АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Кедендік одақ, экономикалық кеңістік… достық туралы тағы да келісім

Казақстан мен Ресей достық пен ынтымақтастық жөнінде жаңа келісім жасайтын болып жатыр. Осы уақытқа дейін біз Ресеймен  Ельциннің заманында «Мәңгілік достық» деген құжатқа қол қойысқанбыз. Одан кейін

«Қарапайым адамдарға арналған он қадам» дейтін және бір шарттың төңірегінде тоқайласқанбыз. Бұл шарттың негізінде елімізге орыс баспасөзі шектеусіз тарайтын болды, солай болып та келе жатыр. Бір қызығы Ресей жағы өз территориясына қазақ газеттерін кіргізген емес. Хош делік. Бұның сыртында Қазақстан мен Ресей халықаралық ұйымдарға да бірдей мүше. Соңғы екі үш жылдың ширегінде Кедендік одақ аясында келіссөздер жүргізіп ақыры бірігіп тынды. Енді екі ел 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрмақшы. Ол одақты жария етпес бұрын 2014 жылы келісім болуы керек екен. Келісім қазақ пен орысты достық пен ынтымақтастықтың жаңа белестеріне бастайтын көрінеді.

«Біздің уағдаластықтарымызды іске асыру үшін Ресейге келуге әркез қуаныштымын, — деді Н.Назарбаев әріптесі Путинмен кездесу барысында. — Желтоқсан айында біз ынтымақтастық мәселелерін талқылаған болатынбыз. Енді жаңа жылда жаңа міндеттер пайда болды. Біз екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім бойынша тапсырма бердік».

Қазақ Президентінің сөзіне қарағанда  аталған құжат жақын арада қабылданатын да көрінеді. Сонымен, кедендік одақ бойынша бірігіп, экономикалық біртұтас аймақта өмір сүруге пейілді екі ел достық туралы келісімге келгелі жатыр. Ол келісім қандай болады, қалай болады? Қай ұшпаққа жеткізеді? Әзірге бұл сауалдарға жауап табу қиын. Өйткені Ресеймен қарым-қатынастың бәрінде біржақтылық басым. Оның үстіне қай қашанда саясатта достық болған емес, тек мүдде ғана бар. Тіпті мүдделестік те жоқ. Мысалы соның солай екендігін Ресейдің әрбір қадамынан анық көріп келеміз.

Masa.kz