АЛТЫНОРДА
Новости

 Қазақстан – халқы әралуандылығымен бірегей

Елорда ел бірлігі мерекесін ерекше атап өтті. Бұл күні «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңға қарақұрым халық жиналған болатын: осында би ұжымдарының, мыңнан астам артистердің қатысуымен театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, мемлекетімізде «бір шаңырақ» астында тату тұрып жатқан әр түрлі этностардың ұлттық өнері паш етілді. Мерекелік концертті халықпен бірге тамашалауға Қазақстан Көшбасшысы да келді.


Елбасы алдымен думанға жиылған халықпен тілдесті. Соңынан Президент Н.Назарбаев ақпарат құралдары арқылы барша қазақстандықтарды «Халықтың бірлігі күнімен» құттықтады: «Мереке құтты болсын, отандастарым – ардақты дос­тар!

Баршаларыңызға бақыт, әр отбасыға әл-ауқат тілеймін! Біздің ортақ Отанымыз гүлдене берсін. Халқымыздың бірлігі арта берсін!».
– Бұл тамаша мереке – бірліктің ме­рекесі! – деді алаңда халықпен араласқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. – Бірлік адамзаттың бүкіл тарихында ардақталып, ұлықталып келеді. Бірліктің арқасында мемлекеттер мен халықтар ұлы биіктерге жетіп отырған, өмірді жақ­сартқан, табысты дамып, елді көтерген.

Әлем елдері арасында Қазақстан – халқының әралуандылығымен бірегей. «Қазақстан Тәуелсіздік жылдары бойын­да, бір отбасыдай өмір сүріп келеді, – деді Елбасы. – Қазақстанда тату тұрып жатқан барлық адамдардың ауызбіршілігінің, достығының және тұрақтылықтың арқа­сында біз де үлкен биіктерге жетіп отыр­мыз, табысты мемлекет құрдық, халықтың өмірін жақсарттық, оны әлемге әйгі­ледік».

Президент тағдыр мен тарихтың бәрі­мізді бір елде, бір жерде тоғыстыр­ған­ды­ғына, табыстырғандығына тоқталды: «Біз­дің Отанымыз бір, тағдырымыз бір, жеріміз бір. Сондықтан біздің барлы­ғы­мыздың ұмтылыстарымыз да, ой-ниетіміз де – бір! Ол мемлекетімізді күшті, хал­қы­мыз­ды бақытты етуге бағытталған, адам­дарымыз өз келешегіне және бала­ларының болаша­ғына сеніммен қарауы үшін жасалуда». 1 мамыр мейрамына арналған думан «Мәдениеттер үйлесімі» биімен ашылды. Бір айта кетер жайт, бұл би «Қазақстан халқының бірлігі» мерекесінің құрметіне арнайы ойлап табылыпты. Онда «бір му­зыкалық өрнек екіншісіне ұласып, әртүрлі мәдениеттер үні бір ансамбльде өрілетін» көрінеді. Мың қаралы биші-артистер бар өнерлерін паш ете алуы үшін «Қазақ елі» алдындағы алаң ортасында негізгі және екі көмекші сахналық конструкциялар орнатылыпты. Олардың жалпы ауданы шамамен 3 мың шаршы метрді алады. Көрермендер – Астана тұрғындары мен қонақтары үшін 5 мың орындық мінбер құрылған.
Мерекелік концерт кезінде негізгі сах­нада Өзбекстан мен Ресейден шақырыл­ған би ұжымдарының және Грузияның ұлттық балетінің бишілері әсем әуендердің ыр­ғағымен мың бұралып, көрерменін тәнті етті. Сондай-ақ осы сахнада шетелдік та­нымал эстрада жұлдызы Севара Назархан, отандық RinGо, «Дервиши» топтары, әнші Мәдина Сәдуақасова, Парвиз Назаров, Әлішер Каримов және басқа­лары әуелете ән айтып, күмбірлете күй төкті.

Алаңда бұқаралық сауық-сайран үшін бар жағдай жасалған. Арқан тартыс, қол күресі, тоғызқұмалақ және басқа да спорттық ойындардан жарыс өткізілді. Елбасы 10 шатырдан тұратын қалашықты аралады. Олардың әрқайсысында 2-3 этномәдени бірлестіктер орналасыпты. Президент ша­тырларда ел назарына жайылған әралуан этностардың деко­ра­тивтік-қолданбалы өнері бұйымдарын, ұлттық киімдерін, музыкалық аспаптарын, сол ұлыстарға тән тұрмыстық заттарды, қолөнер өндірісінің көне туындыларын тамашалады.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz