АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі. САРЫАҒАШТА ЖАҢА ШИПАЖАЙ ҚАЛАШЫҒЫ САЛЫНАДЫ

скачанные файлы (1)  Сарыағаш демалыс аймағы бүкіл ТМД елдеріне белгілі. Ол алдағы кезде  жасара, жаңара түспекші. Онда дем алу және ем алу сапасы халықаралық деңгейге жеткiзілмекші. Облыста осы мақсатта жаңа жоба әзiрленуде.            

   Алдағы жылдары 1500 орынды жаңа курорттық қалашық салынады. Ол 600 гектар аумаққа жайғаспақшы. Қалашықтағы әрбір ғимарат  осы заманғы халықаралық  стандартқа сай салынады.   Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметов Сарыағаш курорттық аймағында ұйымдастырылған жергiлiктi кәсiпкерлермен кездесу барысында осылай деп  мәлімдеді.

   Бірақ бізде бір кемшілік бар.  Кәсiпкерлер осындай ірі құрылысты жүргізу барысында  жеке-дара оқшаулана қимылдайды.  Жұдырықтай жұмылмайды. Бiрлесе әрекет жасауға келгенде енжар. Мысалы, қазір болашақ шипажай қалашығын көгалдандыру жұмысын бастап жіберу керек. Бассейндер құрылысы қарқын алғаны абзал. Осы мақсаттарға облыс бюджетінен  қаржы бөлiнiп  қойған.  Кәсiпкерлерге қолдау көрсетудің барлық амалдары қарастырылуда. Шипажай қалашығы салынатын  аумаққа инфрақұрылым тартыла бастайды. Су жүйелерi салынбақшы.

    Алдағы уақытта Шымкенттегі  әуежай жаңадан салынады. Темiржол вокзалы халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге көшеді. Автовокзал ретке келеді. Сөйтіп, олар да  курорттық аймақты дамытуға тың серпiн бередi.

    Сарыағашқа жүрдек пойыздар мен арнайы автобустар қатынайды.

    Жиын барысында iскер азаматтарға осы жоба кеңiнен таныстырылды. Кәсіпкерлер  аталған жобаға ерекше қызығушылық танытты.

    Облыс әкімі мына мәселеге ерекше назар аударды. Кейбiр кәсiпкерлер минералды суларды бассейндерге қолданады. Аймақ басшысы  мұның дұрыс еместiгiн қадап айтты. Өз кезегiнде кәсiпкерлер кәрiз жүйелерiн салуға көмек сұрады. Асқар Исабекұлы бұл мәселенiң жобада қарастырылғанын жеткiздi.

   Жақын арада Сарыағаштағы шипалы су әрбір  шипажайға  жеке-жеке тасымалданбайды. Ол орталықтандырылған жүйе арқылы таратылады. Сонымен қатар емдiк-сауықтыру орындары мен курорт аумағында балаларға арналған аттракциондар салу, сауда қатарларын шығыс стилiнде қайта құру  қарастырылған. Облыс әкімі кездесу барысында  осы және өзге де жайттарға кеңiнен тоқталды. Кәсiпкерлердi тек облыс емес, республикамыз үшiн маңызды жобаны бiрлесiп жүзеге асыруға шақырды.    

   Бұл бастаманы кәсiпкерлер бiрауыздан қолдады. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев жетекшiлiк ететiн болды.

    Демалушылар үшiн қолға алынатын жобаның алғашқы кезеңi биыл басталмақ. Осылайша , Оңтүстік Қазақстанда билiк тарапынан тағы да бір  тың тірлік қолға алынды. Бүкіл облыстың брендіне айналған Сарыағаш шипалы суы оңтүстiкке туристердi көптеп тартуға жол ашпақшы.