АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі. «ҚАРАТАУ ТӘЖІНДЕГІ» ТӘУІР ІСТЕР

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

    Оңтүстік Қазақстан облысындағы  Кентау қаласы өзгелерге ұқсамайды. Оны қазақтың кемеңгер перзенттері «Қаратау тәжі» деп бекерге атамаған. Ең бастысы, қала халқының  бойында қалыптасқан менталитет бөлек.

    Қаланың экономикасы Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері  түбегейлі өзгерді. Кеңес Одағы жылдарында  кен өндіретін. Қаланың атының өзі содан шыққан.

   Шикізатты Кентаудан таситын  Шымкенттегі қорғасын зауыты жабылды. Кентаулықтар қазатын кен орындары сарқылды. Түсті металл шикізаты таусылған соң Кентаудағы комбинаттар да жұмысын тоқтатты. Қала   ауыл шаруашылығына бейiмделді.

    Соңғы жылдары, басқаны былай қойғанда,  мектептердің өзі жылыжайлар салып алды. Бұл бастама қаланың өзге тұрғындарына үлгі болуда.      

    Кентауда  қазір мектептердің жанында  12 жылыжай кешенi жұмыс iстеп тұр. Олар жақсы өнiм жинауда. Тиiмдi бастаманы Кентау қалалық әкімдігі қуана қолдап отыр. Олар  мектептердің жылыжайларында күз, қыс айларында да қызанақ, қияр, т.б өнімдерді өсіруді жоспарлауда. Осы мақсатта мектеп қазандықтарына  жылыжайларды қосуға көмектесуді қолға ала бастады.

    -Мектеп жылыжайлары бiрнеше мәселені шешуге ықпал етуде.  Мектеп жанындағы жылыжай  кешендері  оқушыларға  өнiм өндiрудi плакат арқылы таныстырмай, таза тәжiрибе алаңы ретiнде пайдаланылуда. Оларда оқушылар  көкөнiстi баптап, өсiрудi үйренуде. Мектеп асханалары алдағы 1 қыркүйектен бастап  арзан әрi жергiлiктi өнiммен қамтылады.  Мұнан тыс, білім ошақтары дайын өнiмдi өткiзiп, пайда таба бастады. Мектептер  түскен қаржыны  түрлi қажетiне жаратуда. Сондықтан мектептiң жылу жүйесiн осы жылыжайларға да пайдалану  маңызды мiндет,- дейдi Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев.

     Қазір Кентауда алдағы қысқа дайындық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қыс келді дегенше  қайталанатын мәселелердi азайту, жою, болдырмау жолдары қарастырылып жатыр.

0_8018f_7f54866f_XL

    -Көп қабатты үйлерге жылу беру мәселесі  жыл сайын қайта көтерiлмеуi керек,- дейді қала басшылығы. Осы салаға жауапты қызметкерлердің жауапкершiлiгi арттырылуда.

    Бюджет қаржысына  салынған  әлеуметтiк нысандардың құрылыс сапасына айрықша көңiл бөлінуде. Мемлекет меншігіндегі ғимараттарды қалыпты жағдайда ұстап тұру үшiн Кентау қаласына қарайтын ауыл әкiмдерi мен мектеп директорлары қыруар жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыс аудан, қала әкiмдiктерi тарапынан тиянақты талданып отырады. Кентауда  жаңа нысандардың бүгiнгi жағдайын жiтi қадағалап, кемшiлiктердi  құрылысты салған, немесе күрделі жөндеуден өткізген мердігерлердің есебінен жоюға тырысу қалыптасқан дәстүр. Дәл осы жұмыста  әрбiр мемлекеттiк қызметшi бюджет есебiнен салынған нысандарға аса жауапкершiлiкпен қарап, өз дүниесiндей жаны ашуы байқалады.

      Қаратау тәжiне баланған Кентаудың бүгiнгi сәулетi, келбетi соңғы жылдары едәуір жақсарды. Бірақ бұл жұмыс ұдайы жетілдіруді қажет етеді.

      Шағын қаланың кескiн-келбетiн айшықтайтын жоба-жоспарлар жеткілікті.  Айына екi рет осы жоспарлардың орындалу барысы  арнайы кеңесте талқыланып отырады. Ал, қаланы  көркейтуге арналған сәулеттiк кеңестер   аптасына бiр рет өтуi жоспарланған. Оған қала әкімінің өзі қатысады.  

      Ауыл шаруашылығын дамыту  саласында да дайындалған жоспар бар. Осы орайда   су көздерiн тиiмдi пайдалану, шағын су қоймаларын салу мәселесi өзекті болып тұр. Қысқасы, қала маңындағы  суармалы жерлердiң көлемiн ұлғайту жоспарланып отыр.

     -Кентау қаласына қарайтын шалғайлау елдi мекендер де бар. Олар бұрын жұмыс істеп тұрған, кейін жабылып қалған кеніштердің жанындағы ауылдар. Ол шағын ауылдардың тұрғындары үшін  жалғыз күнкөрiс көзi — мал шаруашылығы. Сондықтан  Кентауда шағын мал бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын ашу маңызды. Біз бiрыңғай СТК жүйесiн қалыптастыруымыз керек. Осы мәселеге қатысты ұйымдастыру жұмыстарын қолға аламыз,-дейді Кентау қалалық әкімдігінің басшылары.      

       Биыл облыста осы мақсатқа 7,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Бөлiнген қомақты қаражаттан миллиондарды алып, өз iсiмдi ашамын деп өтiнiш бiлдiргендер табылады. Олардың  арасында кентаулық шаруалар да бар. Алайда, оны ұйымдастыру енді қолға алынып жатыр. Билiк тарапынан тұрғындар арасында түсiндiру жұмыстары жүргізілуде. Қолынан iс келетiн шаруаларға жер беру қала әкімінің жіті бақылауында тұр. Жердi аукционға шығаруда жан-жақты жариялылық қамтамасыз етілмекші.

      Қаратау баурайында орналасқан Кентау ағын судан тапшылық көрмейтiн шаһар. Мұндағы екi өзеннiң әлеуетiн ұтымды пайдалану күн тәртiбiндегi өзекті мәселе. Осы орайда бұл аймақта балық шаруашылығын дамыту жақын жылдардың еншісінде. Пилоттық жоба ретiнде балық өсiру жақын арада қолға алынбақшы.

    Кентау қаласында жақында  моноқала бағдарламасы аясында грант қаржысына  спорт кешенi салынды. Онда жазғы, кейбір  қысқы спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде оншақты спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Қала жастарының сүйікті орнына айнала бастады.

    Бес қабатты екi жатақханада кезiнде жекенiң қолына өтiп кеткен еді. Соларды коммуналдық меншiкке қайтару  үшін Кениау қалалық әкімдігі қыруар жұмыс істеді. Жатақханалардың  иелерi  120 млн. теңге сұрап отырып алды. Олар ғимараттарын осындай сомаға бағалаған едi.  Екі жатақхананы да  жаңғырту жұмыстарының жөн-жобасы жасалды. Әкiмдiк жүргiзген келiсiмнiң нәтижесiнде қос нысанның құны 80 млн. теңгеге түсiрiлді. Сөйтіп, мемлекет меншiгiне алынды. Алдағы уақытта бұл ғимараттар түбегейлі жөндеуден өткiзiлiп, тұрғын үй кезегiнде тұрған азаматтарға берiлмекші.

    Қаратау тәжі деп аталған Кентау қаласында осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жасарып, жаңара түспекші.