АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақстанның төрт аймағында жол нысандары пайдалануға берілді

images (1)Бірқатар облыстарда автомобиль жолдары, шекара өткелдері мен көпірлердің күрделі жөнделуі аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Қарағанды, Қостанай, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында күрделі жөндеуден өткен жол-көлік инфрақұрылымының нысандары пайдалануға берілді.

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында көктемгі су тасқыны кезінде бүлінген «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының учаскесі жедел қалпына келтірілді. 2015 жылдың көктемінде автомобиль жолы еріген қар суы мен мұз салдарынан жарым-жартылай бүлінген еді.  Жол қызметтері айналма жол ұйымдастырып, күрделі жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Жөндеу жұмыстары кезінде қысқа уақыт ішінде жол төсемі жаңартылды. Қазіргі кезде автомобиль қатынасы толық қалпына келтірілді.

Атырау облысында Атырау-РФ шекарасы (Астрахань) автомобиль жолының «Құрманғазы» шекаралық өткеліндегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Автомобильшілердің қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін күрежолды жасанды жарықтандыру желілері жаңғыртылып, сондай-ақ қосымша жол белгілері қойылды, жаңа белгілер салынды.

Қостанай облысында республикалық маңызы бар Екатеринбор-Алматы күрежолының «Қайрақ» шекаралық өткелінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. «Қайрақ» өткізу пункті Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарадағы транзиттік дәліздің маңызды нысаны болып табылады. Қозғалыс қатысушылары үшін көлік құралдарын қысқа уақытқа тұраққа қою орны бар демалыс алаңы орнатылды. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық аймақ жасалды.

Жөндеуден өткізілген екі шекаралық өткелді пайдалануға беру  шекарада өткізу мүмкіндігін арттырып, көліктер мен жолаушылардың ошарылып қалуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан облысында Сарыағаш шипажайына кіреберістегі «Гагарин-Жетісай-Жібек жолы» күрежолындағы көпірде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған көпір аймақтағы туризмді дамыту үшін үлкен маңызға ие, себебі «Гагарин-Жетісай-Жібек жолы» автомобиль жолы Қазақстан мен Өзбекстанның шекара маңы аймақтарының арасында жүк және жолаушылар тасымалын қамтамасыз етеді.

Бұл нысандардың пайдалануға берілуі көлік құралдарының өтуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. 

http://www.inform.kz/