Есімі Қызылжар өңіріне жақсы таныс Есқожин Қайрат ағамызды бір кісідей білетін сияқты едім. «Қойын дәптер» мен күнделіктегі көңіл сырларын оқи отырып, өзгеше қырынан танығандай болдым. Партия, комсомол ұйымдарында, шаруашылық салаларында 45 жыл басшылық қызмет атқарған абзал азаматтың өнегелі өмір жолы үлгілі ғибраттарға толы екені өз алдына, қолы қалт еткен сәттерде жазылған эсселер мен естеліктер, сезімнен туған өлең-жырлар сыршыл жүректің, әсершіл мінездің қыл пернесін шерткендей көрінеді.
Олай болса, күнделіктегі көңіл сырларының кей қалтарыстарына үңіліп көрейік.
«Әкеден тым ерте айырылып, жетімдіктің ащы зардабын бала кезімнен жете сезінгендіктен бе, әлде бәз біреулердің «өзі тойса да көзі тоймайды» деген жаман қылыққа баратындықтарын көп байқағандықтан ба, саналы өмірімде маған адами қасиеттері мол адамдарды кездестіргенімді маңдайыма жазылған бақыт санаймын. Алдымен жан анама мәңгі қарыздармын».
Төрт жылға жуық уақытқа созылған Ұлы Отан соғысының соңғы оғы атылған жылы дүние есігін ашқан Қайраттың туған жері – жер жәннаты Көкшетау өңірі. Алтын құрсақты анасы Қаншайым он бала көтеріп, шетіней бергеннен кейін оны тіл-көздің сұғынан сақтап, жұрт назарынан тасалау ұстауға тырысады. Бес жасқа толғанда талай жыл ұжымшар басқарған асқар таудай әкесі Шаймерден мезгілсіз көз жұмады. Нағашы атасы Сәдуақас жиендерді жетім, қарындасын жесір атандырмаймын деп көшіріп алады. Содан бергі ғұмыры нағашы жұртымен біте қайнасып, жалғасып келеді.
Анасы ерекше жаратылған жан болатын. Ауыл-аймақ оны тазалықтың, кірпияздықтың ерекше үлгісіндей көретін. Ауыл-аймақ құрмет тұтып, «золотая бабушка» атап кеткен. Келін-кепшік оған еліктеуге тырысатын. Інісі Бақытжан екеуін тістелеп өсіріп, азамат қатарына қосудағы табандылығы мен жанкештілігі талайларды таңғалдыратын. Түбіт мұрты енді тебіндеп келе жатқан бозбала жігіттің арманы – инженер-конструктор болу еді. Содан «шүу, қарақұйрық!» деп, Мәскеудің энергетикалық институтына тартып кетеді. Екі пәнді үздік тапсырғанымен, құжаттарды кері алуға тура келеді. Аттестаттағы «ағылшын тілін 6 сынып көлемінде меңгерді» деген бір ауыз сөз кесір болып тиеді. Білімге шөліркеп келген ауыл баласы қайсар мінезіне басып, сол кездегі КСРО Ғылым және оқу министрі Елютиннің қабылдауына кіреді. Сөйтіп, Харьков политехникалық институтының студенті атанады. Үшінші курста Отан алдындағы міндетті борышын өтеуге шақырылып, үш жыл үш ай әскери өмірді бастан өткереді. Отбасылық тұрмыс жағдайы келмегендіктен, сырттай оқу жүйесіне ауысуды жөн көреді. «Ебепке-себеп» деген. Сергеев аудандық әскери комиссариатына тіркеуге тұруға келген ол комиссардың жөн сілтеуімен аудандық комсомол комитетіне келеді. Ондағыларға тепсе темір үзетін жас жігіттің сөз мәнері мен іс-қимылы ұнап қалса керек, аупарткомның бірінші хатшысы Ніл Болатбаевқа алып келеді. Не керек, аудандық комсомол комитетіне нұсқаушылыққа қабылданып, кейін бөлім меңгерушілігіне жоғарылатылады. Жамбыл аудандық, облыстық партия комитеттерінде шыңдалып, тәжірибе жинақтағаннан кейін Возвышен аупарткомының екінші хатшылығына сайланады. Қай өндіріс орындарына жұмсаса да, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті мол, білікті, білгір басшы ретінде танылады.
– Кейбір азаматтарды көзіміз көрді ғой. Бірде олай, бірде былай шауып, тындырғаны шамалы болса да ісінен сөзі зор, тілі майда, сонысымен басшылардың көзіне түскіш, шынайы еңбеккердің алдын орағыш келеді. Өзінікін де, өзгенікін де өзіне теліп алады. Қайраттың біреуді ғайбаттап, сыртынан сөз жүгірткенін естіген емеспін. Бірақ, айтарын анық айтатын, ешкімнен қаймықпайтын турашыл мінезін ел-жұрт сыйлайды, – дейді төл құрдасы, жан досы, облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев ағамыз. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
«Тіршілікте адам баласының ақыл-ой парасатының бір биік шыңы – төзімділік. Осы қасиетті бойына дарытқан адам жамандықтан майыспайды, сатқындыққа қайыспайды».
1986 жылы Қайрекеңнің біраз сергелдеңге түсіп, қысымға ұшырағаны бар. Онда облыстық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқаратын. 225 мүшесі бар кәсіподақ ұйымының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, баяндаманы талқылауға келгенде зал ішінде шыбынның ызыңы естілетіндей өлі тыныштық орнаған. Идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшының неліктен кейбір жөнсіздіктер біздің ортақ үйіміз – партия комитетінде орын алады деген сөзін арқаланды ма, мінбеге бірінші болып көтерілген орда бұзар жастағы ол баспана бөлу төңірегіндегі жолсыздықтарды бүкпесіз жайып салған. Кәсіподақ ұйымының шешімін бір ғана адам өзгертіп, басқаша ұйғарым шығаратынын, ол осы залда отырған А.Дягтеров екенін, оның орнын басқан В.Волков та кәсіподақ пікірімен мүлдем санаспайтынын батыл сынап, мұнда бір күн жұмыс істемеген үлкен бастықтардың балалары кезексіз пәтер алады. Бұл әділдік пе деген сауалды төтесінен қойған. Жастар жағы ризашылықтарын жасырмаса, үлкендер «тым қатты кетті-ау, келешегіне балта шапты ғой» деп аяушылық білдірген. Жұмыс аяқталмай жатып хатшылардың алдында өз көзқарасын қорғауға тура келген. «Үнсіз қудалау» партиялық-ұйымдық бөлімнің жетекшісі И.Проценко тарапынан жалғасып, артта қалған кеңшарға директорлық болуды, енді бірде ешқандай қатысы болмаса да су шаруашылығы саласындағы кәсіподақты басқаруды ұсынған. Басқа біреу болса қысымға шыдамай, көніп салар ма еді. Ешқандай қызметке ауыспаймын. Жұмысымды бір адамдай білемін деген өзінен кейін турашыл азаматты иліктіре алмасын соңына шырақ алып түскендер білген. Ол кезде партиялық номенклатураға жақпағандардың жазасы ауыр болатын. Сірә, ағамыздың екі тілге жүйріктігі, өз ісіне беріктігі, жұмыс десе жанып сала беретін болмысынан әлдекімдер қаймықса керек.
1988 жылы Возвышен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқаратын. Егіс алқаптарын аралап жүрген жаздың жадыраған бір күнінде аупарткомға шұғыл түрде шақыртылды. Келсе, Орталық комитеттің инспекторы тағатсыздана күтіп отыр екен. Оның сөзінен ұққаны, «орталық аппаратқа жұмысқа алу үшін жергілікті кадрларды іріктеуге келіпті. Облыс басшылары тізімге Қ.Есқожинді де қосыпты. Алматыдан келген өкілдің сауалдарына жазбаша жауап беріп, жұмыс бабымен жүріп кеткен. Енді мына шыжықты қараңыз. Мінездеме берген үш коммунистің бірі «қызметіне мығым» деп сипаттай келіп, «ұлтшылдығын» тізіп берген. Қазақ кадрларын көбірек жақтайды, бүйрегі бұрып тұрады. Олардың өскенін құптайды, қателіктеріне кешіріммен қарайды», деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай еткен. Ол болса, өсу баспалдағының кесілгеніне емес, негізсіз жабылған жалаға налыды.
«Өмірімнің ең бір бақытты шақтары отбасын құрудан басталған сияқты. Адал жар, шын махаббат бәрін жеңеді».
Қайраттың бірге оқыған 15 сыныптас қыздың арасынан айдай сұлу Гүлмәзияны таңдап алуы – өз алдына әңгіме. Оқуға алғыр, бірбеткей өрімдей қыз өзінен кейінгі сіңлі-інілерінің жағдайына қарайлап, тезірек мамандық алуды ойлайды. Петропавл медицина училищесін бітіріп, жас маман ретінде Социал ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктіне жіберіледі. Бірде шұғыл дәрігерлік шақыртумен Мұрат деген кісінің үйіне келген ол Қайраттың әскери формадағы суретін көріп: «Мына жігітті жақсы білемін. Қазақ мектебінде бірге оқығанбыз. Сіздерге қандай туыстығы бар?» деп сұрайды. Осы сөз құлағына тиісімен Бибізара жеңгей: «Мына әдемі фельдшер қайнымды таниды екен. Ешкім сөз салмай тұрғанда ініңді дереу шақырт. Бәлкім, дәм-тұздары жарасып кетер» – деп күйеуінің екі аяғын бір етікке тығады. Аңқау отағасы да бірден елп ете түсіп, «ауырғанын» себеп етеді. Аудандық әскери комиссариат арқылы жеделхат жолдап, сонау Ашхабад қаласында әскери борышын өтеп жүрген немере інісін шұғыл алдыртады. 4 жылдан соң кездескен сыныптастар бір-бірін ұнатып, сөз байласады. Содан бері бір шаңырақ астында 47 жыл түтін түтетіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Үш баланың әкесі мен анасы, жеті немеренің сүйікті атасы мен әжесі атанды.Бұл отбасыда үлгі-өнеге боларлық жақсы дәстүрлер көп. Солардың бірі – айтулы мерекелерді, мерейтойларды, қуаныштарды әулет болып қарсы алу. Тұңғыштары Айгүл мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін Алматыдағы технологиялық институттың тамақ өнеркәсібі факультетіне түсті. Инженер-технолог мамандығын алды. «Рахат» кондитер фабрикасында ширек ғасырға жуық еңбек етуде, үлкен беделге ие. Ұлдары Рашид та орта мектепті кілең 5-ке аяқтап, Мәскеудің энергетикалық институтын, Халықаралық бизнес академиясының магистратурасын тәмамдады. Қазір жауапты қызметте. Динара университетті үздік бітіріп, банк саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Келіні мен күйеу балалары да әдепті, биязы.
Сарғыш тартқан күнделіктегі көңіл сырлары бір-біріне жалғасып кете береді. Былай аяқталыпты:
Бірінен бірі биік кезеңдерім,
Аямай алдан тосты белең-белің.
Тайғақ та қия-құзды қиын жолдар,
Ернімнің талай көрді кезергенін.
Бірінен бірі өктем дәуірлерім,
Сіңірді жазды әкелер сәуір лебін.
Үміті, арманы да, шыдамы да,
Ұсынып, тепе-тең қып артық-кемін.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
ПЕТРОПАВЛ.