Айжан БЕКҚҰЛОВА, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы, ҚР Суретшілер одағының және WCC – Europe мүшесі:
– Айжан Әбдіманапқызы, қазақтың қолөнер тарихының тамыры өте тереңде ғой. Әрине, көне қолөнер мен қазіргі қолөнерді салыстырудың өзі қиындық тудырады, десек те, қазіргі заманғы қазақы қолөнерге қандай баға бересіз?
– Расында да, қазақтың көне, қасиетті, ерекше, теңдесі жоқ қолөнеріне бойлай берсеңіз, терең зерттей берсеңіз, тұңғиығына жету мүмкін емес. Себебі өнердің бұл түрі санамызда өлуге, өшуге тиісті емес. Алайда сонау атам заманғы қазақтың қолөнерін қазіргі заманауи қолөнермен салыстыра алмаймыз. Қазір бүкіл әлем бірігіп, бір уысқа топтасып жаһандануға, мына заманның заманауи талабына сай болу үшін, даму үдерістерін күннен-күнге үдетіп, ұлғайтып келеді. Мейлі, солай делік, бірақ бәрібір әр қазақтың жүрегінің түпкірінде өзіндік көне ұлттық өнерге деген сағыныш бар, ол сезіледі. Әрине, менің мұным жаһандануға деген қарсылығым немесе наразылығым емес, біздің ел де Америкадағыдай жоғары деңгейлі өнер туындыларын барша әлемге паш етіп, дамыған елдердің беделіне жетсе екен деймін. Өз басым шетелдік қай мемлекетке барсам да, ең алдымен қазақтың мәдениетін сол елдікімен салыстыра бастаймын. Себебі қазақ мәдениеті мен өнерінің тек өзіне ғана тән даралығы мен ерекшелігін өзге елдікімен салыстыра қарап, сүйсіне білу – менің жаныма жақын қасиет. Әрине, сувенирді Қытайға, кілемдерді Ауғанстанға тапсырыс беріп жасатуға болатын шығар, кейбір адамдар бөтен елден қолөнер бұйымдарын алдыртуды жөн деп, мақтан деп санайтындай, бірақ біз қазақ ұлты ретінде қазақ жерінде, қазақ қолынан шыққан дүниенің құнын білуіміз керек. Құн деген сөздің де бірнеше мағынасы бар, бұл жердегі құн – біздің ұлттың құндылығы, біздің асыл қазынамыз, мұрамыз ретінде есептелуі тиіс ұлттық мәдениетіміз дегенді білдіреді. Қазіргі таңда қолөнер саласындағы ең орны толмас, ең өкінішті, ең үлкен проблемамыз да осы – ұлттық мәдениетіміздің жоғалып бара жатуы деп есептеймін, оның ішінде қолөнердің де үлкен үлесі бар. Рас, жаныңа батады, сол үшін де қазіргі таңда бұл саланы қайта қолға алып, дамытудың барлық жолын қарастырып жатырмыз. Қазақтың қолөнеріне деген бүгінгі көзқарас та біртіндеп оңалып келеді. Сондықтан өз басым қазіргі заманғы қазақтың қолөнеріне өте жоғары да, тым төмен де баға бере алмаймын. Ең бастысы, біз адам психологиясы мен қолөнер шеберлерінің ой-санасын өзгертуді ең басты мақсатымыз ретінде қолға алдық.
– Сіз қолөнер шеберлерінің психологиясы жайында сөз қозғап отырсыз ғой, қазір халықтың басым бөлігі пайдасы жоқ салаға аттап баспақ түгіл, мойнын бұрып қарағысы да келмейді. Әрине, бұл айыптау да емес, дегенмен қалай ойлайсыз, егер шеберлердің өздері қолөнерге кәсіп ретінде қарайтын болса не болар еді? Бұл ұлттық мәдениетті дамыта ма, жоқ, әлде ұлттық бояуымызды жоғалта ма?
– Егер шеберлеріміз қолөнерге кішігірім кәсіп ретінде қарайтын болса қуанар едім. Себебі кәсіп бар жерде өнім де көп. Ал өнім көбейген сайын қазақтың қолөнері де кеңінен тарап, дами түсері анық. Ал өнім көп жерде таңдау да болады. Өзіңіз алып қараңызшы, шеберлеріміз бір-бір кәсіп иелері десек, бәсекелестік пайда болмай ма? Ал бәсекелестік бар жерде сапа да жақсы. Сондықтан қарсылығым болмас еді, алайда бұл мәселенің екінші жағы бар. Өзіңіз айтпақшы, ұлттық болмысымыздан ажырап кетуіміз де ғажап емес. Сол үшін қолөнерді дамытамыз деп барлығын таза саудаға айналдыра алмаймыз. Саудаға түскен күннің өзінде қазақ қолөнерінің өзгеде жоқ өз «дәмі» өзінде қалуы тиіс.
– Жалпы, отандық қолөнер шеберлерінің туындылары бүгінгі қоғамда қаншалықты сұранысқа ие?
– Қазақстандық нарық Орталық Азияда ең жоғары беделге ие. Біз тұңғыш рет 1995 жылы қолөнершілеріміздің жәрмеңкесін өткізгенде, әлі есімде, кешегідей көз алдымда тұр, халық таласа-тармаса барлық бұйымды талап әкетіп еді. Бірақ сол сатып алушылардың 90%-ын шетелдіктер құрады. Қазір толық сеніммен айта аламын, көрмелердегі отандық қолөнер шеберлерінің туындыларын сатып алушылардың 75%-ы – қазақстандық тұтынушы.
– Мемлекет тарапынан қолөнер саласына жеткілікті дәрежеде қолдау көрсетіліп отыр ма?
– Бұл сұраққа «иә» деп жауап бергім-ақ келеді. Бірақ мемлекет қолөнер саласына қандай да бір көмек көрсететін сияқты, әлдене бір шаралар өткізіліп тұратын тәрізді, бірақ сол қаржы бізге дейін жетпейді, істің нәтижесі көзімізге көрінбейді. Бәлкім, қолдан-қолға берілетін қаржыландыру саласында отырғандар тәжірибесіз мамандар ма, әлде қолөнерге немқұрайды қарай ма, бөлінген қаржылай көмектің басым бөлігі мақсатсыз жолға бөлініп кете барады. Бұл, әрине, бізді қынжылтады, сондықтан өз басым мемлекет алдағы уақытта қолөнер саласына салмақты көзқараспен қарап, нағыз, адал мамандардың қолына ғана мемлекеттік қаржыны сеніп тапсырады деп үміттенемін. Қалай болған күнде біз мемлекеттік қолдаусыз қолөнер саласын аяғынан тік тұрғыза алмаймыз. Бір мысал келтірейін, Иран – мұнайдың есебінен күн көріп отырған мемлекет. Бірде сол елдің мәдениет министрі халықтың алдына шығып «бізде экспорт бойынша ең бірінші орында – мұнай, ал екінші орында қолөнер кәсібі тұруы тиіс» деді. Осыдан-ақ біздің шенеуніктер қолөнерден Қазақстан қаншалықты пайда тауып, экономикалық ахуалын жақсарта алатындығын түсінер деген үміттемін. Егер еліміздегі қолөнер шеберлеріне қажетті жағдайды жасап, жұмыс орындарын ұйымдастырып берсек нұр үстіне нұр болар еді.
– Айжан Әбдіманапқызы, бағанадан бері мемлекеттік қолдау деп отырмыз ғой, ал еліміздегі отандық ірі кәсіпорындардың қолөнерге көрсетіп отырған қандай да бір көмектері бар ма?
– Бұл сұрақтың жауабы да «иә» болса ғой, әттең. Бір кездері қазақстандық Кселл сынды компаниялардың тарапынан аз-кемді көмектер болған, бірақ олар бір реттік көмектер еді. Тағы да қайталап айтқым келеді, қазақ қолөнері – қазақ ұлтының қайталанбас бір бөлшегі, сондықтан бұл салаға салмақты қолдау, салмақты көзқарас қажет!
– Бір сұхбатыңызда шетелдіктердің қазақ кілемдеріне деген қызығушылықтары аса жоғары екендігін айтыпсыз. Әлі де шетелдіктерден тапсырыс келе ме?
– Қазақ кілемдеріне тапсырыс теңіздей толық, ал орындаушы шөлдей тақыр. Кілем тоқитын шикізат та жоқ. Кілем өндірісі тоқтағалы бері еліміздегі тоқыма шикізатын өндірушілер де жоғалып кетті, қазір иірілген жіптің өзін табу қиындық тудырады. Кілем тоқуға қажетті құрал-сайман сиреп, шеберлердің қарасы көрінбейтін болды. Кейіннен бұл проблеманы шешу мақсатында шеберлерді қайта іздестіріп, оқытып, өз бетімізше үйрете бастадық. Бірақ шикізат мәселесі қолбайлау болғалы қашан?! Шетелдіктерден келіп жатқан тапсырыс өте көп болғандықтан, уақыт өте келе кілем өндірісі де қайта жанданады деген үміттемін. Естуімше, Шымкентте, Қызылордада кілем тоқитын шеберлер бар, бірақ олар кілемдерді синтетикалық материалдардан дайындайды. Бұдан келіп бізде сапалы кілем шығаратын орындар бар деп айтудың өзі күлкілі. Бүкіл елге саусақпен санарлық бір-екі шебер бар деген сөз – бұл сала жоқ деген сөз.
– Сонда сіздің ойыңызша, қазақтың қолөнерін дамытып, әлемге паш ету үшін не жетіспей отыр?
– Біріншіден, шеберлер мен ел арасындағы тренингілерді тоқтатпастан жүргізе беру керек. Екіншіден, нағыз мамандарды даярлайтын орталықтар ашып, материалдық базаны жабдықтау қажет. Бұл жерде де мемлекеттік қолдаудың ауадай қажет екендігі айдан анық. Бір-екі кәсіпорынның қаржылай көмек көрсетуі алпауыт ел үшін тым аздық етеді. Біздің елде қолөнерге қажетті отандық шикізат өндірушілер де жоқтың қасы. Біз өмір бойы қырғыз бен қытайдың тауарын сатып алып, тұтына алмаймыз. Жүннің өзін Қырғызстаннан алып отырмыз. Әйтпесе сол жүн еліміздің түкпір-түкпірінде өртеліп жатыр. Сенсеңіз, өзіміздің иірілген жібіміз де, бояғышымыз да жоқ. Оларды Түркиядан, Ресейден және қырғыз ағайындардан әкелеміз. Керек десеңіз, керамикаға арналған жылтыр бояу да жоқ. Яғни біз әйгілі отырарлық керамиканы да жоғалттық. Ары қарай айта берсек – жоғымыз жетеді, пеш, станоктар тағысын тағы. Керек-жарақтың барлығы сырттан әкелінетіндіктен бағасы да қымбат. Егер соның барлығын өзіміз өндіргенде мемлекетке де, халыққа да пайдасы тиер еді ғой?!
– Сіз әңгіменің басынан-ақ шеберлердің қызметі жайлы айтып отырсыз. Ал ендігі әңгіме ауанын өзіңіздің қызметіңізге қарай ойыстырсақ. Сіз басшылық етіп отырған Қолөнершілер одағы жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Нендей еңбек етіп, биылға қандай жоспар құрып отырсыздар?
– Қазақстан Қолөнершілер одағы 2012 жылдың 29 ақпанында қолөнер кәсібін қолдайтын үкіметтік емес ұйымдар тобымен құрылған өзара қолданбалы өнер шеберлерінің алғашқы республикалық бірлестігі болып табылады. Одақтың құрылуы жетіжылдық «Қазақстандағы қолөнер кәсібі мен халықтық кәсіпкерлікті қайта жаңғырту» бағдарламасының нәтижесі болды. Бұл бағдарлама 2006-2012 жылдар аралығында «Шеврон» компаниясы, Our Heritage ҚҚ, Орталық Азия Еуразия қоры мен ЮНЕСКО және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ынтымақтастығы негізінде іске асырылды. Бағдарлама қазақстандық шеберлер бұйымдарының ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекеге жарамдылығын көтеру арқылы мемлекеттің мәдени мұрасын сақтауға бағытталды. Ал Одақтың басты міндеті еліміздің мәдени мұрасын сақтап, дамыту және қолөнершілердің тұрмыстық жағдайы мен мәртебесін көтеру болып табылады. Қолөнершілер одағының қызмет етуі барысында бесжылдық стратегиялық жоспары жетілдірілді. Сонымен қатар АҚШ-тың Санта Фе қаласында өткен халықаралық жәрмеңке мен Лос-Анджелестегі кино фестивалінде «Шебер» республикалық байқауы жеңімпаздары бұйымдарының жәрмеңкесін өткіздік. Кувейтте өткізілген халықаралық фестиваліне қазақстандық шеберлердің қатысуын ұйымдастырдық. Айта берсек, атқарылған іс көп. Тағы бір айта кететіні, Қазақстан Қолөнершілері одағы Бүкіләлемдік қолөнер кеңесінің мүшесі болды. Енді биылғы жылға бірнеше ауқымды шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде қолөнершілер үшін жыл сайынғы ақпараттық бюллетень шығару, V «Шебер – 2013» қолөнершілер байқауын өткізу, Алматы қаласында киізге арналған фестиваль өткізу мен республика және қала деңгейіндегі көрмелер, жәрмеңкелер мен шеберлік-сыныптар өткізу бар.
– Айжан апай, жалпы, қолөнер дегенде жалғыз шеберлердің ғана емес, апа-әжелеріміздің ертеден сырмақ сырып, оюлап көрпе тіккен «туындыларын» да айтамыз ғой. Қазір жастарды айтпағанда кейуаналарымыздың өздері жүн түтіп, киіз басудан қалған. Жалпы, қазақтың көне қолөнерін ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұрадай қалдыра білу үшін не істеу керек? Қалай дегенмен қазір жаңа технологияның заманында бәрі де «темір қолдардың» күшімен дайындалады дегендей…
– Қазіргі қоғам шетелден келген арзанқол дүниені сатып алып, қолдануды әдетке айналдырған. Әжелеріміздің де психологиясы қатты өзгерді. Қазір 50 жастан асқан әйел өзін әже санайды. Мына заманғы апалардың ойынша, олар ештеңе істемеуі керек, орнынан артық қозғалуға болмайды. Экономикалық дамудың өзі халыққа әртүрлі әсер бергенге ұқсайды. Барлығы жаппай «баймыз» деген санамен өз бетінше еңбектенуден қалып барады және әжелердің де түсінігі осы ретте тым тарылған ба деп қорқам…
– Қазақ ырымшыл халық қой, әртүрлі қуыршақтарды, мүсіндерді жасап үйлерінің бір бұрышына іліп қоюы ертеден-ақ болған. Қазіргі қазақ отбасылары мұндайды намыс көретін сияқты, сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл да – психологияның күрделі өзгеріске ұшырауының көрінісі. Ауылдық ағайындар жаппай қалаға көше бастаған сайын ұлттық құндылықтарымызға да біртіндеп тықыр таяна бастады. Олай дейтініміз, ауылдық жердің адамдары қалалық болғанды ұнатады, соларға еліктейді, ұқсағылары келеді. Соңында не таза ауылдық емес, не қалалық емес, ортада қалады. Соның салдарынан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз да түсініксіз күй кешуде. Не анда жоқ, не мында жоқтың дәл өзі. Әйтпесе, расында да, қазақ – өте ырымшыл халық. Бұрын ұрлық-қарлық атаулы болып па еді? Есігі өмірі құлыпталмайтын қазақ үйлерге жан баласы түспеген. Иә, бұрындары жылқы ұрлау, пышақ ұрлау деген сияқтылар болған. Бірақ бұл ұрлық болып есептелмеген. Ал қазіргі жағдай күнделікті көз алдымызда. Дегенмен бір қуанарлық жайт бар, ол – бүгінгі жастардың ата дәстүрді қайта қалпына келтіруге деген талпынысы мен қызығушылығы. Отбасында ата-әжесі ежелгі дәстүр жайлы сөз қозғамаса да, өз бетінше оны зерттеп жүргендер бар. Қазір қазақтың қасиетті шашақтарына, ала жіптеріне деген сұраныс көп, бұл, әрине, қуанарлық жағдай.
– Мектеп бағдарламасында еңбек деген сабақ бар. Жалпы, осы пәндердің қолөнер саласын дамытуға қандай да бір ықпалы бар ма?
– Өте тамаша сұрақ. Қазіргі мектеп бағдарламасындағы еңбек пәнінен сабақ беретін педагогтердің жұмысына қарап жылағың келеді. Біздің балаларымызға, немере-шөберелерімізге қолөнерді үйретіп жүрген ұстаздардың бүгінгі сиқына таңғаламын. Біз «Шебер» байқауына әдейі ұстаздарға арналған номинацияны кіргіздік. Себебі менің түсінігім бойынша, адам біреуді үйретпес бұрын өзі үйренуі тиіс. Ал біздің елде жасыратыны жоқ, қолөнерді оқытып, үйретіп жүргендердің 90%-ының қолөнерден хабары жоқтар. Ұлттық мәдениеттен бейхабар күйде өсіп келе жатқан ұрпақтың еш кінәсі жоқ. Мамандарымыздың білімсіздігі мен біліксіздігін ұлттық құндылықтарымызға деген менсінбеушілік деп түсінемін.
– Білуімізше, «Шеврон» компаниясы мен өзіңіз басшылық етіп отырған ҚР Қолөнершілер одағы үлкен жоба әзірлеп жатыр. Сол жөнінде қысқаша айтып берсеңіз?!
– «Шеврон» компаниясы 2006 жылдан бастап бізге көмек көрсете бастады. 2005 жылы ең алғашқы кездесулеріміз болып, қазақ қолөнерін дамытуды қалайша қолға алу керектігін талқылай бастадық. Кейін ұлттық комиссия құрып, нағыз мамандардан жасақталған сарапшылар тобы бұл саланы дамытудың жолдарын іздестіру шараларына кірісіп кеттік. Ал 2006 жылы қолөнершілердің мағлұматтық базасын жасақтадық. Бір жыл ішінде зерттеулер жүргізіп, 2007 жылдан бастап тренингілер өз жұмыстарына кірісті. Түрлі оқу құралдарын жазып, қолөнершілерді оқыттық. Яғни «Шеврон» компаниясы көште қалған көне ата дәстүрімізді қайта жандандырып, қазақы қолөнерге бейім, жаны жақын жандарды біріктіріп, оқыту шараларын қолға алды. Сонымен қатар шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды шет мемлекеттерде жиі болатын халықаралық көрмелерде паш етіп, байқауларға қатысуға мүмкіншіліктер сыйлады. Алғашқы бес-жылдық жобамыз 2007 жылдан 2012 жылға дейін жалғасты, кейін келісімшартымыздың уақыты аяқталған сәтте «Шеврон» бұл мерзімді одан әріге жалғастырып, өз қолдауын одан әрі жалғастырды және бүгінгі таңда жалғасып келеді.
– Тағы бес жылға ма?
– Өкінішке қарай, мерзім жайлы әзірге сөз қозғалған жоқ. Бірақ солай болар деген зор үмітіміз бар. Осы тұста «Шевронның» өзге демеушілерден бір ерекшелігін айта кеткім келеді. Бұл компания өзгелер сияқты «міне, ақша білгеніңді істе» демейді, себебі ол жерде нағыз отансүйгіш, патриот, ұлттық мәдениет десе ішкен асын жерге қоятын жандар отыр. «Шеврон» тек шеберлердің біліктілігін көтеру үшін ғана емес, мына біздердің де шетелге барып, көріп, танып, дүниетанымымызды дамытуға қол ұшын созып, мүмкіншілік берді. Шетелден жаттықтырушыларды шақыртып, кәсіптік деңгейімізді көтерді. Осының барлығы кәсіпорынның, шын мәнінде, ұлттық құндылықтарды сақтауға арнаған ізгі ниеті мен адал пейілі деп есептеймін. Өз басым «Шеврон» сынды компаниялардың елімізде көбейе беруін тілеймін және аталмыш кәсіпорынды баршаға үлгі ретінде, мақтанышпен айтқым келеді!
– Әңгімеңізге көп рақмет.
Алашқа айтар датым…
– Мен қазақтың қызымын. Менің өмірімде шетел асып, туған жерден жырақта өмір сүруіме бірнеше мүмкіндік беріліп, ой келді. Бірақ мен олай істей алмадым. Себебі менің орным – осында, тамырым терең жайлаған Отанымды өзгеге айырбастай алмаймын. Қолымнан келгенінше қазақтың қолөнерін дамытқым келеді. Қолдайтындар да, қорғайтындар да бар және бұл мені одан әрі қанаттандырып, одан әрі қуанта түседі. Алаш жұртшылығынан сұрарым, қазақтың қолөнері тек тұрмысқа ғана қажет болмауы тиіс. Себебі қазақтың қолөнері – қазақ ұлтының күретамырларының бірі. Ел болып, жұрт болып ата дәстүрді, салт-сананы сақтайық! Адам психологиясы өзгергенімен, ұлттық мәдениет еш өзгеріссіз, таза қалпында сақталуға міндетті. Ол үшін мемлекеттік көзқарас пен қолдаудың да атқарар рөлі ерекше…
Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА
http://alashainasy.kz/person/44496/