Азаматтарының Сирия мен Ирак жеріндегі «Ислам мемлекеті» соғыскерлерінің қатарына кетіп жатқаны Қырғызстанның әлеуетті органдарын да әбігерге салуда. Республиканың Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) бұл туралы ақпараттарына немқұрайлы қарау қиын.
Сирияға, негізінен, 16 жастан 28 жасқа дейінгі жастар тартылуда, агенттер жасырын, интернет парақшалары арқылы «Ислам мемлекетінің» қатарына кіруге үгіттеумен қоса, «білім алуға, жұмыс істеуге және дем алуға» шақыруда.
Штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан «Халықаралық дағдарыс тобы» ұйымы осы жылдың басында таратқан баяндамасында Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» террорлық топтарының құрамында Орталық Азия мемлекеттерінің 2 мыңнан 4 мыңға дейінгі адамы бар екендігін жариялаған. Ұйымның Орталық Азия бойынша жетекшісі Дейрдре Тайнан немістердің «Deutsche Welle» газетіне берген сұхбатында: «Ресми Ташкент 500 өзбек жауынгері бар дегенімен, олар 2500-ден көп болуы мүмкін. Ош қаласынан 500 этникалық қырғыз бар», – деді. 500 болмаса да, Қырғызстанның ресми деректері соғыс әрекеттері болып жатқан жерлерде 352 қырғызстандықтың жүргенін, 49 адам қайтыс болғанын, 23 адам ол жақтан өлкеге қайтып келгенін растап отыр.
Ақпан айында Ош облысының Қарасу ауданының имамы Рашод Камалов «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысты бар деп тергеу абағына қамалған. Оған «Сирияға баруға адамдарды азғырып жүр» деген айып та тағылған. Тексеру барысында имамның төңірегіндегілерге тиесілі деген үгіттік мазмұндағы 500 DVD-диск, флеш-карталар, кітаптар және брошюралар табылған.
Наурыз айында Тәжікстанның үш азаматын Ош-Стамбул рейсімен Түркияға, одан әрі Сирияға баруға әзірленіп жатқанда Ош әуежайында ҰҚК-нің қызметкерлері ұстаған.
Сәуір айында Ыстықкөл облысынан 5 жанұя және басқалар болып, барлығы 20 адам Сирияға кеткені мәлім болған. Оның он екісі әйел, ішінде жүктілері де бар, сегізі ер кісі.
Өткен жылы Ош облысының Нариман ауылынан бір әйел Сирияға барып тұрақтаған. Ол интернет арқылы оштық үш әйелмен танысып, олардың балаларын Түркиядағы медреседе оқытқызамын деп облыстағы сыбайластары арқылы 3 әйелге және олардың 6 баласына 2015 жылдың 4 мамырында Ош қаласынан ұшатын әуе рейсіне билет саттырып әперген. Олар әуежайда ұсталды.
Мамыр айының соңғы күндерінде төрт баласымен Сирияға кетуге қамданып жатқан 30 жастағы Үмид Мавлянова деген келіншек Қазақстанның шекарасына жақын Қарабалта қаласында ІІМ қызметкерлерінің қолына түсті. Балаларынан бөлек оның жанында тағы екі серіктесі болған. 16 жасар Хожиакбар Рахманбердиев «Сирияға баруға адамдарды арбап жүрген» деген айыппен іздеу салынған 25 жастағы Диербек Қасимовтың туысқаны болып шықты. Диербек Қасимов қазір Сирияда тұрады. Оның тапсырмасымен Хожиакбар азаматтарды Сирияға апаруды ұйымдастырып жүрген екен. Ол алдын ала тергеу барысында 15 қырғыз азаматын Қазақстан арқылы Сирияға жөнелткенін мойнына алды. Бұл жолы өзі де Сирияға бет алған. Екіншісі –Ош облысының тұрғыны, 23 жастағы Алаудин Абдувапұлы. Қырғызстанға балаға шетелге шығатын құжат алуда әкесі де, шешесі де қол қоюы керек. Ү.Мавлянова төрт баласына шетелге шығатын құжатты заңсыз жолмен жасатып алған. Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген күйеуі әйелінің әрекетінен мүлде хабарсыз екен.
Мұндай ақпараттардың бәрін ұзақ санамалауға тура келеді.
Көктемде Қырғызстанның шығыс түкпіріндегі Нарын қаласында «Діни мағлұматтар және дінтану» атты симпозиум өтті. Алқалы жиынның бұл қалада өтуінің себебі бар. Нарын облысы қырғыздың салт-дәстүрін жақсы сақтап қалған аймақ болып есептеледі. «Әсіре исламшылдық» идеология бұл өңірге де дендеп кіріп келеді. Осы симпозиумда вице-премьер-министр Абдырахман Маматалиев республикада 2 мың 600 діни ұйымның, 2 мыңнан аса мешіттің бар екендігін айта келіп, билік тарапынан «халифат құру» идеясына қарсы идеологиялық күрестің әлсіз жүргізілетінін мойындады. «Біздің шекаралардан «Ислам мемлекеті» алыста болғанымен, оның идеологиясы біздің қоғамымызға ене бастады. Оның куәсі – Сириядағы соғыс қимылдарына қатысу үшін Қырғызстан азаматтарының легінің көбейіп жатқаны», – деді ол жиында.
19 мамырда Қырғызстанның Қорғау (Қауіпсіздік) кеңесінің жиналысында ҰҚК-ның төрағасы Бұсұрманқұл Табалдиев Қырғызстанның азаматтарын Сириядағы соғысқа тартудың әдісі жетілдіріліп жатқанын хабарлады. «Интернет арқылы насихаттау күшеюде, мұнда мұсылман діні бойынша сауатсыздық, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік, адамдардың психологиясының әртүрлілігі еске алынуда», – деді бас чекист.
ІІМ-нің мәліметінше, жыл басынан бері адамдарды жалдап шетелге жіберудің 93 фактысі тіркелген.
Жақында Ош облыстық прокуратурасы Ош облыстық сотына «Джабхат ан-Нусра», «Катибат аль-Имам Бухари», «Жаннат Ошиклари (Ғашықтары)» және «Ислам мемлекеті» ұйымдарының бөлімшелерін лаңкестік деп есептеп, олардың ісіне республикада тыйым салу керектігін ұсынған құжат тапсырды.
23 сәуірде қызметін тастап кеткен Тәжікстанның арнаулы милиция отрядының командирі, полковник Гүлмурод Халимовтың «Ислам мемлекетінің» әскерінің құрамына қосылатыны туралы 27 мамырдағы мәлімдемесі шошытпай қоймайды. Ол қарапайым адам емес, Ресейде және АҚШ-та әскери жаттығулардан өткен тәжірибелі офицер.
Сирия мен Ирак мемлекеттерінің ортасын жаулап алып, біраз жерді иеленген «Ислам мемлекеті» соғыс әрекеттерін тынымсыз жүргізіп, Сирия мен Иракты тұтас өзіне қаратып алуды мақсат етіп отырғаны анық. Тіпті, Ауғанстанды билегісі келетінін жасырмайды. Басып алған жерлеріндегі банктарды тонау, мұнай көздерін иелену және басқа да жолдар арқылы «мемлекеттің» бюджеті қазіргі күнде 7 миллиард долларға жеткенге ұқсайды. Кейбір деректерге қарағанда, өткен жылдың қараша айында «Ислам мемлекетінің» жауынгерлері 200 мыңдай болған. Олардың құрамында жоғарыда айтылған ортаазиялықтардан тыс, 1500 ұлыбританиялық, 650 германиялық, 1700 ресейлік, көпшілігі Шешенстаннан, 300 тәжікстандық азамат бар. Ұйым жетекшілері ядролық қаруға да қол жеткізуді жоспарлап отыр. Солтүстікке қарай ұмтылған олар күн өткен сайын Тәжікстанның шекарасына жақындап келеді.
Қырғызстанның «Дін, құқық және саясат» тәуелсіз талдау орталығының директоры Қадыр Мәликовтың айтуынша, «Ислам мемлекетінің» жауынгерлерінің арасында орта азиялықтардың тобы құрылған, Қырғызстанның оңтүстігінде және Өзбекстанда жағдайды тұрақсыздандыру үшін ұйымнан 70 миллион доллар бөлінген деген нақты емес мәлімет бар.
ТМД елдерінің басшылары, әлеуетті органдары Сирия мен Иракта болып жатқан оқиғаларды жіті қадағалауда. 26 мамырда Душанбе қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтерінің жетекшілерінің кеңесі өтті. Онда «Ислам мемлекеті» (Ирак және Левант ислам мемлекеттері) ұйымы тарапынан болуы мүмкін лаңкестік шараларға қарсы әрекеттер жөнінде мәселелер талқыланды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, Қырғызстан
http://turkystan.kz/