл сайын әлемнің 189 елдері арасында жүргізіліп отырады. Осы индикаторлардың бағалауы нәтижесінде әр елдің халқының әлеуметтік-тұрмыстық дәрежесі,  бизнес пен инвестицияға қолайлы климаты, сыртқы сауданы дамытудағы жетістігі, салық төлеушілер  үшін жасап отырған қолайлы жағдайлары, бақылау функцияларының аздығы және кедергісіз жұмыс істеу қағидаттары айқындалады. Мысалы, біздің еліміз әлемдік рейтинг бойынша Италия (45), Израйль (53), Түркия (55), Люксембург (61) сияқты мемлекеттерден көш бойы озып кетті. Ал енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде (Ресей – 51, Белоруссия – 44, Қырғызстан – 67) алдыңғы орынға шықты. Бұл әрине, Елбасымыздың талай жылдарғы сындарлы саясаты мен елдегі тұрақтылықтың, татулық пен бірліктің және экономикалық реформалардың сәтті жүргізілуінің нәтижесі екенінде дау жоқ. Себебі ширек  ғасырға да жетпейтін мерзімнің ішінде бірнеше мың жылдық тарихы бар және тәуелсіздігін баяғыда алған алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінің алдына шығудың өзі үлкен жетістік екені сөзсіз. Енді сөзіміз түсінікті болу үшін, әр елдің әлемдік деңгейдегі рейтингін анықтау барысында қандай индикаторлар есепке алынады, қандай критерийлерді жүзеге асыру керек, соған тоқталайық.

Мысалы, 2010 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің  «Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингінің индикаторларын мемлекеттік органдарға бекітіп беру туралы» №164 өкімі шықты. Онда «кәсіпорындар ашу», «меншікті тіркеу», «құрылысқа рұқсат алу», «төлем қабілетсіздігін шешу», «кредит алу», «инвесторларды қорғау», «халықаралық сауда», «салық салу», «келісімшарттарды орындау», «электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу», «қызметкердің құқықтарын қорғау» сияқты негізгі индикаторлар сала-сала бойынша әрбір министрліктердің құзырына бекітіліп берілді. Осы индикаторлардың  ішінде үшеуі Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің орындау құзырына жатады. Ол – «Салық салу», «Халықаралық сауда» және «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторлары. Осы орайда, халықаралық  стандарт талаптары негізінде мемлекеттік кіріс органдары тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр, қандай заманауи өзгерістер бар, соны саралап көрейік.

Мысалы, «Салық салу» индикаторы  негізінен төлемдер саны, жалпы салықтық ставка (табыстық пайызы) және өз міндеттемелерін орындау үшін салық төлеушілерге қажетті уақыттан  құралады. Біздің еліміз 2015 жылы аталмыш индикатор бойынша 17-орынды иеленді. Бұл өте жақсы көрсеткіш болып есептеледі. Ал енді қазіргі уақытта осы индикатор талаптары бойынша салық төлеушілер үшін тағы да қосымша мүмкіндіктер жасалып, тиісті жеңілдіктер жүзеге асырыла бастады. Салық кодексіне көптеген өзгерістер енгізіліп, салық төлеушілер мен бизнес өкілдерінің жұмысының жеңілдеуіне оң серпін берді. Нақты айтқанда, салық төлеушілерге өз еркімен есеп-фактураларынан электронды түрде көшірмесін алуға мүмкіндік берілді. Жеке кәсіпкерлер үшін тіркеудегі есептен шығу үшін әкелетін құжаттардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарды. Атап айтсақ, енді мөрді жойғандығы жөніндегі, газетте жарияланғандығын дәлелдейтін құжаттар және жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі жөніндегі анықтама қажет емес. Бұған қоса, жекелеген категориядағы кәсіпкерлерді камералдық бақылаусыз  тарату  процедурасы жеңілдендірілді. Бұндай оңайлатылған тәртіппен бір Алматы қаласы бойынша ғана 8 мыңға жуық жеке кәсіпкерлер таратылды. Жекелеген арыздар мен салықтық есеп берудің формаларын Халыққа қызмет ету орталықтарына беру мәселелері де қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет көрсетудің 33 түрінің 25-і Халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілді.

Жаһандану үрдісі алға дамыған сайын, жаңа талаптар жиынтығы да көбейе түсуде. Олардың негізгісі – озық технологиялар мен автоматтандыру процестерін енгізу және рұқсат құжаттары мен бақылау функцияларын азайту арқылы бизнес өкілдеріне қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Яғни, автоматты жүйелерді жүзеге енгізу арқылы әкімшілік кедергілерді жоюға, қызмет көрсету өкілдерімен тікелей байланысқа шықпай-ақ, есептік құжаттарды тапсыруға қол жеткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, барлық процестерді ақпаратты технологиялардың жетістігімен жүзеге асыруға болады. Бұл орайда мемлекеттік кіріс органдары саласында мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша атқарылатын қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында халыққа қызмет ету орталықтарында кезекті электрондық басқару жүйесі орнатылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет көрсетудің 52 түрінің 32-сі, яғни 62 пайызы автоматтандырылған жүйеге көшірілді. Сонымен қатар импортталған тауарлар бойынша салықтық есеп тапсыруды электронды түрде беруге мүмкіндік туды. Бұл дегеніңіз экспорттың кеткенін дәлелдейтін және дебеттік қосымша құн салығын қайтаруға кететін уақытты әлдеқайда қысқартады. Және де қосымша құн салығы бойынша есепке қою уақытын 10 жұмыс күнінен 5-ке дейін азайтуға қол жеткізілді. Адвокаттарды, жеке нотариустар мен сот орындаушыларын және медиаторларды электронды түрде тіркеу қолға алынды. Әсіресе, қосымша құн салығын қайтару мәселесін оңайлату, бюджеттік классификация кодының санын 280-нен 119-ға дейін қысқарту  жұмыстарының жүзеге асырылуын үлкен жетістік деп айтуға болады. Осындай  қағазбастылық пен бақылауды азайту процедуралары әртүрлі әкімшілік кедергілерге жол бермей, бюрократтық әрекеттерге тосқауыл қоюға мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы рейтингін көтеру мақсатында болашақта  атқарылатын жұмыстар тізбегі сан алуан. Бұл орайда Елбасымыз өзінің бес институционалды реформасын жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадаммен» белгіленген Ұлт жоспарын бекітті. Онда салық және кеден саласының алдына ауқымды  9 міндеттер қойылды. Мысалы, қоғамдық ұйымдардың балансындағы қозғалтқыш көлемі 3000 куб сантиметрге дейінгі бір көлікке  және бір автобусқа көліктік салық бойынша жеңілдік беру, тауарды импорттаған кезде қосымша құн салығын шартты түрде салу мөлшерін 2022 жылға дейін созу, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде алынатын төлемді алып тастау, салық төлеу мерзімін тоқсандық есептен жартыжылдыққа ауыстыру, кәсіпкерлікті тексерген кезде тәуекел бейімін басшылыққа алу, екінші дәрежедегі банктердің ипотека және тұрғын үй қарыздары бойынша үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін қарызы бар азаматтарды кешірген жағдайда жеке табыс салығынан босату сияқты шаралар салық төлеушілер мен бизнес өкілдері үшін жасалған үлкен жеңілдік. Әсіресе, қазіргідей теңге девальвацияға ұшырап, әлемдік дағдарыс салқыны  қатты сезіліп тұрған уақытта  барша халық үшін өте тиімді жағдай екені сөзсіз.

Ал енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бүкіл базарларды бүгінгі күн талабына сай сауда орталықтары мен сауда үйлері үлгісіндегі форматқа көшіру жұмыстары қызу қолға алынып жатыр. Және де онлайн режимінде ақпараттар беретін бақылау-кассалық машиналарының енгізілуі де жаңа талапқа сай жаһандық шара. Бұған қоса, Оңтүстік астанамыз бойынша ескі базарлардың орнына салынып жатқан жаңа сауда орындарының көбейе түсуі де заманауи үлгідегі ғимараттар болып табылады.  Енді бақылаусыз және салықтан жалтару жолымен «жабайы» сауда жасау механизміне толықтай тоқтау қойылады. Бұндай шаралар мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне түсетін қаражаттың молаюына және сауда-саттық операцияларының бәрі ашық та айқын жүргізілуіне ықпал етеді.

Міне, жоғарыда  жүзеге асырылып жатқан шаралар жиынтығы біздің елімізде бизнес өкілдері мен салық төлеушілерге жасалып жатқан жағдайлардың жоғары стандартын көрсететіні сөзсіз. Бұл мақалада біз елімізде «Салық салу» индикаторы бойынша жасалып жатқан жұмыстарға ғана қысқаша тоқталдық. Осылайша, Дүниежүзілік Банктің  «Doing Business» рейтингінде көрсетілген индикаторлар талаптарына негізделген  механизмдер өз қызметін дұрыс атқарған жағдайда, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асатынына күмән жоқ.

 

Бекен Нұрахметов,

Алматы қалалық мемлекеттік кірістер

департаменті түсіндіру жұмыстары

басқармасының бөлім басшысы

http://turkystan.kz/