АЛТЫНОРДА
Новости

Көк мұздан керемет өнер туындысын жасайтын мүсіншілер сайысқа түсті

Астана. 10 қаңтар. Baq.kz – Оралдағы еңбекпен түзету колониясында ақ қар, көк мұздан керемет өнер туындысын жасайтын мүсіншілер сайысқа түсті. Олардың пайдаланатын материалы көзіміз үйренген саз балшық пен мәрмәр емес, кәдімгі көктен түскен табиғаттың сыйы. Мұндай байқау РУ 170/2 мекемесінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Соған қарамастан жазасын өтеушілердің шебер қолынан шыққан алуан түрлі мүсіндер мінсіз жасалуымен және әсемдігімен таң қалдырады.

Мына орыс ертегісіндегі әйгілі кейіпкер құс аяқты үйшікті жасауға қарағандылық Александр Лаврентьев үш күн уақытын, 55 шелек салқын суды және қардың үлкен үш үйіндісін жұмсаған. Мүсінді кәдімгі тік күрекпен ойып шығыпты.

 

Александр Лаврентьев, Жазасын өтеуші: 
— Міне, ертегілер еліндегі үйшікті жасадым, енді қыс маусымы болғасын аяқтары тоңбасын деп байпақ та кигізіп қойдық. Осының бәрін бір ғана күрекпен жасадық. Оған басы артық ештеңенің керегі де жоқ. Уақыт бізде жетеді, асықпай жүріп жасадық, мақсатымыз орындалды.

 

Қазір түзету мекемесінің ауласына оннан аса қардан жасалған мүсін көрік беріп тұр. Олардың арасында ертегі мен мультфильм кейіпкерлері, биылғы жылдың басты нышаны Жылқы бейнесі де бар. Тіпті, сәулет өнерінің таңғажайып туындыларын да көруге болады. Таң қаларлығы бұл тамаша бейнелерді сомдаған жандар кәсіби маман емес, арнайы құралсыз, дайындықсыз, қиялға ерік берген жазасын өтеушілер.

 

Андрей Бекенов, Жазасын өтеуші:
— Бұл жерде енді қаншама адамдар өзінің өнерлерін, қаншама сондай қолынан жақсы өнер келетін сотталғандар бар. Осындай шара ұйымдастырумен өнерлерін ортаға салып, практика жасап соны.

 

Даниял Ғабдушев, РУ 170/2 мекемесі бастығының орынбасары: 
— Әр жасақтан төрт-бес сотталған шығып, қардан осындай композициялар жасады. Өздерінің фантазияларымен салып, өздерінің өнерлерін салып. Бірақ та өздері әртүрлі мамандар болса да біреулерінде мамандық та жоқ. Дегенмен де, өздерінің барын салып, осындай композициялар жақсы-жақсы шықты.

 

Күні бүгін колонияда 800-ден аса адам жазасын өтеуде. Арасында қарақшылық шабуыл жасағандар, тіпті, адам өлтіргендер де бар. Дегенмен, шығармашылықпен айналысу арқылы олар жандарын тазартып, қоғамға түзеліп оралуға жол іздейді. Сайыс өткізудегі мақсат та соны көздесе керек.

 

http://baq.kz/kk/news/41921