АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚОШ, ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ПЕРИЗАТЫ!

Қазақтың Фаризасы дүниеден өтті. «Шашы ағарған қыз» қара өлеңді еліне табыстап, мәңгілік мекенге аттанды. Ол әлемді, адамзатты, жалпы жаратылыс атаулыны ақындық іңкәрлікпен сүйе білді. 
Сүйдіре білді. Қазақ қыздарының поэзия әлеміндегі жаңа тынысын ашты. Бірнеше буын Фаризаға қарап бой түзеді, өсті, жетілді. Фариза-ақын «ереуіл атқа ер салып жүріп ерлердің ісін де бітірді», ел мұңын биік мінберлерден сөйледі. Дәнегінен дұрыс өніп келе жатқан өскін көрсе, қуанды, алты алашқа сүйіншіледі. Білдірмей жүріп қанша таланттың бағын ашты, булығып жүріп қазақтың қанша есесін қайтарды.

Мынау «ұстараның жүзіндей шыр айналған дүниеде» әр қазақ жанына ерекше жақын, сырлас, мұңдас, сырттай айбар, арқа тұтып жүрген жан еді. Қоғамның барлық жаман әдеттері Фариза болмысты жандар алдында өз-өзінен жалтарып, табанын жалтырата қашып, жоқ болып кететін сияқты еді. Ішкі тазалығынан көз жазып қалған талайлар Оңғарсынованы көрсе өз-өзінен төменшіктеп, ойындағысын іркіп, кібіртіктеп, пұшайман хал кешер еді. Еркін де өр адамдар мәңгілік әлемге бет алғанда, қабырғамыз  опырылғандай күй кешетініміз де содан шығар. Өткен шақта сөйлеу қандай қиын!..

Қош, қазақ поэзиясының перизаты! Қош, Махамбет жырының жарқылы! Халқыңыздың жүрегіндегі орныңыз  мәңгілік!

Айқын