Қырым «билігі» Украина мен түбек арасындағы байланысты барынша азайтуға тырысып жатыр. Қырымға Украинадан жүк жеткізу қиындады.
Алдымен украиналық банктер ерікті-мәжбүрлі түрде (қырымдықтардың қаржылық активтерімен бірге) кеткен соң мобильдік операторлар да ізін суытты. Енді жүк таситын операторлардың кезегі жеткен сияқты.
Украинаның құрлықтағы бөлігінен Қырымға жүк жеткізу қиындап барады, себебі көліктер шекарада екі мәрте тексерістен өтеді. Украинаның жүк таситын ірі операторы — «Новая почта» осының кесірінен Қырым түбегіне қызмет көрсетуді тоқтатты.
Мәселенің қаншалықты қиындағанын білу үшін «Крым.Реалии» басылымы Қырымға сәлемдеме жіберіп көрген еді.
Қырымға жүк тасуға қатысты қиындықтар сәуірде басталды. Сол
кезде Украинаның почта байланысына жауапты мемлекеттік мекемесі «Укрпочта» түбек тұрғындарына қызмет көрсетуді доғарды. Бұл мекеме түбектегі мүліктің бәрін «өз иелігіне өткізуге» көшкен Қырым «билігінің» қырына ұшырады. Сондықтан «Укрпочтаның» барлық ғимараты мен әкетіп үлгермеген дүние-мүлкі бір сәтте жаңадан құрылған «Крымпочтаның» меншігіне өтті.
«УКРПОЧТА » МЕН «НОВАЯ ПОЧТАҒА» ЖАСАЛҒАН ҚЫСЫМ
Ал «Укрпочта» көліктерінің түбек аумағына кіруіне ресейлік шекарашылар мен «халық жасақтары» тыйым салды. Осылайша, көктемде мекеме Қырымға қызмет көрсетуді доғаруға мәжбүр екенін мәлімдеді. Бірақ қыркүйектің басына дейін «Укрпочта» қырымдықтар жазылған украиналық мерзімді басылымдарды жеткізіп тұрған еді. Енді бұл шаруаны атқару да қиынға айналды.
«Укрпочтаның» баспасөз қызметі «Крым.Реалий» басылымына «ресейлік шекарашылар кәсіпорынның барлық автокөліктерін ақтарып тастайтынын» хабарлады. Мекеме өкілі «Олар Украина басылымдарын Қырымға әкелуге болмайды деген уәж айтады» дейді.
Оған қоса, мекеме әзірге Қырымдағы «тәркіленген» мүліктерін қалай қайтарып алатындарын білмей отыр. «Бұл тек Укрпочтаға қойылатын сауал емес. «Укрпочтаның» баспасөз қызметі «Бұл тек біздің мекеменің проблемасы емес шығар. Бұл Қырымды Украинаға қайтару мәселесінің бір қыры болуы тиіс» дейді.
«Укрпочта» Қырымнан кеткен соң жергілікті тұрғындар сыртқы әлеммен байланысу үшін коммерциялық жүк тасымалдаушылар қызметіне жүгінді. Түбекте мұндай операторлардың ішіндегі ең танымалы — «Новая почта» еді. Қырымда бірнеше желісі бар компания соңғы айларда түбек тұрғындары мен заттарын Укриананың құрлық бөлігіне алып кеткісі келген қоныс аударушыларға да қызмет көрсетті. Бірақ енді «Новая почта» да қызмет көрсете алмайды. Кәсіпорынның Қырымдағы қызметін тоқтатқанына бір айдай болды.
«Новая почта» өкілдері «Жүк таситын мүмкіндігіміз жоқ. Көліктерімізді Қырымға кіргізбейді және Ресей шекарасынан өткізбейді» деді кәсіпорын. Қазір бұл оператордың түбекте жұмыс істеген барлық бөлімшелері жабылып қалған. Тек Симферопольде Рубцов көшесіндегі 44-үйде бір ғана бөлімше қалды. Мұнда Украинаға жіберілмей қалған жүктерді иесіне қайтарып береді. «Новая почта» түбектегі қызметіміз «уақытша тоқтады» дейді. Бірақ қашан іске қайта кірісетіндерін айта алмайды.
ҚЫРЫМҒА ЖҮК ТАСУ ҚЫМБАТ ӘРІ СЕНІМСІЗ
«Крым.Реалии» әзірге Қырымға жүк тасу мүмкіндігі бар бірнеше танымал операторларға хабарласты. Украинадан түбекке және түбектен Украинаға жүк жіберуге әлі де болады екен, бірақ бағасы шарықтап кеткен.
Ең арзан қызмет ұсынатын City Express компаниясы болып шықты. Мәселен, олар салмағы бес килограмм сәлемдемені Қырымға 166 гривенге жеткізеді. Алайда алушы сәлемдемені алты күн (жұмыс күні) күтеді, өйткені екі шекара арасында көліктер кейде үш күндей тұрып қалады.
Бір қызығы, сәлемдемені Қырымға жеткізіп беруге DX-Ttrans компаниясы да дайын болып шықты. Бұл мекеме құрылыс материалдары мен техникаларды ірі көлемді таситын еді. Сондықтан, оның қызметі де арзанға түспейді – компания шамамен 1-1,2 мың гривен сұрайды. Оның үстіне, түбекке затыңызды аман-сау жеткіземін деп кепілдік бермейді.
«Қырымға жүк тасу – күрделі мәселе. Алушы жүк жеткен кезде ғана ақысын төлейді, материалдық тұрғыда шығын шекпейсіз. Бірақ сәлемдемені қайтарып берсе, біз ештеңе істей алмаймыз. Ресей қазір Қырымға көлік жібермейді, құжат, куәліктер сұрайды. Қазір тек құрылыс материалдары ғана кедергісіз жетеді. Қалған жүктердің машақаты көп» дейді кәсіпорын өкілдері.
DX-Ttrans қызметкерлерінің дерегі бойынша, Қырымға жүкті апарғаннан гөрі алып шыққан оңай. «Жүк пен сәлемдемені Қырымнан оңай жеткізуге болады. Алушыға оңай жеткіземіз. Бұл жерде жүкті украиналық шекарашылар тексереді» дейді DX-Ttrans өкілі.
Қырымға жүк жеткізетін «Автолюкс» атты тағы бір тасымалдаушы бар. Бірақ кәсіпорын сәлемдемені тексеріп алады. «Автолюкс» өкілі «Қырымға жүк салған адам өзі мен алатын адамның төлқұжат деректерін және ол заттарды өндірген елдерді көрсетуі тиіс. АҚШ, Норвегия, Канада, Австралия және Еуроодақ елдерінде жасалған заттарды Қырымға тасымаймыз» дейді.
Одан бөлек, олар түбекке құны 5 мың гривеннен аспайтын жүкті ғана апарады. Заттың бағасын жүк жіберуші өзі шамамен бағалап, декларацияға жазады.
Тауарды өндіруші елді көрсету туралы талапты «Автолюкс» қызметкерлері «Қырым билігінің талабы» деп түсіндірді. Олар «Әйтпесе, жүкті ресейлік шекарашылар жібермейді» дейді. Бұл компания өкілдері де Қырымға жүкті шамамен бір апта ішінде жеткізетіндерін айтады.
ЖОЛСЕРІКТЕР БАҒАНЫ ШАРЫҚТАТЫП ЖІБЕРДІ
Коммерциялық жүк тасушы компаниялар айтқан осы кедергілерден айналып өтудің бір ғана жолы қалады. Ол — бұрыннан белгілі тәсіл, яғни жүкті түбекке жүретін пойыздың жолсерігінен беріп жіберу. Оған ешқандай құжаттың керегі жоқ, сәлемдемеңіз жолсеріктің купесінде жатады, көбінесе оны ешкім тексермейді. Бірақ жолсеріктер сәлемдеме алудың бағасын көтеріп жіберген.
Қырымда тұратын Валентина «Жұбайым екеуіміз қыркүйектің басында Украинаға кеткен қызымызға жылы киімдер жібердік. Ресейлік шекарашылар қатаң бақылайтын Джанкой сияқты қаланың өзінде жолсеріктер сәлемдеме алудан қашпайды. Бірақ Қырымнан Киевке баратын бір сөмке үшін – 150-200 гривень сұрайды. Бұрын әлдеқайда арзан еді. Қазір адамдардың басқа амалы жоқ екенін көріп, пайда тапқылары келетін сияқты» дейді.
Ресей шекарашылары Қырымға Украинадан келетін жүктің жолын бөгеп жатқанда, түбектен Ресейге жүк таситын компаниялар пайда болды. Мәселен, Симферопольден Мәскеуге баратын жүктің бір килограммы – 300 рубль (90 гривеньге жуық). Ал Мәскеуден Симферопольге дейін 20 тонналық жүк көлігін жалдасаңыз, 81 мың рубль (24 мың гривень шамасында) төлейсіз. Бұл компаниялар жүкті тек автокөлік немесе пойызбен ғана емес, теңіз және әуе арқылы да тасимыз деп отыр.
(Виктория Веселованың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)
http://www.azattyq.org/content/ukraine-and-crimea-communication/26607013.html