АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қола жүлде көпке қозғау болды

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннiң Сочи қысқы олимпиадасында жеңiп алған қола жүлдесi барша елдiң табысы десем, артық емес шығар. Бiз осы күнге жету жолында талай қиын-қыстау кезеңдi, асу берместей көрiн­ген кедергiлерден өттiк.

Әлi есiмде, Денис алғаш рет 10 жасында Омбы қаласында өткен   халықаралық турнирде топ жарды. Сол сайыста Омбы облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясының президентi Коган Александров бiздi Мәскеуде өтетiн iрi жарысқа шақыртты. 10 жасында-ақ әлемдiк сын­ға түсiп, ысылған шәкiртiм 20 жасында олимпиаданың қола жүл­десiн олжалағаны менiң де   мәр­тебемдi биiктеттi.
2003 жылы Жапонияның Аомори қаласында өткен қысқы Азия ойындарына төрелiк етуге бардым. Сол кезде елiмiздiң спорт агенттiгiн басқарған бал­уан Дәулет Тұрлыхановқа жасы 9-дан асқан Теннiң фотосын көрсетiп, “Осындай талантты спортшы өсiп келедi. Азия ойындарында, әлем чемпонатында, тiптi олимпиада ойындарында жүлде алатынына сенiмiм кәмiл” деп айтқанмын. Дәулеттiң де есiнде шығар. Денис 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен 7-қысқы Азия ойындарында топ жарды. Былтыр Канададағы әлем чемпионатында күмiс жүлде алды. Биыл Сочиде мейманамызды тасытты.
Сочи қысқы олимпиада ойынында Денис айдынға 13-нө­мiрмен шықты. Қазақта санға байланысты да ырым бар. Бiз үшiн осы 13 саны ерекше. Өйт­кенi Тен 13 маусымда өмiрге келген.
Сочидегi сайысты көзiмiзбен көрдiк қой, бапкер ретiнде берер бағам – Тен қысқа бағдарламада бар мүмкiндiгiн пайдаланған жоқ. Бойындағы күш-қуатын ол еркiн бағдарлама сайысына сақтап қалды. Ал екiншi жарыста өте жоғары элементтердi орындауда техникалық шебер­лiгiн көрсеттi. Еркiн бағдарлама бойынша Тен айдынға он үшiншi болып шықты. Сол кезде мен мәнерлеп сырғанаудан мем­лекеттiк жаттықтырушы Кенжеш Садыққызына “Тен сүрiнiп кетпесе медаль уысымызда болады” деп айтқам, түйсiгiм алдамапты. Қазылар алқасы қалай бағалағанын қайдам, менiңше еркiн бағдарлама бойынша Тен бiрiншi орын алуы тиiс едi. Екiншi орында канадалық Патрик Чан, үшiншi орынға жапон Узура орнығуы керек-тiн.
Қазақ спортының тарихында мәнерлеп сырғанаудан бұған дейiн бiзге олимпиаданың жүл­десi бұйырмай келген едi. Қысқы спорттың осынау түрiне қазақ балаларының қызығуы қуантады. Тенмен бiрге Сочиде өнер көрсеткен Абзал Рақымғалиевтiң де болашағы кемел. Оған олимпиада ойындарында алдыңғы 24 спортшының қатарына орнығу жүктелген болатын. Абзал Сочи олимпиадасын 22-орынмен аяқ­тады.
Абзалдардың iзiн жалғайтын Айза Имамбек есiмдi қызымыз, Данияр Әдiлов секiлдi баламыз биылғы ел бiрiншiлiгiнде топ жарды. Олар алғаш рет әлемдiк гран-при турнирiне қатысуға мүмкiндiк алды. Ынтасы ерекше жеткiншек шәкiрттерiмiздiң де қатары молығып келедi. Солардың арасында Ажар Жұмаханова деген кiшкентай мәнерлеп сырғанаушы келешекте ел намысын қорғайтын айтулы спортшы болары сөзсiз.
Құралай Узурова, Галина Маслюк сынды бiлiктi бапкерлер Теннiң талабын ұштап, қанаттандырғысы келедi. Бiрақ бiздiң мүмкiндiгiмiздi спорттық алаңның жетiмсiздiгi шектейдi. Бiр ғана Алматының өзiнде мәнерлеп сырғанауға баулитын бiлiмi мен бiлiгi жоғары бапкерлер көп. Олардан тәлiм алып, спортпен шұғылданғысы келетiн шәкiрттер де жеткiлiктi. Денис Сочи олимпиадасының жүлдесiн алған күннен берi мәнерлеп сырғанауға баласын баулығысы келетiн ата-ана қатары тiптi артты. Тек мұз айдыны жетiспейдi. Денис олимпиаданың жүлдесiн иелену жолында Ресейде, АҚШ-та әзiрлiк­тен өттi. Өзгелердi де дәл солай сыртқа жiберу қыруар қаржыны керек етедi. Бiзде емiн-еркiн жаттығып, бауырыңды жаза көсiлуге қолайлы мұз айдыны санаулы ғана. Аумағы шағын айдынды ат шаптырым алаңға айналдырар болсақ, Қазақ елiнен талай Тен шығатынына бек се­нiмдiмiн.
Айгүл Қуанышева,
бапкер,
Алматы қаласы.