АЛТЫНОРДА
Новости

«Қазақтың Абайы, халықтың Абайы, әлемнің Абайы»

Биыл халқымыздың ұлы ақыны, философы, композиторы, данышпан, ғұлама, қазақты әлемге танытқан Абай Құнанбайұлының туғанына 168 жыл толып отыр.

Осыған орай, облыстық С. Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының оқу залында Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінің, Сәулет және құрылыс колледжінің студенттері мен «Құрдастар» клубы мүшелерінің арасында «Қазақтың Абайы, халықтың Абайы, әлемнің Абайы» атты дөңгелек үстел өтті.

Көпшілік шараның мақсаты: Жас ұрпаққа қазақ халқының ұлы ақыны, сазгері, жалпы қазақ әдебиетінің негізін қалаушы ұлы Абай атамыздың өмір жолы мен шығармашылығын таныстыру, өнерге, білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру.

Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен, Абай біреу-ақ. Абайы бар ел қай халықпен де терезесін теңестіре алады. Абайы бар елдің мерейі үстем. Ол қазақтың бар жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер, өз заманының парасат иесі ғана емес, бүгінгі заман қайшылықтарын шешуге де оң бағыт берген биік тұлға. Ақын мұрасы –халқымыздың сарқылмас қазынасы.

Шараға қатысқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының доценті – Борашев Баян Тәліпұлы Абай шығармашылығының нәр алған қайнар бұлақтарына тоқталып, ақын шығармаларының телегей теңіз екенін жастарға кеңінен әңгімелесе, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын – Гүлсамал Аймаханова Абай шығармашылығына тоқтала келе, өзінің 10 класта оқып жүргенде ақын турасында жазған шығармасын және ұлы ақынның 150 жылдығына арнап жазған «Абайша»- атты арнау өлеңін оқып берді. Cонымен қатар, өз әкесінен қалған 1945 жылы жарыққа шыққан Абайдың шығармалар жинағын әкеліп, жастарға үлгі өнеге көрсетіп, олардың сана-сезімін ашу, жастардың халық үшін жұмыс істейтін сапалы адам болу керектігін айтып өтті.«Алақай» қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Аманша Адасбаева ақынның «Қайран елім қазағым, қайран жұртым» өлеңінен үзінді келтіре отырып, ақынның ішкі-сезімін, көңіл-күйін, ой-қиялын, арман-тілегін, мұң шерін әрбір жастың жүрегіне жеткізе білді.

Шара барысында Абайдың өнегелі өмірі жайлы, шығармашылығына тоқталып, қарасөздерін, өлеңдерін кітапхана қызметкерлері оқыды. Кеш барысында Әлия Молдағұлова атындағы гумманитарлық колледжінің студенттері Назарбаева Ақтолқын «Арнау», Мұқашев Ромат «Ойшыл, дана кемеңгер», Мақсат Тасболат «Абайға арнау» атты өздерінің шығарған өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Кеш соңында «Абай – әлемдік тұлға» атты кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылып,библиографиялық шолу өткізіліп, «Абайды оқы, таңырқа» атты слайд шолуы көрсетілді.

А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің 4-курс студенті Маратов Жәнібек бірнеше күй тартты..

Абайдың өлеңдерінен сусындап,қара сөздерінен нәр алған жастардың көзінен ұлы ақынға деген сүйіспеншілік пен сыйластық бірден байқалды. Мұндай кештер осымен аяқталып қалмай, әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.

http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=56336