АЛТЫНОРДА
Новости Семей

«Қазақстан-Семей» журналистері жабылуға қарсы

55F9563C-09CA-422B-8072-6FEB109B9334_w640_r1_s_cx5_cy2_cw86«Қазақстан-Семей» телеарнасы 2016 жылдан бастап жабылмақ. Телеарна қарайтын «Қазақстан» мемлекеттік телерадио корпорациясы «арна қызметкерлеріне жұмыс ұсынылады» дейді. Ал семейлік журналистер басқа қаладағы жұмысқа бара алмайтынын айтады.

«Қазақстан-Семей» телеарнасында бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін С. есімді журналист (аты-жөнін толық атамауды өтінді – ред.) басшылықтан мекеменің 2016 жылдан бастап жабылатыны туралы хабар алғанын айтады.

– Телерна жұмысы тоқтатылады. Тек 15 жұмысшы қалады. Қалатын тілшілер Семейден сюжет түсіріп, Өскеменге жібереді. Ал қысқаратын журналистерге «Қазақстан» корпорациясы басқа өңірлерден жұмыс беретінін айтты. Қызметкерлердің басым бөлігінің баспанасы, отбасы Семейде болғандықтан басқа қалаға бара алмайтындарын айтып жүр. Маған Астанадан жұмыс ұсынды. Ол жаққа барып жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Сондықтан арнаның жабылмағанын қалаймын, – дейді арна қызметкері.

Телеарнаның есімін айтуды қаламаған тағы бір қызметкері де басқа қаладан шақырту алғанымен бара алмайтынын айтты.

– Өткен аптада Астанадан корпорация өкілдері келіп, «Қазақстан-Семей» арнасы «Қазақстан-Өскемен» арнасымен (корпорацияның Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы – ред.) бірігетінін айтты. Олар «арнаның жабылуына дағдарыс себеп» деп түсіндірді. Өз басым Талдықорғаннан жұмыс ұсынса, отбасымды тастап кете алмаймын, – деді ол Азаттыққа.

Журналистердің айтуынша, телеарнада 70-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. Телеарна 15-ке жуық жеке жоба мен күнделікті таңғы бағдарлама және жаңалықтар шығарады.

Телеарнаның жабылуын жергілікті белсенділер мен қала тұрғындары да қаламайды. Семей қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Орал Шәріпбай «300 мыңнан астам халқы бар бір қала телеарнасыз қала ма» деп алаңдайды.

– Үкіметке «Қазақстан-Семей» арнасын алып қалуды сұрап өтініш жазып жібердік. Қазір ақпарат және байланыс комитетінен жауап күтіп отырмыз, – дейді қалалық белсенді.

Телеарнаны жаппауды сұрап жазған хаттың бірі.Телеарнаны жаппауды сұрап жазған хаттың бірі.

«Қазақстан-Семей» телеарнасының ұжымы көмек сұрап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да хат жазған. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің 188 студенті мен оқытушылары, қаладағы екі мектеп ұжымы мен үш мәдениет орталығы «Қазақстан» телерадио корпорациясының басшылығына қалалық телеарнасын жаппауды сұрап хат жолдаған. Өтініш айтушылардың қатарында №5 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернаты, Әнет Баба атындағы орталық мешіт пен Воскресенский соборы бар.

«Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар дирекциясының директоры, Семейге арнайы барып, телеарна қызметкерлеріне телеарнаны жабу туралы корпорация шешімі туралы ескерткен Құрманбек Жұмағали «жұмыстан қысқартылатындардың барлығына жұмыс ұсынылатынын» айтты.

748507D3-CD9F-4D85-B309-35604F742AB1_w268_r1_cx9_cy4_cw92
Құрманбек Жұмағали, «Қазақстан» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жетекшісі (Сурет журналистің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды).

– Бір облыста екі арна болуы дұрыс емес. Семейдегі телеарна қала Шығыс Қазақстан облысының орталығы болып тұрған кезден қалып кеткен. Бұл мәселе бес жылдан бері көтеріліп жүрген. Алдағы уақытта цифрлы телеарнаға көшсек, бір облысқа екі цифрлы телеарна аппаратын орнату мүмкін емес, – деді «Қазақстан» телеарнасының өкілі Азаттыққа.

Ал «Қазақстан-Семей» арнасындағы атын атамауды өтінген басшылық өкілдерінің бірі 70 қызметкердің қаншасы қысқаратыны нақты белгісіз екенін айтты.

– Семейліктер арнаның жабылмағанын қалаймыз. Телеарна жабылған жағдайда ғимарат пен телеарна техникаларының тағдырын арнайы ликвидациялық комиссия шешеді, – деді ол.

​Семейдегі алғашқы телестудия 50 жыл бұрын – 1965 жылғы қыркүйектің 1-інде ашылған. Қазақстандағы облыстар саны қысқарған кезде мемлекеттік телерадио корпорацияның бұрынғы Жезқазған, Торғай және Талдықорған облыстарындағы филиалдары жабылғанымен Семей қаласындағы бөлімі қалалық филиал ретінде сақталып келген.

Руслан МЕДЕЛБЕК

http://www.azattyq.org/