Жаз шығып, арқа кеңігендей болды. Жыл он екі ай жұмыс істеп қажыған кез келген адам еңбек демалысын жақсы өткізгісі келеді. Алайда біздің қазақ сол демалыс күндерін тиімді өткізе алып жүр ме? Себебі қазіргі күні Қазақстандағы әрбір екінші адам жыл сайынғы еңбек демалысын ала алмайды. Ал алғандарының өзі демалыс күндерін лайықты дәрежеде өткізе бермейтіні – шындық. Ал мұның кесірі тұрғындар денсаулығының нашарлап, жүйке ауруларына шалдықтырып жататыны тағы бар. Оған жазғы маусымдарда демалыс орындары бағасының күрт қымбаттап кетуі де кері әсерін тигізуде. Сарапшы мамандардың зерттеуіне жүгінсек, қазақстандықтардың жартысынан астамы демалысын үйінде, болмаса, ауылында өткізеді екен.
Сервис сын көтермейді
Сонда мұның себебі не? Бір ай демалыс алып, тіпті алмай жатқан азаматтарымыз қайтіп денсаулығын түзей алады? Бұл сауал әркімнің көкейінде жүргенімен, түйіннің шешімі табылмай-ақ келеді. Күнделікті күйбең тірлік пен отбасындағы қаражаттың жетімсіздігі демалуды әзірге бұйыртпай тұр көп қазаққа. Яғни демалыс орындары тек қалтасы қалыңдарға ғана арналғандай. Өйткені отандық демалыс орындары мен шипажайлардың бағасы у-дай болып тұр бұл күні. Соған қарамай, қызмет көрсету мен сервис деңгейі сын көтермейді. Мәселен, Ақмола облысындағы Бурабайды әлем біледі. Бірақ әзірге мұндағы баға саясаты тізгінделер емес.
Берік ЖАНАЛИЕВ, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Өзіміздікі ғой деп Бурабайға келіп едім. Бірақ қатты өкініп қалдым. Тәулігіне 10 мың теңге алған демалыс орнында қызмет көрсету сапасы өте нашар болып шықты. Әрі бағасы да адамның табысына шақ келмейді.
Ресми ақпарат көзіндегі мәліметтер Бурабайдағы баға тәулігіне 10-17 мың көлемінде екенін растайды. Инфрақұрылым мен жол сапасы да туристердің отандық демалыс орындарынан кері бұрылуына әкеп соқтыруда.
Бұдан басқа, әзірге жарнамасы мен жағдайы жүдеу болса да, Зеренді, Шалқар мен Имантау демалыс орындарының да бағасы шарықтап тұр. Мұндағы әр орынның орташа құны күніне 6 мыңнан 10 мыңға дейін барады. Ал демалыс аймақтарында тұратын халық онсыз да оңбай тұрған саланы одан сайын тұқыртып жіберген.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мұрат АЛМАСБЕКОВ, Бурабай селосының тұрғыны:
– Көзбен көргенді айтсақ. Жергілікті пысықай бурабайлықтар туристердің қалтасын қағып алуды жақсы меңгеріп алғандай. Көпшілігі ешқандай лицензиясыз-ақ демалыс орындарын ашып қойған. Бірқатары, тіпті үйдің іргесіндегі қора-қопсыларын сырлап-әктеп келушілерге ұсынатын көрінеді. Ең ақыры, көл жағасына үйіндегі тоңазытқышын шығарып, табыс табатындар да жетерлік. Ал оның бағасы жай күндердегіден екі емес, төрт-бес есеге дейін қымбат болады.
Құп дейік. Есектің артын жуып мал тапқан заманда халықтың амалдап ақша жасауы заңдылық та шығар. Алайда бұл өңірдегі туризм сервисінің дамуының төмендігін көрсетпей ме? Отанымыздың және шетелдерден келген туристер мен демалушылар мұндай сорақылықта қалай демалады? Бұл туризм кластерін дамыту туралы Елбасының тапсырмасына қаншалықты әсер етеді. Ресми ақпарат көздері елімізге келетін 10 туристің 9-ы қайтадан Қазақ еліне келмейтіндігін паш етті. Ал сонда Қазақстанда туристердің саны қайтып көбеймек?
Жеке министрлігі жоқ салада жүйеліліктің де жоқтығы, бәлкім, осыдан шығар. Бәлкім, туризм саласының дамуы үшін оны бір жүйеге келтіріп, жеке министрлік ашу қажет шығар.
Шынарбек БАТЫРХАНОВ, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:
– Бұрын туризм басқармасы облыстық туризм денешынықтыру және спорт басқармасының ішінде болды. Қазір облыста жеке басқарма бой көтерді. Алайда әлі де болса аймақтағы туризм кластерін дамытуда айтарлықтай тірлік жасалды алмаймыз. Сондықтан бұл салада туристік саланың басшыларымен қатар басқа да органдар атсалысуы қажет деп санаймын.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басшылығы туризм саласында қызмет көрсетудің сапасы төмен екенін баян етті.
Альберт РАУ, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі:
– Қазақ туризмін дамыту қажет. Мұндағы сервис пен қызмет көрсету әлі де төмен. Мәселен, тек Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарына ғана 82 миллион теңгеге тапсырыс жолданды. Алайда ондағы жолдар мен су мәселесі шешілсе де, демалыс орындары бәсекеге төтеп бере алмай отыр.
Демалыс орындары демекші, қазір барлық демалыс орындарының бағалары қазақстандықтардың орташа табыс деңгейінен әлдеқайда жоғары екені анықталып отыр.
Гүлмира БЕКМАҒАМБЕТОВА, «Ақмола-турист» компаниясының менеджері:
– Астанаға жақын болғандықтан, Бурабайдың қызығын тек шенді-шекпенділер ғана көріп отыр. Қазақстанда туристерді тартуға болатын орындар көп болғанымен, шетелдіктер тек Сарыағаш пен Бурабайды ғана біледі. Ал басқа шипажайлар мен демалыс орындарында, өкінішке қарай, инфрақұрылым дамымай тұр. Сондықтан елдегі туристік кластерді дамыту үшін, ең бастысы, туристік инфрақұрылымы мен қызмет көрсетуді жүйелеу қажет.
Шипажай бағасы шарықтап тұр
Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстандағы ең арзан шипажай қатарына Мерке мен Жаңақорған жатады. Онда демалыс бір адамға тәулігіне 1500 теңгеден айналса, Мойылды мен Көктемде – 2000, ал Бурабайдағы Оқжетпес, Приозерный мен Алмаз шипажайларындағы 2-4 адамдық люкс орындары тәулігіне 14-17 мың теңгеден түспей тұр.
Сонда орта есеппен 60-70 мың жалақысы бар мемлекеттік қызметкер қайтып демалмақ? Дәл қазіргі жағдайда демалу үшін қыруар қаржы жұмсауың қажет, болмаса үйде отыр. Ал үйде отыра берсең, денсаулығың сыр беруі мүмкін. Сонда қайтпек керек?!.
«HeadHunter Қазақстан» зерттеу компаниясы жуырда осы мәселеде сауалнама жүргізіпті. Нәтижесі алаңдатарлық. Сауалнамаға жауап берген 2790 қазақстандықтардың 46 пайызы алған демалысын шетелдерде өткізсе, ал демалысын енді ғана алғалы отырғандардың 42 пайызы шетелдерде демалуды жоспарлап отырған көрінеді. Жалпы, сауалнамаға жауап бергендердің екі еседен астамы, яғни 39 пайызы шетелде демалса, тек 16 пайызы отандық демалыс орындарына баруды жөн санаған екен.
Ал тапқаны қапқанынан қалмайтындар, яғни респонденттердің 17 пайызы туған-туыстарын аралап, үй жөндеу жұмыстарымен айналысқандарын айтқан. Көпшілігі, тіпті соңғы рет қашан демалысқа шыққандарын да ұмытып қалыпты. Ал демалыс алып шетелге шыққандар орта есеппен 1-2 мың АҚШ долларын жұмсайды. Ал отандық шипажайда демалушылардың басым бөлігі, яғни 87 пайызы 1 мың доллар көлемінде шығын шығаруға мәжбүр.
Сандық көрсеткіштердің өзі-ақ қазақстандықтардың шетелде демалуға құмар екенін айғақтап тұр. Ал «қазақ туризмі туристер келмесе, қайтып дамымақ» дген заңды сауал туындайды?
Түйін
Яғни әрбір демалушы сервисі төмен, бірақ бағасы қымбат, отандық демалыс орындарында емес, қызмет көрсетуі де бағасы да қалыпты шетелде демалуды жөн санайды. Сондықтан туризм саласына жүйелілікті жеткізетін уақыт жеткен сияқты.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау