АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қазақты қанайтын бір топ – әншілер мен асабалар

 Қанаушылар дегенде біздің ойымызға халық қазынасының бір пұшпағын ұстағандар оралатыны белгілі. Ақиқатында солай

болған да… Тарихта «қанаушы тап» деген тіркес қалыптасқан. Дәуірлер дөң асып, уақыт қаншама тастың бедерін өзгерткенмен «қанау» етістігі біздің сөздік қордан түсіп қалмады, көнерген сөздер санатына да енбеді. Архаизмге айналу түгілі, бұл сөз ешқашан «модадан» қалмайтындай көрінеді. Мынау халықты қанап жатыр деп  қолымды шошайтып, біреуді көрсетіп бергелі отырған жоқпын. Деседе  ашық түрде кімдерге қаналып жатырмыз деген сауалға жауап іздеп көрсем.

Қазақта жиғаның мен тергенің тойға шашылсын деген сөз бар. Бәсекелестігі ешқашан бәсеңдемейтін мына заманда бұл сөздің маңызының қаншалықты екенін қайдам, бірақ жиып-теруді былай ысырып тастап, несиеге той жасау үрдісі белең алды. Иа, экономиканымыздың қарқынды дамып, өзге елмен бәсеклесуге біздің ел бас қатырмайды, біздің бәсеке ағайын арасымен шектелген. Бірінен бірі асып түсу үшін, эстрада жұлдыздарын шақырып, атақты әзілкештерге той тізгінін ұстадады. Жұлдыздардың жүзін көріп, атақты асабалармен суретке түскен жұрт «пәленшенің тойы дүркіреп өтті» дегенді мақсат тұтар бәлкім.  Меніңше, қанаушылық осы жерден басталады. Той иесінің шақырған әншісі «әдемі көйлегін» киіп алады да,  микрафонды ұстап, аузын  өтірік жыбырлатып, келесі тойға асығып кете барады. Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың деген мақалдың мәні жоғала бастаған. Күнделікті радио мен ұялы телефоныңыздың әуенқорынан естіп жүрген әнді жанды дауыспен тыңдап, соны жеткізу үшін тамған тер үшін ақы төленсе, өкпе бар ма? Дүйім жұртты алдап тұрғанына  «жұлдыз» қымсынбайды, той иесі алданып ақы төлегеніне қысылмайды. Өнерпаздар да халықты қанайды дегенге тарих қойнауына енген аңыз адамдар нанбас еді. Ел арасында таңды таңға ұрып Шашубай ән салғанда алты қанат Ақордаға сыймаған халық, ол отырған үйдің киізін тескілеп, ертесі әлгі үй құлап қалыпты деген аңыз бар. Әрине, өнер-құдайдың аманаты. Бағзылар секілді халық үшін тегін ән сал деп отырғаным жоқ. Қандасыңның қарызданып-қауғаланып алған жасыл қағазына жаның ашып, жаныңды жеп  ән сал дегің келеді.

Ал, аузын жыбырлатып ақша тапқыштарға мемлекеттік тұрғыда арнайы заң қажет. Біздің елде тойбизнес деген термин қалыптасқан. Ақиқатында бұл сорақы термин.  Қара базар секілді, тойбизнес те мемлекеттік қаржыны басқаруға кәдуілгідей кедергісін келтіреді. Бұл бизнестен пайдаға кенелетіндер мемлекетке салық төлемейді, ал қаржы шығындайтындар әлгіндей өтірік өнерге малданып жүр.

Асабаларға да айтарымыз осы. Барлығы бір сценари. Сөз алған қонақ асабаның мұрның пұшық, көзің қысық дегеніне ашуланбайды. Күлкі шақыру деген осы екен деп той тізгіншісі жабайы әзілін еселей береді. Той жасадым екен, менің тойым үшін арнайы сценарий жазылып, ізденістер орын алсын, мен сол үшін ақы төлеймін дейтін талапшыл қазақты таппай шаршайсыз.  Біз сапаны талап етпегендіктен өнерпаздарымыз да арқасын кеңге салған болар бәлкім…

Батыстың көркемфильмдерінде  көңілінен шықпаған өнер адамдары мен саясаткерлеріне қызанақ пен жұмыртқа лақтыратын көріністер кездеседі. Соншалықты уақытым мен  қаражатымды сарп етіп барған концерттерімнен(Барлық қазақ концерттерінен емес әрине) шаршап қайтқан да, діні мен ділі бөлек болса да әлгі лақтырғыштарды сағынып кететінім бар. Рас, барлығына уақыт –төреші! Бірақ уақыт өткен сайын қазақтың төрінен домбыраны көру сағым жылдардың елесіндей боп барады. Бәленшенің тойы қалай өтті деп сұрасаң, «ой жалығып кеттік, күмбірлетіп күй қойып қойды» дегенді де жазықсыз жарғақ естуге мәжбүр! Ізденісі төмен, сүйегіне сөз қонбаған, екі сөзді біріктірген біреулер де той басқрып жүр. «Той дегенде қу бас домалайды» деуші еді, менің миым бүгінгі тойлардан ашып, басым қатып қайтады. Қазақтың өмірінен тойды ажыратып қарау мүмкін емес болса, оның ұлттық санаға сыйымды етіп өтуіне де ден қоятын кез жеткен секілді? Ойланыңыз, сіз кімге қаналып, не үшін шашылып жүрсіз? Қаныңызда тулаған тойға деген құрметіңіз маза бермесе, тым құрығанда оның ұлттық санаға сыйымдылығына ой жүгіртіңізші… Сіз солай өшкенді жаңғыртып, дәстүрді ұстанған бола аласыз? Тұрмысымыздан алшақтап бара жатқан салтымызға, тым құрығанда тойда төр ұсынайықшы.

 

Айнұр Төлеу

masa.kz