Алматы десе – апорт, апорт десе Алматы түсетін еді есімізге. Екеуі егіз ұғым секілді-тін. Бүтіннің екі жартысындай. Қазір жартының кебін киіп тұр. Бүгінде екеуі екі бөлек. Жарты-жартыдан..
. Алматысы қалды. Апорты жоқ. Алматыға барғанда, аузымыз тола нарттай апортты асап жеуші едік. Қазір дәмі жоқ Қытайдың алмасын місе тұтамыз. Өйткені Алматыны апорт, я апортты Алматы тастап кеткен. Есесіне, ең аяғы шыбын-шіркей де жеріген, құрт та жемейтін Қытайдың алмасы аткөпір. Алманың отаны – Алматыда Қытайдың алмасы сайран салған соң, қырдағы елдің базарына өкпелеудің өзі тым ерсі екен. Алматыда бәрі бар. Тек Алланың өзі алқап берген табиғи тартуы – апорты жоқ. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды». Алматы апорты – құдыққа құлаған құлан, Қытайдың алмасы құлағында ойнаған бақа боп тұр…
Қытайлық алманың құрамын зерттеулер де жария етіп отыр. Шетелден әкелінетін жемістер Е консерванттар тобына жататын газбен өңделетіндігін ғалымдар айтудан әсте жалыққан емес. Сонда ол сырты бүлінбей, өңін бермей, жарты жылға дейін дәмі бұзылмаған күйі сақталады. Мұның адам ағзасына зиян екені аян. Естеріңізде болса, осыдан бірер жыл бұрын, ауыл шаруашылығының мамандары Қытайдың Шаньдун аймағындағы алма өсіруші фермерлердің алма салынған қорапқа, жәшікке, қапқа пестицидті қосатындығын анықтаған болатын. Бұған ол фермерлер зиянкестерден сақтау үшін осындай әрекетке барғандығын, бұдан үрейленудің қажеті жоқтығын айтқан еді. Алайда пестицидтің мөлшерден көптігі адам түгіл, топыраққа да зиян екенін ғалымдар ежелден-ақ дәлелдеген. Соны біле тұра, біздің елде сырттан келетін тауарлардың сапасын тексеруге құлықсыздық қайран қалдырады. Ал «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын дүниежүзінде пестицидтерді пайдаланудың салдарынан 500 мыңнан 2 миллионға жуық адам уланып, олардың 10-40 мыңы өліп кеткен жағдайлар болғанын айтады. Көп елдерде пестицидтерді пайдалануға тыйым салынған. Пестицидтерді пайдалану ауылшаруашылық өнімдерін 18-20% сақтайды. Қазіргі кезде оларды көп қолданатын болғандықтан, қоршаған орта мен адамдарға зияны тиіп жатыр» дейді мамандар.
Ішкеніміз – ірің, жегеніміз желім емес пе екен?
Еуропа, АҚШ, Жапония секілді елдерде импорт тағамдардың залалын сүзгіден өткізетін зертхана-сараптамалық сала мықты жолға қойылған дейді мәліметтер. Сондықтан олар не жеп, не қойғанын жақсы білсе керек. Біз ше? Олай емес, ішіп-жеміміздің қайсысы пайдалы, несі химикат екенінен бейхабармыз. Әңгіме етіп отырған қытайлық алма да – сондай салғырттықтың салдары.
Сергей ТЕРЕХИН, медицина ғылымдарының докторы:
– Құрамындағы пестицидтер көлемі рұқсат етілген мөлшерден асып кеткен тағам тамақ ретінде қолданылмайды. Азық-түлік органолептикалық өзгеріс, пестицидтердің қалдық мөлшері рұқсат етілген ең жоғарғы мөлшерден жоғары болса, ол өнімдерді жою керектігі туралы шешімді белгілі бір нормаларға сәйкестендіріп, санитарлық бақылау органдары шешеді. Пестицидтердің тағамдық азық-түліктерде жоғары болуы ең алдымен, адам денсаулығына әсер ететіндігін ескеру керек. Фосфорорганикалық пестицидтермен ластанған жемістер мен көкөністерді жуғаннан кейін тосап және джем, кептірілген жемістер жасауға қолдануға болады.
Пестициді бар болсын. Енді алманың сыртына сызат түсірмейтін Е-нің қаншалықты адам денсаулығына кері әсері барын білеміз бе? Жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылы 6 тамыздағы №611 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнімдеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» атты санитарлық ереженің «Азық-түлік өнімдерін дайындау кезінде қолданылатын, адам денсаулығына зиян келтірмейтін тамақ қоспалары» деген бөлімінде азық-түлік өнімдеріне қосуға болатын қоспалардың толық тізімі көрсетілгенімен, зияндысы нақтыланбаған. Ал ресейліктер жіктеп тастапты. Соның ішінде мутант алмада болатын консерванттар қатарында қатерлі ісік, аллергиялық аурулар, асқазанға кері әсер ететіндерін дәлелдеген зерттеулері де бар. Сонымен көршіміз қандай консерванттан сескеніп отыр? Оның тізімі сала құлаш. Қатаң тыйым салынған консерванттар ішінен ресейлік зерттеулерде сырттан келетін алманың құрамынан анықталғанына ғана тоқталайық. Олар: E 296, E 620 (бала тағамында пайдалануға тыйым салынған), E 270 (қауіпті), E 160 (аллергия тудыратын) және тағы бірқатары бар екен. Бұдан кейін өзіңіз мутант алманың адал, арамын бағамдай беріңіз.
Арманға айналған апорт
Мамандардың айтуынша, таза алманың құрамында 83-88% су, 7,5-16% қант, 0,2-0.8% қышқыл, 9,5-18,5 % құрғақ қалдық, 0,28-1,0% илік заттар, А, В1, В2, В6, С, РР дәрумендері, көптеген минералды заттар болады екен. Апорт кеш пісетін түрге жатады, қыркүйек айларында ғана пісіп-жетіледі. Кеш піскендіктен, қыста жақсы сақталады. Құрамын да өзгертпейді деседі.
Бармағымызды бүгіп, таңдайымыз тақылдай отырып, санап көрсек, Алматының таза апорты аузымызға тимегелі талай жыл болған екен. Сонау бала кезімізде бір апорттың жұпар иісі бір бөлмені алып кететіндігін осы күні аузымыздың суы құрып, сілекейіміз шұбырып, аңыз қылып айту ғана қалды. Бұл – өз алдына. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды» дегендей, импорт алманың әлеуметтік жағымен қатар, экономикалық кері ықпалы зор болып отыр. Яғни ішкі нарықтағы сұранысты сырт ел қамтамасыз ету арқылы халықтың қалтасындағы қаржы сырт елдің экономикасына құйылуда. Айталық, өткен жылы Қытайдан 27 мың тоннадан астам алма импортталыпты. Ал оның АҚШ долларына шаққандағы құны 19 млн доллардан асып-жығылып отыр. Бұған тағы Польша мен Қырғызстаннан келетін алманың үлесін қосайық. Польшадан өткен жылдың қаңтар мен қазан айларының аралығында 31 мың тонна алма импортталыпты. Құны – 15 млн АҚШ доллары. Айыр қалпақты ағайындар 24 мың тонна алма әкеліпті Қазақстанға. Оның жалпы құны 8 млн доллардан асып-жығылыпты. Бұл – алманың басындағы «ахуал». Алмадан бөлек, сырттан алатын алмұрт, жүзіміміз тағы бар. Әлгі цитрустық жемістерді айтпағанда.
«Алматының алмасы қырдың қызыл гүліндей…» еді…
Сонда есіңізге Алматының алмалы бақтары түседі. Рас, бүгінде дүкендердің сөресінде «апорт» деп айдарланған алмалар сіресіп тұр. Бірақ ол Алматының баяғы апорты емес. Бәлкім, Қытай, бәлкім, Польша… Алманың отаны – Алматынікі емес тек.
Жер жаннаты – Жетісудың алмасы бір аймақты ғана емес, бүтін елді қамтуға қауқары жетер еді. «Ағылшын ғалымдары әлемдегі ең тәтті алмалардың ең алғаш Алатау бөктерінде өсірілгенін дәлелдеді» деген деректі де оқыған едік. Елбасы да апортты қалпына келтіру туралы қатаң тапсырма берген…
Айтпақшы, жаңылмасақ, 2006 жылы БҰҰ шешімімен Алматының апортын қайта жаңғырту мақсатында ғаламдық бағдарлама арқылы «Қазақстанның таулы аймағындағы алуан түрлі бау-бақшаны, оның ішінде, апортты сақтап қалу» жөніндегі халықаралық бағдарламаға сәйкес, шетелдерден 6,5 миллион АҚШ доллары көлемінде донорлық көмек бөлініпті. Содан бері жеті жылға жуық уақыт өтіпті. Сол шараның шарапаты қайда? Алмасы кәне?! Беймәлім. Тағы икс.
Алматының апорты алаулап көзден ұшқалы алма таңдау әдіс-амалымыз да өзгерді. Бұл күнде өз басымыз сатушыға да, алмаға да сенбейміз. Алманың сапасын анықтайтын жалғыз-ақ барометріміз пайда болған. Ол – кәдімгі құрт. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Құртыңыз импорттық алмаға түспейді. Осы күні құрт түскен алма көрсек, қуана аламыз. Құрттың бір білгені бар шығар деп. Өйткені Жасағанның жаратқан бұл жәндігі «әке-көкелесеңіз» де, қытай мен поляктың алмасына аттап баспайды. Бізден ақылды. Әрине, миы жеткендіктен емес, жәндіктік жаратылысы дәрі-дәрмек химиядан зәрезап болғандықтан, сірә.
«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шығар түрі бар»
Сарапшылар «2020 жылға қарай қара қытайыңыз жеміс-жидегінің импортын екі есеге арттырады» деп отыр. Бүгінде посткеңестік елдерге алмасының 30 пайызын экспорттайды екен. Оның ішінде біздің ел де бар. Сондықтан алмалы бақтардың бабын табу бүгінгі күннің ертеңге қалдыруды күтпейтін өзекті мәселесі болуы тиіс…
Жансая БОРАНБАЙҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Дүкендерде, базарда сатылатын қытайлық алма екенін білеміз. Бірақ біле тұра, аламыз. Амалсыздан, өйткені басқа алма жоқ. Күздің кезінде қырғыздың алмалары келеді. Сол кезде ғана қырғыз алмасын сатып ала аламыз. Басқа уақытта жейтініміз де, дастарқанға тартатынымыз да – импорт алма. Ал олардың дәмі қандай екенін жұрт жақсы біледі. Сонда да алуға мәжбүр. Өзіміздің алма болса, қуана-қуана сатып алғандаймыз. Алайда ол жоқ қой.
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды
Алаш айнасы газетiнен алынды
фото Нургиса Елеубековтыкi