Мәскеуде тұратын оппозициялық саясаткер, қоғамдық қайраткер Валерия Новодворская 65 жасында қайтыс болды. Ақпараттарға қарағанда, ол № 13 қалалық аурухананың жан сақтау бөлімінде жұқпалы-улы тырысқақтан (шок) сенбі күні қайтыс болған.
Журналист әрі құқық қорғаушы Новодворская 1969 жылдан бастап советтік диссиденттік қоғалысқа белсене қатысты. Ол «советке қарсы үгіт жүргізді» деген айыппен бірнеше рет тұтқындалған. Құқық қорғаушыны Қазан қаласындағы психиатриялық клиникада мәжбүрлі түрде емдеген. 1970-1980 жылдары Новодворскаяны тағы үш рет соттайды. Совет кезінде оны жалпы 17 рет тұтқындаған.
1988 жылы Новодворская «Демократиялық одақ» («Демократический союз» — ДС) партиясын құрғандардың бірі болды. Бұл партияға совет диссиденттері, құқық қорғаушылар мүше болған. 1993 жылы ол шағын «Ресей демократиялық одағы» («Демократический союз России») атты партия құрып, ДС-тан бөлініп шықты.
1995-1996 жылдары билік оған қарсы үш рет қылмыстық іс қозғауға тырысты. Оның бәрі қылмыс құрамы табылмағаннан кейін жабылып қалды.
2010 жылдың наурызында Новодворская Ресей оппозициясының «Путин кетуге тиіс» деген үндеуіне қол қойды.
Новодворская — бірнеше кітаптың авторы. 2014 жылдың наурызында ол украиналық «Правый сектор» белсенділеріне видео-үндеу жасады. Онда ол белсенділерді Ресейге қарсы тұруға шақырды.
http://www.azattyq.org/content/news/25455159.html