Ресейше бұлшық ет көрсету Кез-келген саяси өзгерістің артында экономикалық, қаржылық мүдделер тұратыны жасырын емес.Украина олигархтарының аймақтарға губернатор болып тағайындала бастауының өзі біраз жайтты аңғартса керек. Мұның неге алып баратынын уақыт көрсете жатар. Ал Кремльдің «Қырымды Ресейдің құрамына қосып аламын» деген сипаттағы саясаты «бұлшық етін көрсетуі» ғана.
Себебі, бұл қадам Ресей үшін ауыр экономикалық қиыншылықтарға алып келеді. Ресей Парламенті жоғарғы палатасының Қырымға әскер кіргізуге келісім беруі — біздің солтүстік көршілерімізге 72 млрд $шығын әкелді. Оның 62 млрд $-ы индекстің капитализациясын жоғалтуға қатысты болса, 10 млрд $-ыОрталық банктің рубльді қажет деңгейінде ұстап тұруына жұмсалды.
Еуропа Ресейге тәуелді
Әрине, көпшілік АҚШ пен Еуропалық Одақ Ресейге ауыр экономикалық санкциялар салады деп ойлады. Бірақ бұл қадам бумеранг тәрізді айналып соғуы да мүмкін. Қарапайым мысал: АҚШ пен Ресейдің өзара тауар айналымы 40 млрд $! Ал ЕО мен Ресей арасындағы тауар айналымы 400 млрд $-дан асады. Яғни, Кремль саясатына қарсылық ретінде экономикалық санкциялар басталар болса, Ресеймен қатар, ЕуроОдақ да теперіш көреді деген сөз.
Ең бірінші, ЕуроОдақтың экономикалық локомотиві саналатын Германияның «басы аурып, балтыры сыздай» бастайды. Өйткені, Германия – сыра ұрттап, футболдағы «Баварияның» жеңістеріне масаттанып қана отыра алмайды. Олар өздері тұтынатын газдың 30%-ын Ресейден алып отыр. Егер Германия экономикасында құлдырау басталатын болса, сөзсіз бүкіл ЕО-ны шарпиды (Әрі Италия, Испания, Грекия сияқты мемлекеттер ресейлік туристерден бас тартпайтыны анық. 2012 жылдың өзінде Испанияда демалып, қыдырған ресейлік туристер 1,8 млрд еуро қалдырған).
Болгария, Чехия, Эстония, Латвия, Литва, Финляндия, Словакия 100 %, Италия 38% Ресей газына тәуелді. Тіпті ЕО жоғарғы технологиялық өнімдер үшін қажетті паладийдің 20%-ын Ресейден алып отыр. Кейінгі бір аптада палладий құны 7 пайызға өскенін де қаперден шығармаңыз. Ендеше, ЕО — жақын аралықта Ресейге шикізаттық тәуелділіктен арыла алмайды.
Ал АҚШ-тан келетін газ тасымалы тек алдағы 1-2 жылда ғана іске қосылуы мүмкін. Оған дейін тұтас дерлік «кәрі құрлық» тұрғындары «сирағын жағып» жылынып, тандыр нан пісіріп қоректенбесі анық. Сондықтан, Украина, рас, ЕО үшін өте маңызды. Бірақ Еуропалық Одақ үшін өз халқының тұрмыс деңгейі мен экономиканың жағдайы одан артық.
Қырымды алғаннан Ресейге не «пайда»?
Біріншіден. 2013 жылдың қорытындысы бойынша, Украинаның орталық бюджетінен нетто-көмек алатын26 аймақтың ішінде Қырым бесінші орында тұр. Қырым жыл сайын бюджеттен 30 млрд рубль алады. Қысқасы, Украина жыл сайын Қырымдағы 1 адам үшін 15 200 рубль бөледі. Салыстыру үшін айтайық, Ресей биыл әрбір Шешенстан азаматына 14 750 рубль бөлген.
Егер Ресей Қырымға да қаржы жұмсайтын болса, кететін ақша 3 млрд $-ға теңеседі. Қысқасы, Қырым — Ресей бюджеті үшін өте ауыр «шоқпар». Ал көтере алмайтын шоқпарды белге байлау – кісіге абырой әпермейтіні қазақ мақалында айтылған.
Екіншіден. Қырым инфрақұрылымын, экономикалық тұрақтылығын ұстап тұру оңайға соқпайды. Қырым халқы тұтынатын газдың 65%-ын мемлекеттік «Черноморнефтегаз» қамтамасыз етеді. Әлбетте, мұны өзгертуге болар. Бірақ Ресей ол үшін арнайы, жаңа газ құбыр желісін тартуы керек. Ал оны ешкім тегін орнатып бермейтіні айдан анық. Сондай-ақ, Қырым тұтынатын ауыз судың 80%-ы Украинадан келеді. Украина су беруді тоқтатпауы мүмкін. Бірақ су бағасын аздап болса да өсіретін болса, бұл – тағы да Ресей бюджетіне салмақ түсіретіні сөзсіз.
Мұндағы электр қуатының 4/5-ін Запорожь бен Кахов СЭС-тары береді. Ал олар — Қырым территориясында емес. Яғни, электр қуатына да баға өспек. Ал Краснодар аймағынан суасты электр желісін тарту 500 млн $ қажет етілетіні есептеліп қойған шаруа. Дегенмен, уақыт өте бәрібір Қырым өзінің электр қамтамасыз ететін жүйесін қалыптастыруы қажет болады. Бұл — Ресей үшін тағы 2 млрд $ шығын болуы мүмкін.
Транспорттық тұрғыдан да Ресейдің Қырыммен тікелей байланысы жоқ. Тек теңіз арқылы қатынаса алады. Ал Керчен бұғазы арқылы көпір салу үшін 3 млрд $ қаражат керек екен. Бұл жағдайда, мәселені шешу үшін Ресейде екі-ақ жол бар: не Киевке әскер кіргізу (ал ол мүмкін емес), не жаңа инфрақұрылым жасау (ал бұл өте қымбат).
Үшіншіден. Қырымда не өндіріс, не ірі кен орындары жоқтың қасы. Негізгі табыс көзі – туризм ғана. Ал жалғыз туризмнен түсетін табыс — тұтас өңірдің өзін өзі қаржыландыруына жетпейтінін ішіңіз сезетін болар. Қорыта айтқанда, Ресейге тағы бір дотациялық аймақ түкке де қажет емес. Мұны айдаладағы біз білгенде, Мәскеудегі әккі саясаткерлер мен ақбас қаржыгер-экономист, сұңғыла бюджет жоспарлаушылардың білмеуі тіпті мүмкін емес.
P.S.
16 наурызда Қырымда Ресейге қосылу жөнінде референдум өтпек. Бірақ халық Ресейге қосылуды қолдап шыққанның өзінде іс бітті екен деп қалмаңыз. Себебі, Молдованың Днестр аймағы да кезінде референдум өткізіп, 91 пайыз дауыспен Ресейге қосылуды қолдаған. Нәтиже — белгілі. Алайда, алдағы жексенбідегі референдумды Путин идеологиялық жеңіс ретінде қарастырып, қаржыны аямай жұмсайтынын ұмытпаған дұрыс.
Бірақ Украина — тәуелсіз мемлекет, әрі Қырым оның құрамында. Кремль осыны мойындауы қажет.