АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қиянат қылып, қарғысқа қалма[:]

[:kz]

kiyanat_kylypАдам баласы қиын жағдайға тап болып және оған себепкер болған адамды қарғаса, қабыл болады екен. Оған өз басымнан өткен екi оқиға дәлел бола алады.

…Бастауыш сыныпта бiзге Қалқаш деген мұғалiм сабақ бердi. Балалық шағы соғыс кезiнде өткеннен кейiн бе, өте қатал едi. Ешкiмдi кешiр­мейтiн. Сабақта жауап бере алмай қалсаң, құлағыңды резеңкеше созатын. Ол аздай, сол оқушыны сабақтан кейiн алып қалып, әбден зәбiр көрсететiн.
Демалыс күнi көршi балалармен ләңгi теуiп жүргенмiн. Кенет, көшенiң арғы басынан екi ат жегiлген арба көрiндi. Арбаның тiзгiнiнде – Қалқаш ағай. Арбаның үстiнде төрт-бес қап бидай теңкиiп жатыр. Сiрә, колхоз орталығындағы диiрменге бара жатса керек. Сол арада қай шайтанның иығымнан түрткенiн қайдам: “Е, Алла, егер анық бар болсаң, тiлегiмдi қабыл ет! Мына арбаны төңкерiп, үстiндегi адамды жазым етшi”, – дей салғаным. Содан әлгi арба Қарасу өзенiне жете бергенде әлдене өзiнен-өзi гүрс ете қалды. Ләңгiнi тастай сала жүгiрiп барсақ, аттар үркiп кетiп, арба өзенге қарай жантая құлапты. Қисайған арбаның аяқ шенiнде басынан судай қан аққан Қалқаш ағай отыр. Адамдар лезде жиылып, аттарды арбадан ағы­тып, басы жарылған Қалқашты жолаушы көлiкке салып, Сазтөбеге қарай жiбердi. Осылайша, бiр айдай Қалқаш ағайдың орнына басқа мұ­ғалiм сабақ бергенi бар.
Содан ержетiп, есейдiк. Жаңбыр құйып тұрған күнi жұмыстан қайттым. Күздiң суық күнiнде дiр­дектеп келе жатқанымда бiр қап-қара “Ауди – 100” жеңiл көлiгi жүретiн жер таппағандай жанымнан өте шыққанда, үстiм малмандай су болды. Көлiктiң iшiндегiлер бұл iстерiне ыңғайсызданудың орнына қарқ-қарқ күлiп өте шықты. Олардыкi де қысастық. Көше кең, шамалы ары жүрсе болады ғой. Менi адам ғұрлы көрмей су шашып өткенiне ызам келiп: “Ой, әкеңнiң баласы… Төрт дөңгелегiң көктен келiп, шашылып қалғыр!” – деп қалай қарғап жiбергенiм­дi де аңғармай қалдым. Ашулы күйi үлкен көшеден бұрылып, қиғаш көшеге түсе бергенiмде, электр бағанасына соғылған әлгi көлiк көзiме оттай басылды. Топырлаған адам да, “Жедел жәрдем” де сол маңда. Кө­лiктiң тұмсығы быт-шыт. Құдай сақтап iшiндегiлер аман қалыпты.
Осы оқиғадан соң мен ешкiмдi де қарғамайтын болдым. Бiреудiң қарғысына ұшырап қалмау үшiн маған да, басқаға да қиянат жасай көрмеңiздер! Әрине, бұл – менiң әзiлiм. Дегенмен, әзiл астарында шындық бар екенiн де естен шығармағанымыз дұрыс шығар.
Орынтай КӨМЕКОВ,
Түлкiбас ауданы,
Оңтүстiк Қазақстан облысы.
http://www.zhasalash.kz/

[:]