АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтауы

ассамблеяҚұрметті отандастар!

 Қазақстан халқы Ассамблеясы барша Қазақстан халқын айбынды мемлекеттік мерекеміз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтайды.

1995 жылғы 30 тамыз, Қазақстан Республикасының Конституциясы    қабылданған күн — еліміздің Тәуелсіздік тарихындағы жаңа кезең басталған күн.

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деп басталатын басты құжатта Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік негізі салынды.

Ата заңның «Мемлекеттің міндеті – адамдардың еңбек етіп, өмір сүруінің тиісті заңдық тетіктерін жасау, конституциялық құқықтарына кепілдік беру» — деген ұстанымы егемен елдің азаматтарының болашаққа сенімін нықтап, Отан алдындағы жауапкершілігін арттырды.

Еліміздің  жаңа тарихында, Қазақстанның Тәуелсіздігі — ең басты ұлттық құндылық ретінде танылғанын мақтанышпен айта аламыз. Осы уақыт ішінде Ата Заңымыз қоғам мен мемлекеттің басты құжаты ретінде кеңінен мойындалды, әлеуеті еселеніп өсті. Қазақстан Республикасының Конституциясы айбынды елдің азаттығының айғағына, Тәуелсіздігінің тірегіне, ел бірлігінің қайнар бастауына, еліміздің әрбір азаматының мақтанышы мен қорғанына айналды.

Бүгінде кемел жасына толған Конституция ережелерінің, халықтың жүрегіне ұялаған құндылықтары мен сенімнің арқасында біз Біртұтас Мемлекет, Берекелі Қоғам, Бірлігі Жарасқан Елге қол жеткіздік.

Қазақстан халқы Ассамблеясы егемен мемлекетіміз үшін айрықша маңызды осы бір айтулы күні, әрбір қазақстандыққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілейді.

Тәуелсіз еліміз гүлденіп, әрбір шаңырақ шаттыққа кенелсін!

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Астана, 2013 жыл