АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Қазақстан» телеарнасының көш бастауы – қазақ көрерменінің жеңісі

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының ТНС зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, ел аумағында көрсетілетін барлық телеарналардың алдына шығып, үздік атан­ды. Рейтинг бойынша жоғары көрсеткішке көтерілудің құпиясы неде?

– Бүгінгі күні ел аумағында хабар тара­тып жүрген барлық телеарналар «Қа­зақ­стан» телеарнасының бауырынан жеке отау құрып шыққаны белгілі. Өзінің 55 жылдық тарихында бұл телеарна түрлі өзгерістерді бастан өткерді. Қай кезде де мем­лекеттік ақпараттық саясатты жүргі­зу­ші телеарна өзінің Қазақ телевизиясының көшбасшы кескін келбеті мен беделін сақтай білді. «Қазақстан» арнасының толығымен қазақ тілінде хабар таратуы – ұлттық сана-сезіміміздің оянуы мен қазақ тіліне шынайы сұраныстың белгісі. Бұл табыс еліміздегі тіл саясатында жүргізіліп келе жатқан Елбасының сындарлы саяса­ты­ның шынайы жетістігі. Шынын айтуы­мыз керек, телеарнамыз 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақ тіліне толықтай көшкен кезде телеарнаның бағ­дар­ламалар жүйесіне, оның болашағына күмән­мен қарағандар да болды. Бірақ біз өз ана тіліміздің өміршеңдігін сапалы жобаларды көрермендерге ұсыну арқылы тағы бір рет дәлелдедік десек болады. Бұл зерттеу нәтижесі – еліміздегі қазақ тілінің мәртебесінің өскендігінің, қазақ тіліндегі сапалы отандық телевизиялық өнімге сұраныстың артқандығының жарқын көрі­нісі. Сондай-ақ 100 пайыз қазақ ті­лін­де сөйлейтін ұлттық арнаның рей­тин­гілік көрсеткішінің жоғарылауы – арнаның кәсібилік деңгейінің жақсаруы мен халықтың сұранысын қанағаттандыратын сапалы өнімдердің көбеюінде. Әрине, көрермендерді күнұзақ тек бір телеарнаның алдында ғана отырғызып қоюға болады деп айту жаңсақ пікір. Әйтсе де ақпараттық кеңістіктегі ашық саясат орын алған біздің елде алуан түрлі ойын-сауықтық бағ­дар­ламалар ұсынатын өзге телеарналармен иық тірестіріп, көрермендердің көзайы­мына айналу үлкен шығармашылық із­де­ніс пен табандылықты қажет ететін шаруа. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық арна өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеуге нық қадам жасағандығына назар ауда­рамын. Өздеріңіз білесіздер, соңғы 3-4 жылда ғана отандық телехикаялар түсіріле бастады. Олардың сапасына сенімсіздік танытқандар да табылды арамызда. Дегенмен арнайы тапсырыспен түсірілген отандық телехикаялар қазіргі уақытта халық махаббатына бөлене бастады деп нық сеніммен айта аламыз. Жоғары рей­тингке қол жеткізуіміздің тағы бір сыры, міне осы отандық телехикаялардың телекөрсетілім көрсеткіштерінің өсуімен де тікелей байланысты. Бұған қоса, телеар­намыздың бағдарламалар кестесіндегі ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мега­жо­балары да көрермендеріміздің көңілінен шығып келеді. Яғни ТНС Геллап зерттеу орталығы берген нақты деректер «Қа­зақстан» ұлттық арнасы көрермен сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, халықтың көкейіндегісін таба білгендігін айғақтайды.

– Сапалы телеөнімдерді қолайлы уақытқа қою рейтингтің жоғарылауына әсер ете ме?

– Өте орынды сұрақ. Рейтингке әсер етудің тағы бір құпиясы телебағдар­ла­маларды қолайлы уақытқа қоя білуде жатыр. Негізінен, бағдарламалар кестесін дұрыс жоспарлап, көрермендердің сол ұсынылатын жобалар жайында хабардар болуын қадағалап отырсаңыз, дұрыс нә­тижеге жететіндігіңіз сөзсіз. Әрине, менеджменттік құпиялар да жоқ емес. Ең бастысы, бағдарламалар кестесін тиімді уақытқа орайластырып, түзіп отыру үшін жақсы өнім керек. Осы орайда, ауди­то­риямыздың көбейе түсуі үшін біз бірнеше нақты қадамдар жасадық. Алдымен қы­зықты, көрермен сұранысына ие жоба­ларды қолайлы уақытта ел назарына ұсындық. Бұл арада жаңалықтарды біз әр сағаттың басында емес, күн сайын арасына үш сағат салып көрерменге ұсынуды мақсат еттік. Кешкі жаңалықтарды көруге келген көрерменге көңілінде жүрген көп сауалдарға жауап беретін әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптарды қозғайтын, «Айтуға оңай» болса да жауабы күрмелі мәселелерді бірге шешуге үндейтін ток-шоуды әр аптаның төрт күнінде ұсынуды дәстүрге айналдырдық. Көрерменін теле­дидар алдына жіпсіз байлап тастайтынын біз осы бағдарлама арқылы аңғардық. Бұл жоба бір тақырыптан келесі тақырыпқа дейін көпшілікті өзіне елітіп қана қоймай, келесі санын асыға күтуге мәжбүрлейді. Ток-шоудан кейін көрермен демалып отырып көретін телехикаяларымыздың да телекөрсетілім нәтижелеріне қосатын үлестері айтарлықтай. Мұның өзі арна­мыз­дың тұрақты көрермендер қатарын мо­лайтты. Бір сөзбен айтқанда, көрер­мен­нің жүрегіне жақын жобалар мен өзге де телеөнімдердің көбеюі – аудито­риямыз­дың көкжиегін кеңейтті.

– Біздің еліміз бойынша жүргізілетін рейтингтiк зерттеулердің басым бөлігі осы уақытқа дейін орыстілді аудиторияға ғана сүйеніп жасалды. Мұндай біржақты талдау­лар шынайы көрсеткіш емес деген пікірге қалай қарайсыз?

– Еліміздегі медиазерттеуді жүргізетін ТНС Геллап мекемесі өздеріңіз білесіздер, бұрын 100 мыңнан жоғары (100мың+) тұр­ғындары бар ірі қалаларда ғана рейтингті анықтайтын зерттеу жүргізетін. Медиаин­дустрия саласының мамандары ақпараттық кеңістігіміздің ашықтығы мен еліміздегі БАҚ-тардың екітілді хабарлар таратуы жағдайында бұл зерттеу нәтижелерінің дәл еместігіне талай рет назар аударған бо­латын. Әсіресе, біздің «Қазақстан» ұлттық те­леарнасы тек қазақ тілінде хабар тара­татын бірегей телеарна болғандықтан, бұл зерттеудің аясын кеңейтуді әрі зерттеу мекемесінің ел аумағында тұратын барлық тұрғындардың пікірін ескеру керек екендігі сөзсіз. Сөйтіп, 2012 жылдың сәуір айынан бері 100 мыңнан төмен (100 мың) тұрғын­дары бар елді мекендерге де (шағын қала­лар, аудандар мен ауыл тұрғындары) зерттеу жүргізіліп, ақпаратты дәл беруге нақты қадам жасалды. Нақтылай кетейін, 100 мыңнан төмен тұрғыны бар елді мекендерде жалпы саны 8 миллион 300 мыңнан астам адам тұрады. Әлеуметтік зерттеуге сол тұрғындардың атынан қаты­сатын өкілдердің телевизиялық таңдауы көп телеарналардың арасынан осы біздің ұлттық телеарнаға түскендігі әрі жетістік, әрі үлкен жауапкершілік. Міне, 100 мың­нан төмен тұрғындары бар елді мекендерде 6+ және 6+қаз деп бөлінетін зерттеу тобы бойынша жыл басынан бері бірінші сатыға көтерілдік. Осылайша ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық деңгейдегі көрерменді қамтыған отандық өзге телеарналардың алдына шықты. Көрер­менді, жалпы, халықты алдау мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан» ұлттық арнасының өзге арналардың арасында көш бастап тұруы – қуанарлық жайт.

– «Шалқар» радиосының да бейне-онлайн режимде көрсетіле бастауы ақпарат әлеміндегі айтулы жаңалықтардың бірі болды.
Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Жарты ғасырдан астам бейнелі та­рихы бар «Қазақстан» ұлттық арнасының таралу ауқымы қазіргі кезде шамамен – еліміздің 98,63 пайыз, ал Қазақ радиосы – 88,74 пайыз, «Шалқар» радиосы 61,31 пайыз тұрғынын қамти алады. Бұған қоса, осы арналарды ғаламтор арқылы онлайн жүйесі арқылы миллиондаған адамдар көріп, тыңдай алатын дәрежеге жеттік. Шынтуайтында, мұндай кең ауқымды аудитория еліміздегі басқа телерадиоар­налардың бірінде де жоқ. Оның кеңістігі мен мүмкіндігін кеңейте түсу мақсатында біз радионың бейне-онлайн хабар тара­туына жағдай жасадық. 2013 жылдың 15 ақпанында эфирге шыққан «Депутат саға­ты» хабарының қонағы – Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова болды. Бағ­дарламаның онлайн режимдегі алғашқы шығарылымын журналист Гүлнұр Омар­хан­қызы жүргізді. Бұл күн радио жыл­намасында тарихи күн болып жазылып қалды десем артық емес. Енді «Шалқар» радиосының тыңдармандары өзінің сүйікті жүргізушілері мен радио қонақтарының бейнесін де тамашалай алатын болады. Сонымен қатар отандық ақпарат сала­сында мемлекеттің пәрменімен үлкен жобалар еңсеріліп, «Балапан», «Мәдениет», телеарналарының ашылуы – қазақ тілінің бұдан әрі кең қарыштап дамуына, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 2013 жылы KAZ­SPORT атты жаңа бір салалық те­леарна эфирге шықпақ. Бұл игі шаралар­дың бар­лығы – ұлтымыздың болашағы үшін жасалып жатқан алғышарттар. Ақпараттар тасқыны алып заманда өз үніңді тиісті жерге естіртіп, өз бейнеңді айқындап, өзіңді бірінші телеарна ретінде мойындату оңай шаруа емес. Бәсеке тек өз ісінің мықты мамандарын ғана іріктеп алып қалады. Жеңіске жету, нәтиже мен жоғары көрсеткіштерге ие болу – ты­ным­сыз еңбек пен жан-жақты ізденістерді қа­жет ететіні даусыз. «Қазақстан» телеар­насының отандық арналардың арасынан оза шығып, көш бастауы – бұл алдымен қазақ көрер­менінің жеңісі. Көрермендер тарапынан ұлттық арнаның жоғары бағалануы шы­ғар­машылық ұжымға жаңа серпін бере­тіндігі сөзсіз. Ендігі мақсат – шыққан биі­гімізден төмендемей, халыққа тек көрер­мен сұранысын қанағаттан­ды­ратын сапалы өнім ұсыну.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Айкын