АСТАНА. 15 қаңтар. BAQ.KZ – 1991 жылдан 2015 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 259 159 отбасы немесе 952 882 этникалық қазақ (оның ішінде 2014 жылы 3792 отбасы немесе 8247 адам) тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл еліміз тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды.
Қазақстанға келген оралмандардың көпшілігі, яғни, 61,5% — Өзбекстаннан келген, сондай-ақ, 14,3% — Қытайдан, 9,3% — Моңғолиядан, 6,8% — Түркіменстаннан, 4,6% — Ресейден және 3,5% — өзге елдерден оралған қандастарымыз.
Олардың 21,2% — Оңтүстік Қазақстан облысына, 16,3% — Алматы облысына, 13% — Маңғыстау облысына, 9,4% — Жамбыл облысына, 40,1% — еліміздің өзге өңірлеріне қоныстанды.
Елге оралған қандастарымыздың 55,6% — еңбекке қабілетті жаста болса, 18 жасқа дейінгілері — 39,9%, зейнеткерлер — 4,5% құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы оралмандардың ішінде 8,7% — жоғары білімді, 20,5% — орта арнаулы білім алған, 61% — жалпы орта білімі бар және 9,8%-ның білімі болмаған.
Оралман мәртебесіне ие болған жандар «Халық көші-қоны туралы» ҚР Заңында қарастырылған барлық әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алады. Бейімдеу және интеграциялық қызметтер көрсету үшін Ақтау, Қарағанды және Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталығы қызмет етеді.
Орталықтарда іске асырылатын бейімдеу бағдарламалары құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беруді, мемлекеттік тілді және қалаулары бойынша орыс тілін оқытуды, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыруды қарастырады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
http://baq.kz/kk/diaspora/1231