АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚАЗАҚТЫҢ ЕРЛАНЫ

fc7ef3b14f3a55bbc4a3994a5bdd5dcd-bigҚазақ билігінде болмыс-бітімі бөлек бір шоғыр бар. Ел арасында сүйкімін жоғалтпаған, халық ішіндегі харизмасы жоғары ол шоғырдың ішінде Мәулен Әшімбаев, Берік Әбдіғалиұлы, Берік Уәли, Ерлан Қариннің есімдерін ерекше атауға болады. Қандай қызметте, қай өңірде жүрмесін бұл топ қазақ мүддесіне, ұлттық құндылықтарға адалдығымен ерекшеленеді. Ұлт руханияты мен мәдениетіне, мемлекеттік тілге жанашырлықтан туған үлкенді, кішілі бастамалардың басы қасында ылғи осы топ жүреді. Содан болар, кейде бұқараның билікке деген кей өкпе, наласы осы жігіттерге келгенде шайылып кететіндей көрінеді.

Саясаткер бар да саясаттанушы бар. Қазіргі Қазақстанда бұлардың екеуі де жетіп артылады. Таным-түсінігі, парасат-пайымы, саяси көзқарасы мен ұлттық ұстанымы сан алуан саясаткер де, саясаттанушы да көп. Саясат биігіне көтерілген саясаттанушы аз, алайда. Ұлт мүддесін саяси миссия еткен сол аз саясаткер-саясаттанушының ішінде Ерлан Қариннің есімін айтпай кету үлкен ағаттық болар еді.

Саясатқа Ерлан саясаттану арқылы келгенін ешкім жоққа шығармас. Әр жылдары Қазақстанның даму институтында саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Қытай және Ресей институтының басшысы, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры сынды қызметтік сатылар оны 2003 жылы саясат сахнасына танымалдылығы мен қарым-қабілеті қатар толысқан саясаткер етіп шығарды. Сол кезде жаңадан құрылған, құрыла сала елдегі ықпалды саяси күшке айналған «Асар» республикалық партиясы жетекшісінің орынбасарлығына сайлануы Тәуелсіз Қазақстанның да, Кеңестік Қазақстанның да саяси тарихында болмаған оқиға еді. 27 жасында республикалық партия жетекшісінің орынбасарлығына сайлану қандай саясаткердің болса да тегін жан еместігін білдірсе керек. Жаңашылдығымен, озық саяси ойымен топ жарған Ерлан Қариннің ықпалды партия жетекшілігіне өтуін ел қалыпты жағдай деп қабылдады.

Партиялық жұмыстан соң да Ерлан Қарин маңызды жобалардың маңында жүрді. 2004-2006 жылдары лаңкестікке қарсы бағдарламалар орталығын басқарды. Одан кейін екі жыл Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып, өңірлік деңгейде өміршең бастамаларға мұрындық болды. «Асыл пышақ қап түбінде жатпайды» демекші, 2008 жылы Президент өкімімен Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл лауазымды қызметтен билік партиясының хатшылығына барғанын да бәріміз білеміз. 2008 жылдың қарашасынан 2013 жылдың тамызына дейін Қарин мырза бес жылға жуық уақыт «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы болып қызмет атқарды, партияның стратегиялық даму жөніндегі жұмыстарына жауапты болды. Билік партиясының осы кезеңде халыққа бір табан жақындап, бұқаралық жобалармен көптеп айналысқаны да ел есінде.

Саяси өмірдің қызу ортасында біраз жыл жемісті еңбек еткен Ерлан Қарин 2013 жылы біршама үзіліс алып, АҚШ-қа аттанды. Онда бір жыл бойы Вашингтондағы Америка университетінің профессорлығын абыроймен атқарды. Осы уақыт ішінде әлемге қауіп төндірген лаңкестік мәселелеріне ден қойып, терроризм табиғатын тануға көңіл бөлді. Орта Азия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды посткеңестік елдерден шығып жатқан лаңкестердің психологиялық, әлеуметтік портретін жасап, бұл мәселеге ғылыми рең берді. Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерделеуді жаңа биікке көтерді. Ерланның жазған «Халифат сарбаздары: аңыз бен шындық» (2014) кітабы бүгінде әрбір саясаттанушы, дінтанушы, әлеуметтанушы атаулының жұмыс үстелінде жататын құралға айналды.

Ерланның ұлттық құндылықтар мен қазақ мәдениетінің жанашыры екені мақала басында айтылды. Оның әсіресе ұлттық қару-жарақтарға, материалдық мәдениетіміздің басқа да салаларына ерекше көңіл бөлетіні баршаға аян. Күні кеше Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінің ашылуында да Қариннің қолтаңбасы бар.

Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтын басқаратын Ерлан Қарин бүгінде елдің сыртқы саясатындағы стратегиялық бағыттарды, ішкі қоғамдық-саяси, әлеуметтік процесстердің дамуын, экономикалық қауіпсіздік мәселелерін зерделеу, ағартушылық-баспа жұмыстарын жүргізу сынды маңызды бағыттарда қызмет етуде. Қос тілдік лагерьге бөлінген бүгінгі қоғамдық-саяси ортада, баспасөз бен ғылымда екі тарапқа бірдей сыйлы саясаттанушының әлі де айтары көп. Ең бастысы қазақ мүддесі бүгінде  Ерландай жігіттердің атсалысуымен биліктің биік сатылары санасатын ықпалды факторға айналды. Ұлтым деген ұлдары барда қазақтың жұлдызы әлі де сан биіктен жарқырайтын болады.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді