АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қырғыздар қырғын салып жүрген арықтың ақыры не болды?

каналҚырғызстанның Талас облысы Қарабұрын ауданы жерінен ағып өтіп, Қазақстанның Жамбыл облысы Жуалы ауданының жеріне жететін бірде Ахмед каналы, бірде Быстроток жармасы аталып жүрген арықтың аты бірінші рет жалпақ жұртқа биылғы жылғы 7 шілде күні кеңінен мәлім болды. Бұған себеп аталған қырғыз ауданының тұрғындары сол күні каналдың Қазақстанға кететін арнасын жауып тастап, өздерінің билікке деген қарсылығын білдірді. Мұның жай-күйі мен содан соңғы жалғасы туралы «Фергана.News» таратып жазды.

Қырғыз айылының тұрғындары өздерінің осы әрекеттері арқылы 2001 жылы қол қойылып, 2008 жылы ратификациядан өткен Қырғызстан мен Қазақстан елдері шекарасының делимитациясы мен демаркациясына келіспеушіліктерін білдірмек болған. Олар бұл жұмыстар дұрыс жүрмегендіктен, жер бөліс кезінде телімнің көп бөлігі қазақтарға кетіп қалды деп дау соққан. Осыған байланысты билік өкілдері келісімді қайта қаруға ешқандай мүмкіндіктің жоқ екенін, себебі, құжатта оның мерзіммен шектелмейтін етіп жасалғанын және денонсацияға жатпайтыны көрсетілгенін түсіндіріп баққан. Сол кезде қырғыздар өздерінің екінші талабын қойған. Ол бойынша сол кезде осы құжатты дүниеге келтірген адамдардың бәрі, — президент Асқар Ақаевтан бастап, айыл әкімдеріне дейін жазаға тартылуы тиіс болды.

Қырғызстан үкіметі даукес ағайындарын арада он күн өткеннен кейін Қазақстанмен арадағы келісімнің қайта қолға алынатынын айтып барып қана каналдың қайтадан ашылуына қол жеткізді. Алайда, дау мұнымен де бітпеді. Айылдағы қырғыздар енді өздері тұратын Көксай селосында осы мәселені зерттейтін халықтық комиссия құрды. Олар осы күндері қырғыздың Көксай және Қайнар селоларының арасымен тілік болып қазақ учаскесінің өтетінін, мұның өзі екі айылдың бір-бірімен қатынасын қиындатып, артық 15 шақырым жер жүруге мәжбүр ететінін айтып зарлады. «Кеңес заманында бұл жерде әскери совхоз болды. Жерді оған Қазақстан бөлді. Бірақ шаруашылық жайылымдық жерге, айдамалы алқапқа, ағын суға зәру болғандықтан, оларды Қырғызстанға қарайтын бөліктен алды. Ал Одақ тарағаннан кейін, біздің жеріміз өзімізге қайтуы орнына, қазақтарға кетіп қалды. Осыдан келіп, ортада әлгіндей тілік сына пайда болды», — дейді жоғарыда құрылған комиссияның мүшесі Расул Насирдинов «Фергана.News» тілшісіне.

«2012 жылы жоғарыдан болған бастамаға сай, Қайнар селосында бұл жерді ауыстырып алу мүмкіндігі талқыланды. Бұған село тұрғындарының бір бөлігі келісті, бірақ алмасу тең дәрежелі және заңды негізде болуы керек деп шештік. Сол сияқты 65 тұрғын өз жерлерін беруге келісті. Алмасу тамыз айында болды. Қазақтар содан кейін парламенттің шешімін күтпестен, демаркациялық бағаналар қоя бастады», — деп түсіндіреді бұдан әрі ол.

Қырғыз селосының тұрғындары бұдан кейін де тыншымайды. Олар енді өздеріне айырбас кезінде қырғыз билігі басқа картаны көрсетіп, алдап жіберген дейді. «Бізге көрсетілген картада айырбас біз үшін соншалықты ауыр тиетіндей емес, онда тек муниципалитет жері ғана кеткен сияқты еді», — дейді жоғарыдағы Насирдинов. Бұлар осыдан кейін каналды жабуға шыққан.

Бұдан арғы оқиға нағыз шырғалаңға айналады. Енді қырғыз билігі ауылдастар айқайына құлақ асуды қояды. «Сендер толық денонсациядан бас тарт деп отырсыңдар. Біз оған бара алмаймыз деді биліктегілер. Ал біз олай деген жоқпыз. Біз тек келісімнің 2-бабына ғана өзгеріс енгізуді сұрадық» , — дейді Насирдинов. Оның айтуынша, олар сендер өздерің сора егетін болғандықтан, сол жерлерді қазақтарға бергілерің келмей отыр деп дау соғады. Бұған қоса, биліктегілер комиссия мүшелерінің бірінің үйінен бірнеше кило сора тауып ала қояды. Мұны бұлар билік тарапынан болған арандату деп санап отыр.

«Таза каналдың өзіне келсек, ол қырғыздардың мүддесі үшін қазылған болатын, — дейді Насирдинов. – Бірақ әскери совхоз пайда болғаннан кейін оны сондағылар да пайдалана бастады. КСРО тарағаннан кейін барлық мал-мүлік екі жақтың бөлісіне түсті, сонда жасанды су құрылысы ретінде канал да бөліске түсуі керек еді. Бірақ мұны ешкім істемеді».

Ал «Фергана.News» тілшілері тақырыпты өз беттерінше үңгіп зерттеу үшін бұдан да ары кетіпті. Олар енді шекара мәселелері бойынша жауапты вице-премьер-министр Токон Мамытовпен кездесіп, әңгімелеседі. Әлгінде айтылған канал бойынша айыл тұрғындарымен келіссөз жүргізген де сол екен. Сонда ол 2006-2010 жылдары Үлкен сына деп аталып жүрген әлгіндегі жер учаскесін қырғыздың басқа жерін қазақтарға беру арқылы қайтарып алмақ болып үкімет пен парламентті хаттың астында қалдырған Көксай ауылының Ш.Мәмбетов бастаған тұрғындарының өздері екенін айтады. Мұның себебін олар мал жаятын жердің қалмағанымен, жайылымға бару үшін айналып баруға тура келетінімен түсіндірген. Осыған орай Қазақстан жағымен алмастыру болуы мүмкіндігі жөнінде келісімге қол қойылады. Соның негізінде Қырғызстан Үкіметі 2012 жылы Қырғызстанның Шу және Талас облыстары, Қазақстанның Жамбыл облысы әкімдеріне жер алмасу мүмкіндіктері мен жолдарын қарастыру туралы міндет жүктеген көрінеді. Сол екі ортада осының бәрін бастап жүрген Ш.Мәмбетов қайтыс болып кетеді де, селолық кеңес жер комитетінің басшысы Әмір Парпиев орнынан алынады. Оның орнына халық комиссиясының төрағасы келеді. Осы кезде алмасуға разы емес, жерлерін бергісі келмейтін айылдастар бас көтереді. Мұның соңы екі мемлекет арасындағы денонсация туралы келісімнің күшін түгел жою жөніндегі мәселеге ұласып кетеді.

Токон Мамытовтың айтуынша, Быстроток каналы, керек десеңіз, Қырғызстан балансында тұрған да жоқ. «1991 жылы бөліс басталғанда, каналды өз балансымызға алуымыз керек еді, бірақ бізде оның құрылысына жұмсалған қаржының Қырғызстаннан бөлінгенін растайтын құжаттар болмай шықты. Сондықтан әскери совхоз қазақ жағына қарайтын болғандықтан, канал да соларға кетті. Басында бұл каналды Ахмед деген қырғыз қазған екен. Бірақ кейін қазақтар оның арнасын кеңейтіп, бетон салған, — деп түсіндіреді Т.Мамытов. – ТМД құрылған кездегі келісімге сай, құрылысқа Одақтың қаржысы жұмсалса, оны кейін құрылыс кімнің жерінде тұрса, сол алуға тиіс болатын. Ал егер ақша өзбектердікі немесе тәжіктердікі болса, біз оның кімге тиесілі екенін бейбіт жолмен шешу үшін ұзақ уақыт ақылдасып барып, бір шешімге келген болар едік. Мына айтылып отырған канал өзінің басын қазақ жерінен алады да, біздің жеріміздің аумағымен 12 шақырым жүріп өтіп, қайтадан Қазақстанға бұрылады. Ол Қазақстанның балансына алынған».

Міне, мәселенің мәні қайда!

Кездесудің соңына қарай Т.Мамытов тілшілердің көзінше өз елінің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қоңырау шалып, Быстроток каналындағы кейінгі өзгерістер жайын сұрайды. «Естіген жаңалығымыз қырғыздар үшін мұңдылау болып шықты. Қазақтар даудан шаршамайтын қырғыздармен ешуақытта тоқтамайтын талас пен жанжалды келіссөзді жүргізуді қош көрмей, Быстротоктың суы бірден өз елдерінің жері арқылы ағатындай етіп жаңа канал қазуға кірісіпті. Сол канал іске қосылған кезде, одан қырғыз жеріне қарай бір тамшы да су ақпайды», — деп түйіндейді тілшілер.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі су шаруашылығы департаментінің мәліметі бойынша, каналдың қазақ территориясы арқылы ағатын айналма арнасының құрылысы жобасы бекітіліпті. Қазақстан Үкіметі оның құрылысына қажетті ақшаны толық қарастырып, бөліп қойыпты. Жұмыс 2014 жылы көктемде басталады. Біз, міне, осылай өзімізге өзіміз бар пәлені жасап алдық. Әйтпесе, соны жаппай-ақ, тегін суды алып отыра беруге болатын еді ғой. Енді біздің селолар тұрғындарына су сұрап, қазақтарға қол жаятын боламыз», — дейді соңында Т.Мамытов.

Біздің бұған «Дауа болған екен!» деп разылықпен айтылатын бір-ақ ауыз сөзден басқа қосып-аларымыз жоқ.

Сәкен Майлыбай.

Егемендi Казакстан газетiнен алынды