АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

КЕДЕН ОДАҒЫНА ТҮРКИЯ КІРЕМЕ?

турцияМинскіде өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеден Одағына Түркияны қабылдауға шақырды. Бұл ұсыныс сарапшылар ортасында түрлі пікір туғызды. Елбасының бұл сөзінде терең мән жатыр. Оның астарына үңілу үшін Кеден Одағы аумағының кеңеюіне және осы одақ аясындағы түйіні тарқатылмаған мәселелерге қатысты бірқатар сарапшыларымызға сауал қойған едік. Мынадай жауап алдық.

Ахмет Алияз, түркиялық сарапшы:

Бұл – Түркияның таңдауы

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әңгімесінен кейін, Түркияның премьер-министрі Тайып Ердуан қоңырау шалып: «Кеден Одағына қабылдайтын болсаңыздар, біз кіруге дайынбыз», – деп мәлімдепті. Ердуған үкіметіне дейін Түркия бір векторлы сыртқы саясатты ұстанып келді. Бір ғана Еуропамен байланыс арқылы Түркия экономикасын дамыту мүмкін емес екеніне бүгінгі таңда Түркия жұртшылығының көзі анық жетіп отыр. Еуроодақпен Түркия арасындағы сауда айналымы, экспорты мен импортын қоса есептегенде, небәрі 90 миллиард долларға жетіпті. Бұл көрсеткіш елдің экономикасын көтеруге жеткілікті емес. Өйткені, Түркия экономикасының көрсеткіші 860-870 миллиард долларға жеткен. Бұл ненің арқасы? Соңғы он жыл ішіндегі Түркия экономикасы мен сыртқы саясатындағы түбегейлі өзгерістердің арқасы. Мұның алдында Түркияның көпвекторлы саясат ұстануына АҚШ пен Еуроодақ үзілді-кесілді қарсы шығатын еді. Бұдан былай ешбір ел қарсы бола алмайтындай бір жағдай бар. Ол – энергетика көздері. Мұнай мен газды тек қана Ираннан, Ресейден аласың. АҚШ мұхиттың арғы жағынан бізге мұнай тасып бере алмайды. Қаласаң да, қаламасаң да, мұндай байланыс орнату керек екенін олар да түсінді.
Аймақта құрылып жатқан кез келген ұйым  – Түркияның таңдауы. Ол ұйымдарға тікелей кірмесе де, жанама түрде кіруге ниет білдіріп отырады. Біз НАТО-ға мүше бола тұра, ШЫҰ-ға бақылаушы ел болып қабылдандық. Олай болса, Қазақстан, Ресей, Беларусь құрып жатқан Кеден Одағына Түркия неге кірмеске? Еуроодақ қазір христиандық одақ секілді қабылданады. Сол сияқты бұл үштік одақ та Ресейдің империялық пиғылы ретінде қабылдануы ықтимал.Түркия кірсе, онда бұл Ресейдің империялық пиғылы емес, шын мәніндегі, нағыз түркі-славян одақтастығына айналуы мүмкін. Оның үстіне, Түркия мен Ресей арасындағы сауда айналымы 45 миллиард долларға жеткен. Яғни бір ғана Ресеймен арадағы экономикалық байланыс Еуроодақтың 26 елімен жасалған байланыстың тең жартысын құрап отыр. Бұл  – өте үлкен көрсеткіш. Үш елді қосса, туризмді қоса есептегенде, 60 миллиард долларға жетті. Сондықтан Түркия Кеден Одағына кіруге мүдделі.
Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстың жалпы құны 4 миллиард долларға жеткен. Түркия Қазақстаннан 3 миллиард доллардың тауарын сатып алып жатыр. Қазақстанға сататыны – 1 миллиард доллардың тауары. Әрине, Еуроодақ Түркияға: «егер Кеден Одағына кірсеңдер, бізден ажырайсыңдар», – деп талап қояды. Бірақ елу жылдан бері Түркияның үміті ақталған жоқ. Оған сенбейтін де болдық. Сондықтан, Түркия жаңа одақтастар мен жаңа бағыттарды айқындап жатыр. Бес жылдың ішінде Еуроодақ Түркияны қабылдамайтын болса, онда Анкара өзге одақтарға кіру мәселесін қатаң түрде қолға алады деп есептеймін.
Түркия Кеден Одағына кірсе, түрік инвестициясы еркін кіре бастайды. Бауырластықтың арқасында, Қазақстан болсын, Түркия болсын, түркі халықтары келіссөздерде үстел басында еркін отырады. Әрі бұл одаққа Әзірбайжан, Қырғызстан және Өзбекстан да кіруге ұмтылады. Осылайша, бір-бірімізбен тең тұрғыда сауда жасауға мүмкіндік туады.

Андрей Чеботарев,
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:

Елеулі мүдде қайшылығы жоқ

– Түркия Кеден Одағына кіру ниетін ресми түрде жариялаған емес. Бұл сыртқы экономикалық әріптестерімізді көбейту мақсатында айтылған біздің мемлекет басшысының ұсынысы. Оның үстіне, Түркия Кеден Одағына мүше елдердің ешқайсысымен шекаралас жатқан жоқ. Жақында Сирия да осы одаққа мүше болуға тілек білдірді. Мұнда экономикалық мүддеден гөрі саясаттың жатқаны анық.
Меніңше, Түркияның Кеден Одағына кіруіне қатысты мәселе – саяси жүріс. Ресей Арменияның мүше болуын қалайды, нәтижелі болмаса да,  Сирияның ұсынысы қаралуы ықтимал. Бұл жерде Қазақстанның басшылығы да осы тақылеттес бастама көтеріп отыр. Яғни Кеден Одағына Қазақстанды қолдайтын әріптестерді тартуды көздейді. Десе де, Қазақстан үшін Түркияның емес, Қырғызстан мен Тәжікстанның кіруі тиімдірек. Орталық Азия елдері Қазақстанды қолдауы ықтимал. Өйткені, Түркия өзіндік ерекшеліктері бар ел. Өзінің мүддесі бар. Посткеңістік кеңістікке қатысты саясаты да ерекше. Сондықтан, бұл ел Кеден Одағына кіруге мүдделі ме, жоқ па, ол жағын дөп басып айту қиын.
Егер Түркия кіре қалған жағдайда, саяси тұрғыдан Қазақстанға тиімді болар еді. Ресей Беларусь пен Арменияға арқа сүйейді. Қазақстанға да ірі одақтас керек. Түркия осы үдеден көріне алуы ықтимал. Десе де, Ресей мен Беларусьтің бұған қалай қарайтыны белгісіз. Рас, Ресей Кеден Одағының кеңеюіне мүдделі. Бірақ посткеңестік кеңістіктің шеңберінде ғана. Түркия теңгерім ретінде енетін болса, бұл Ресейге мүлде тиімсіз.
Саммитте Қазақстан Ресейге емес, Кеден Одағы мен үкіметтен жоғары тұратын ұйымдардың жұмысына сын айтты. Сынның бір ұшы Ресейге келіп тисе де, жанамалап тиді деуге болады. Яғни әңгіме Ресей аумағындағы қазақстандық бизнеске қойған шектеулер, Ресей мен Беларусьтің келісімшарттарды орындамауы туралы болып отыр. Бұл – Қазақстан Кеден Одағынан шығады деген сөз емес. Қазақстан интеграцияның саяси деңгейге көтерілуіне (бұл Ресейдің қалауы) жол бермеуге, тек қана экономикалық тұрғыда жүзеге асыруға қолдан келгенін жасайды, барынша күш салады.  Қалай десек те, айтарлықтай елеулі мүдде қайшылығы жоқ. Тек қана техникалық тұрғыдан ала-құлалық бар. Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде құжаттарды әзірлеу, қол қою барысында бәрі анықтала түседі. Сол кезде Қазақстан бір нәрсеге келіспей қоюы ықтимал

 

Жас Казак газетiнен алынды