АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ҚЫТАЙ БИЛІГІ КӨЛІК АПАТЫНА ДА ҰЙҒЫРЛАРДЫ КІНӘЛАУДА

китайҚытай астанасы Бейжиң қаласындағы Тяньаньмэнь алаңында қазанның соңғы күндері көлік апаты болған-ды. Бір джип алаңда жүрген туристерді қағып-соғып, сол жерде жанып кеткен-ді. Reuters агенттігінің хабарлауына қарағанда әлі жол-көлік оқиғасынан 5 адам қаза тауып, 40-қа жуық адам жараланыпты. Ал, Қытай билігі мұны Шығыс Түркістанның азаттығын аңсаған ұйғырлардың ісі ретінде бағалап отырған жайы бар.

Ақпарат құралдары қытай полициясының Бейжіңдегі қонақ үйлерді тексеріп, ұйғырлардың бар-жоқтығын анықтап жатқандығын жазады. Себебі, әлгі көлікте Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданына тән номер болған көрінеді-мыс. Көлікті көргендердің әңгімесі осы. Сол себепті, қытайлар ұйғырларға соқтығудың тағы бір амалын қарастырып жатса керек. Әрине, көліктің жүргізушісі де, онда болған екі адам да қаза болыпты. Бірақ, қытайлар тағы екі ұйғырды іздестіріп жатса керек. Ал, бірқатар сарапшылар Тяньаньмэнь алаңында болған жол-көлік оқиғасын шынымен де ұйғырлардың ісі деп бағалап отыр. Өйткені, Шығыс Түркістандағы ұйғырлардың Қытай билігіне өкпесі қара қазандай. 1949 жылдан бері аймақты қытайландыру үшін Бейжиң қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Шығыс Түркістан мемлекетін Кеңес одағынан «сатып» алды, көтерілістерді басып-жаншыды. Жыл сайын түрлі сылтаумен түрлі сылтаумен ұйғыр халқын қынадай қырып жатыр. Мәселен, 2009 және 2011 жылы Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғырлардың наразылығын қарудың күшімен басып, көптеген адам мерт болған еді. Олар ірі толқулардың қатарына кіреді. Ал, тұрмыстық деңгейдегі оқиғалар ретінде сипатталатын, бірақ ұйғырларға қарсы жасалып жатқан қысым бұл елде күн сайын тіркеледі. Тіпті, кейде ақылға сыймайтын сылтаулар айтатыны бар Қытай билігінің. Мысалы, 2012 жылдың наурыз айында Қытайдың арнайы жасағы Корла қаласының маңында бірнеше ұйғыр азаматын өлтірген. Өйткені, олар Қытай билігіне қарсы шықпақ ниетте болыпты-мыс. «Террорист екен. Қытайға қарсы шығу үшін садақ пен бокс қолғаптарын әзірлепті.Тінту кезінде үйлерінен екі садақ пен бокс қолғаптары шыққан. Өздері әскерлерге қарсы бөтелге мен пышақ алып жүрген. Сол себепті әскерлер оларды өлтірді». Қытай ақпарат құралдары ұялмай-қызармай осындай дерек таратқан сол кездерде. Яғни, азаттық аңсаған ұйғырлар қозыжауырын жебені нысанаға дәл қадайтын садақшы-мергендер мен ханзуды ұрып жығатын боксерлер дайынтапты қытайға қарсы. ХХІ ғасырда. Міне, ұйғыр ұлтын қырып-жою үшін Қытай билігі осындай ақылға қонымсыз «әңгімелер» де айтатыны бар. Тяньаньмэнь алаңындағы оқиғадан да қытайлар ұйғырдың қолтаңбасын іздеуі содан.
«Жебе» газеті, 31 қазан 2013 жыл