Ядролық қару және оның түрлі құрамдас бөліктері Қазақстан территориясына кіргізілмейді. Елімізде осыған қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне «Ислам мемлекеті» террористік тобының мүшелері ядролық қаруды Қазақстан арқылы тасымалдауы мүмкін бе деген ресми сұраққа жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер мәлімдеді.
«Елімізде қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан жүйе біздің бақылауымызсыз республика территориясына радиоактивті материалдардың кіргізілуіне жол бермейді», — делінген Комитеттің ресми хабарламасында. Естеріңізге сала кетейік, ҰҚК-нің мұндай хабарлама таратуына ТМД-дағы антитеррористік орталықтың басшысы Андрей Новиковтың мәлімдемесі себеп болды. Ол Қазақстан арқылы ядролық қарудың тасымалдану қаупі бар екенін айтқан еді. «Террористік топ ТМД еллдерінің территориясын, соның ішіндегі Қазақстанды ядролық қаруды тарату үшін пайдалануы мүмкін деген қауіп бар» — деген болатын ол.
«ҰҚК органдарының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстан территориясында ядролық қаруларды, басқа да қауіпті заттарды, технологияларды қолдану, тасымалдау туралы дерек тіркелмеген», — дейді комитет қызметкерлері.
Сондай-ақ ҰҚК ТМД-дағы Антитеррористік орталық басшысының ядролық қарулардың біздің еліміз арқылы тасымалдануы мүмкін деген қауіппен айтылған сөзін қауіпсіздік шараларын алдын алуға негізделген дейді. «Яғни террористік топ мүшелері Белоруссия, Ресей арқылы ядролық қару тасымалдаған жағдайда Қазақстанда террористік акт жасаудың алдын алу үшін оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында ТМД елдерінің мемлекеттік органдарының әрекет ету алгоритмдері талқыланды» — делінген.
Бұған дейін бұл туарлы Терроризмді зерттеу халықаралық ассоциациясының мүшесі Татьяна Дронзина да айтқан болатын. Оның айтуынша ядролық қаруды «Ислам мемлекеті» тобы мүшелерінің Қазақстан арқылы тасымалдауы екіталай. Алайда ол «террористердің ядролық қаруды өздері жасауы мүмкін бе?» — деген сұраққа нақты жауап таба алмады.
Сарапшының айтуына қарағанда Қазақстанға террористердің қызығуына бірнеше себеп бар. «Қазақстан әлем бойынша уран өндіруде үшінші орында және уран бізде өте арзан. Әлемдегі уран қорының 12 пайызын біздің елдегі уран қоры құрайды. Террористер үшін біздің еліміз шикізат көзі болуы мүмкін», — дейді Дронзина. Оның айтуынша Қазақстанда террористік желілер бар, бірақ олар әзірге белсенді емес. Сондықтан сарапшының ойынша Қазақстанда ядролық қаруды жасауға қолданылатын ядролық материалдарды есептеп, бақылауды күшейту керек.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ-дағы Ирак елшісі Мохамед Али аль-Хаким террористердің ядролық материалдарды алып алғанын айтқан болатын. Олардың қолына 40 келідей уран түскені хабарланған. Алайда елшінің бұл мәлімдемесін АҚШ билігіндегілер жоққа шығарып отыр.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/alash/kazakstan-territoriyasyina-yadrolyik-karu-kre-almaydyi—ukk-54337/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі