Украинада қазір 5 миллион адам жәрдемге мұқтаж. Олардың 1 миллион 300 мыңы тамақ тауып жей алмай, гуманитарлық көмекке аса зәру күйде отыр. Еурокомиссия жақында осындай мәліметтер жариялады. Украина шығысындағы Донбасс аймағында майдан шебінде (Украина әскері бақылайтын аймақтарда) мыңдаған адамдар өмір сүріп жатыр. БҰҰ-ның халықаралық азық-түлік бағдарламасы (WFP) үкіметтік емес ұйымдар арқылы Украинаға 200 мыңнан аса азық-түлік жинағы мен ваучерін жеткізді. Қыс таяған сайын мұндағы адамдардың кетеуі кетіп барады.
Украинаның шығысындағы инфрақұрылымның дені қираған. WFP өкілдері жергілікті тұрғындарға көмек жеткізу үшін осындай қауіпті жолдармен жүруге мәжбүр.
Диабет кесірінен аяғын кестірген Наталья Кот кейінгі бес жыл бойы үйінен шыға алмай отыр. Үкіметтік емес ұйымдар әкелген ваучерлер жүйесі оған өзіне қажет азық-түлікті таңдауға мүмкіндік береді.
Студенттер жатақханасында тұрып жатқан босқындар баласы. Украина заңдары бойынша, басқа мектепке барған бала бұрынғы оқыған жерінен мәлімет-құжаттар әкелуі тиіс. Босқындар көбінесе ондай құжаттарды алып үлгермейді.
77 жастағы зейнеткер Петр Яковлевич. Мәскеу университетінде диссертация қорғаған ғылым кандидаты қазір босқын ретінде студенттер жатақханасында тұрып жатыр. Петр Яковлевичтің ұлы мен әйелі Донбастағы қарулы қақтығыстар кезінде опат болған. Ол қазір тірі қалу үшін азық-түлік жәрдемін алуға мәжбүр.
Ұлының психикалық сырқаты және көзінің ақауы бар Неля Сергеевна. Ел ішінде босқынға айналған азамат ретінде бұл кісілер де WFP азық-түлік ваучерін алуға құқылы.
Бір айға арналған біркісілік азық-түлік жинағының салмағы — 21 килограмм. Оған қарақұмық, макарон, лобия (фасоль), қалбырдағы ет, балық, май, қант, тұз бен шай кіреді.
WFP (БҰҰ) азық-түлік бағдарламасының Краматорск қаласындағы өкілдігі басшысы Зульфия Самбор «азық-түлік жәрдемін алған адамдардың ақшасы үнемделеді. Бұл тағамдар микроэлементтерге бай, жинақта жеміс-жидек те, көкөніс те бар. Сондықтан, адамдардың ас мәзірі аздап байып та қалады» дейді.
WFP (БҰҰ) азық-түлік бағдарламасының Славянск қаласындағы өкілі қираған ғимараттардың жанында жүр.
http://www.azattyq.org/