АЛТЫНОРДА
Криминальные новости

Куәгерлер Ахметов ісіндегі фигуранттардың махинациясын айтып берді

image115655Экс-премьер Серік Ахметовтың ісі бойынша куәгер болып отырған кәсіпкер Руслан Сыздықов сотта Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтен электрондық пошта арқылы бұйрық алғанын айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Таңда басталған сот процессінде Серік Ахметов шаршаңқы көрінді. Тыңдау кезінде ол сұрақ қойған жоқ, адвокаттарымен сөйлесіп қана отырды. Бүгін, 16 қыркүйекте сот Қарағандыдағы көлік-логистикалық кешеннің заңсыз құрылысына байланысты эпизодты қарады. Алдын ала бекітілген куәгерлердің ішінде Ерғұлан Әбеков пен Руслан Сыздықов қана келді. Жұматаев белгісіз себептермен сот отырысына қатыспады. Куәгерлер экс-әкім Әбдішевке және жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Айдар Телғаринге қарсы көрсетпе белгілер берді.

Сыздықовтың айтуынша, ол теңқұрылтайшысы болып табылатын «СТК Конар» ЖШС-ға 2011 жылы «Агро-Консалтинг К» АҚ басқарма төрағасы хабарласып, Қарағандыдағы көлік-логистикалық кешеннің сызба жобасын жасауды сұрады. «Мен электрондық пошта арқылы Бауыржан Әбдішевтен хат алдым. Ол әкімдікке шақырды. Мен бардым, кездестік. Ол менен Алматыға барып, осыған ұқсас көлік-логистикалық кешенді көріп қайтуымды сұрады. Осы бұйрықты орындауым үшін Алматыға ұшып барып, нысандармен таныстым. Қарағанды келіп, Әбдішевке электрондық пошта арқылы шағын есеп жазып жібердім», — деді куәгер Сыздықов.

Алайда, тергеу органдарының мәліметі бойынша, Интернетте мұндай хат алмасу болмаған. Прокурордың айтуынша, сот материалдарында электрондық хат алмасудың дәлелі жоқ. Ал куәгер хаттарды өшіріп тастаған болуы мүмкін екенін айтты. Сыздықов өзінің «ГАС» ЖШС есебінен соғылып жатқан «ТЛК» ЖШС-на заңсыз ақша аударуға қатысқанын растады.

Екінші куәгер, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұрынғы басшысы Әбеков сотта ТЛК құрылысына Айдар Телғариннің тікелей тапсырмасы бойынша рұқсат бергенін айтып берді. Ол мұның «заңсыз» жасалғанын мойындады, себебі бұл туралы қаланың жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Телғарин «өтінген».

«2012 жылдың 10 шілдесінде маған жұмыс орныма Телғарин келді. Ол құжаттарды берді, нақты айтсақ: «ТЛК» ЖШС-ның Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс жоспар аймағында ауданы 9,2 гектар болатын жер телімін ұсыну туралы өтініші. Сонымен қатар, құжаттардың ішінде орналастыру схемасы мен өзге де құжаттар болды. Оларды көріп, Телғаринге сұралып отырған жер теліміне заң бойынша мұндай рұқсатты бере алмайтынымды айттым. Бірақ ол айтқанынан қайтпады. Сөйтіп, мен бұл рұқсатты бердім. Мұның заңға томпақ екенін Телғарин білді», — деді куәгер.

Еске салайық, Қарағанды қаласында экс-премьер-министр Серік Ахметовтың және істің өзге де фигуранттарының соты жалғасып жатыр. Сот істің 82-ші томын қарап жатыр. Еске сала кетейік, Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовке жемқорлық мәндегі алты қылмыс бойынша ресми түрде айып тағылған болатын, олардың қатарында аса ірі көлемде пара алды (тергеудің тұжырымынша, 2 миллион 400 мың доллар — Авт.), аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, лауазымын асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар бар.

Tengrinews.kz